Еліміздің болашағы – Атазаңымызды ардақтайтын, салт-дәстүрімізді құрметтейтін белсенді жастардың қолында. Осындай жастардың бірі, Конституциямыздың құрдасы – Бексұлтан Ибадулла. Бексұлтан Миятұлы – адамдардың өмірі мен олардың материалдық құндылықтарын тілсіз жаудан араша етуді бала кезінен арман еткен, табандылығы мен белсендігінің арқасында қазыргі таңда Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқаратын азаматтық қорғау капитаны.
Қала аумағында орын алған өрттерде, оқу-жаттығуларда алдыңғы шепте көрініп жүрген Бексұлтан Миятұлы 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде де, басқа да өрт сөндіруші-құтқарушылармен бірге көмекке аттанды. Оқиға орнында адамдардың өмірін құтқару үшін қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Анаға да, балаға да, қарт пен жасқа да өз көмегін аямай, күн-түн демей, басқа да өрт сөндірушілермен бірге қызмет етті. Өзінің антына адал, қызметтік міндетін бұлжытпай орындайтындығын осылайша дәлелдей білді. Осы үшін де, Бексұлтан Миятұлы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – бұл әрбір қазақстандықтың жүрегінен үлкен орын алатын мереке. Әсіресе, мен үшін өте маңызды күн. Өйткені, мен Конституция «құрдасы» болғанымды мақтан етемін. Конституция тәуелсіздігіміздің айнасы. Азаматтар бостандығының кепілі. Ал, сол еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің негізгі міндетіміз, сондықтан өз басымызды бәйгеге тігуге, өмірімізге қауіп төніп тұрса да, өзгенің өмірін сақтап қалуға тырысамыз,-дейді Бексұлтан Ибадулла.
Осындай жастарымыз бар да еліміздің болашағы баянды, Ата заңымыздың беделі биік болары анық!
С. ШОЙМАНОВ
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі
Leave a Reply