Біз мемлекет құрудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Мемлекет басшысы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалды республикалық референдумға шығару туралы қаулыға қол қойды. 27 жылдан кейін екінші рет қолға алынып отырған осынау саяси іс-шараны іске асыруға барша қоғам белсене кірісіп, нәтижесін де саяси науқан да мәресіне жетті.
Референдумға қатысуға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрайды. Ал бұл 6 163 863 адам. Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрап отыр. Осылайша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адамды құраған
Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды халыққа дұрыс жеткізу мақсатында «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Түрлі диалог алаңдарында, еңбек ұжымдарында дәрігерлер, мұғалімдер, жастар, қоғамдық көшбасшылармен, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық орта өкілдерімен кездесулер өткізіп қана қоймай, барлық реформалардың қоғам мен әрбір азамат үшін маңызын қарапайым тілмен жеткізілу керек екеніне назар аударылды.
Конституцияға енгізілетін демократиялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ғана емес, мемлекеттік аппарат қызметіне де елеулі серпін береді.
Мақсат Серікұлы Абдукаримов
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық кеңесінің төрағасы
Leave a Reply