Қала әкімі Абай ауданы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Жиында 9 айда атқарылған жұмыстар сараланып, тұрғындардың мәселелері тыңдалды. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты.
Президент Жарлығына сәйкес, қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Шаһар басшысы әлеуметтік-экономикалық даму мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу жұмыстарының барысынан хабардар етті. 2022 жылдың 9 айында тұрғын алаптар мен шағынаудандарда 125 кездесу өткізіліп,1000-нан астам мәселе тыңдалған. Бүгінде оның 488-і шешімін тауып, 337-ы орындалу барысында. 195 мәселе 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілді.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі: «Есеп беру кездесулері жұмысты жүйелеуге өз септігін тигізеді. Тұрғындардың әлі де ең көп көтеретін мәселесі – инженерлік-инфрақұрылым жүйелері. Жалпы мәселелердің 80 пайызы осы салаға қатысты. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда».
Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов 9 айда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарларымен таныстырды. Ауданда 2022 жылы ауыз су және электр қуатымен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Кәріз жүйесімен қамту бойынша 2022 жылы Самал-3 және Солтүстік-Батыс шағынауданында құрылыс жұмыстары аяқталады. Биыл табиғи газбен қамту бағытында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Жиында Құрсай, Ынтымақ, Ақтас, Көкбұлақ, Нұршуақ, Қызылжар елді мекені тұрғындары жалпы инфрақұрылыммен қамту, қоғамдық көлік, көшелерді жарықтандыру, көшелерге ат беру, аялдамалар орнату сынды мәселелерін айтты.
Шаhар басшысы әр тұрғынның мәселесін тыңдап, нақты жауаптар берді. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика