tories/Askar_Myrzakhmetov.jpg» width=»230″ height=»322″ alt=»Askar_Myrzakhmetov» style=»float: right;» />
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі осы аптада 2013 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады. Осы уақытқа дейін аудан, қала, басқарма, департамент басшыларының есебін тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов халық алдындағы есебін Нұрсат мөлтек ауданындағы «Көрме орталығында» өткізді. Әкімнің есебін тыңдауға халықтың қарасы көп болды. Сонымен бізде не бар?
Шымкент үшінші қала
2013 жылы облыс аумағында айтарлықтай өзгерістер орын алып, оңды жұмыстар атқарылған. Нәтижеде ең бастысы облыста жұмыссыздардың саны азайыпты. Қазақстанда үшінші қала атануға ұмтылған Шымкент қаласында бірқатар ірі мәдени нысандардың құрылысы аяқталған. Олардың ішінде алқалы жиын өткен «Көрме орталығы», «Отырар» кітапханасы бар. Болашағы күмәнді елдімекендердің тұрғындарын облыс орталығына көшіріп алып, арнайы бағдарламаға орай тұрғын жай салып орнықтыру барысында атқарылған жұмыстар қала тұрғындары санының арта түсуіне айтарлықтай әсер еткен.
Бүгінде жүріп жатқан құрылысының өзіне көпшілік тамсана қарап өтіп жүрген «RIXAS» қонақ үйі осы жылдың жаз айларында қолданысқа берілмекші екен.
Әкім есебіне қарағанда 2013 жылы кәсіпкерлікке көрсетілген қолдау мен көмектің орны ерекше болған. Кәсіпкерлерді қолдау арқылы ауылшаруашылығы яғни, егін мен мал шаруашылығына тың серпін берілген. Бір ғана мысал облыста «Сыбаға» бағдарламасы 123% орындалған. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы және өндірістің кеңеюі есебінен 28315 жұмыс орны ашылған.
—Елбасымыздың өзі айтқандай Шымкент Қазақстандағы үшінші қала. Сән-салтанатымыз, сәулетіміз, мәдениетіміз үшінші қалаға лайықты болу үшін бізбен сіздердің атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп. Жоспар бойынша алдағы жылдары облыс орталығында 500 орындық драма театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, әдеп-ғұрып орталығы,көркем-сурет галереясының көрме залы,»Түркістан» салтанат сарайы іске қосылатын болады. Облыстық маслихат, әкімдігінің және оған қарасты басқармалар ғимаратының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Осылайша обылс орталығында көптеген сәулетті ғимараттар бой түзеп, талай тың жобалар жүзеге асатын болады. Қаламыз көз тартар сұлу қалаға айналады. Еліміздің экономикасының өсуі, қаламыздың гүлденуі тек билік басындағыларға ғана емес, сіздерге де байланысты. Сондықтан өсіп-өркендеуде әрбір азаматтың үлесу болу керек»-деп ерекше атап өтті облыс әкімі өз есебінде.
Халық не дейді?
Қазығұрт елді-мекенінің тұрғыны, Төле Ағабеков: -Біздің Қазығұртта қазір адам саны көбейіп кеткенін білесіздер. Соған орай бізге дені дұрыстау мектеп керек болып тұр. Мектебіміз жоқ емес бар. Бірақ сол мектептердің көбі апатты жағдайға келмесе де, қазіргі заманға сай болмай тұр. Мектеп ескіріп кеткен. Енді мынандай мәселе туады. Мектепке жөндеу жүргізу керек пе, әлде жаңа мектептің жобасын жасап салған дұрыс па? Осының қайсысы экономикалық жағынан тиімді, мәселені қарасаңыздар.
Сарыағаш ауданының төбе биі, Рахым Оспанов: —Сарыағаш ауданында 300 мыңнан астам халық шоғырланған. Өздеріңізге белгілі «Рамадан» каналының 19 шақырымы сол Сарыағаштан өтеді. Сол «Рамадан» каналын бетондау жұмыстары басталып еді. Ал оның бойында үйлеріміз орналасқан. «Рамадан» каналының суы үйімізге жетіп зәктеніп жатыр. Ол ауру тудыруы да мүмкін. Осы қашан бітеді?
Арыс қаласының тұрғыны, Сәуле Юсупова: —Мен Арыс қаласының тұрғындарының өтінішімен келіп отырмын. Арыс қаласындағы көпірді су шайып кеткен болатын. Адамдардың жүрісі қиындап кетті. Көпір қайта жөнделе ме?
Тәуелсіз сарапшы, Несіпжан Амирова: -Менің айтайын деп отырғаным сұрақ емес, өтініш. Қарапайым халықты девальвация шаршатты. Бәрі қымбаттап жатыр. Ол енді сол күйінше қалады. Бензин қымбаттайды деген сыбыс бар. Сыбыс шықса ол міндетті түрде солай болады. Оған талай жерде куәміз. Бензин қымбаттаса жол ақысы да қымбаттайды, оны да білесіздер. Бірақ соған бір жеңілдіктер жасау керек деп ойлаймын. Зейнеткерлер мен студент жастарға 50 пайыздық жеңілдіктер керек. Болашақ жастардың қолында, солардың жағдайын туралау керек қой.
Асқар Мырзахметов қойылған сауалдың бәріне нақты жауап беруге тырысты, күрмеулі мәселелерді тағы да қарап шығуға уәдесін берді, қайсыбірін тексеруден өткізіп талқылайтындығын айтты.Жазбаша жолданған сұрақтарда назардан тыс қалмады.
Жарылқасын Үсентаев «Қызмет» газеті
Leave a Reply