А.Асқаровтың 100 жылдығына арналған жиын ғылыми конференцияға ұласты. А.Асқаровтың елі мен жеріне еткен еңбегін дәріптеп, ұлықтауға арналған жиында Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Жамбыл облысы, Түркістан облысынан қайраткердің көзін көрген замандастары мен ізбасарлары, зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласынан туыстары келіп, бас қосты. Конференция тұлғаның өмір жолын, ел экономикасы мен дамуына қосқан үлесі баяндалған деректі фильммен басталды. Салтанатты жиынды Түркістан облысының құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлов жүргізіп отырды.
А.Асқаров — Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстарында партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып тұрғанда да адамдықтан аттамай, кіршіксіз кеңдігімен, адал еңбегімен халық жүрегіне жол тапқан тұлға. Ол үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда елдің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті.
Салтанатты жиынды Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов ашты. — Асанбай Асқаров — Тараз топырағында туып-өсіп, еңбек жолын қарапайым орыс тілі мұғалімінен бастап, мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған бірегей тұлға. Арда азаматтың 100 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы жиындар ұйымдастырылып отыр. Халық үшін аянбай еңбек еткен қайраткер саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да бастан кешті. Халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді. Сондай-ақ, алмағайып замандағы қақтығыстың құрбаны да болды. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтай тұлғаның ерен еңбегі ел есінде. Ал, біздің буын арда азаматтарымыздың өмірінен өнеге алып келеміз. Асанбай Асқаровтың жарқын бейнесін өскелең ұрпаққа жеткізу — бізге артылған парыз, мәртебелі міндет, — деп атап өтті Мұрат Дүйсенбекұлы.
Асқартанушы Мұхтар Қазыбек өз баяндамасында А.Асқаровтан қалған мол мұраны әлі де дәріптей түссек, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуде септігі мол екенін тілге тиек етті.
— Асанбай Асқаров — ұлт үшін туған тұлғалардың бірі, ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, елінің көшін алға сүйреген біртуар азамат. Тұлғаның ел билігіндегі іскерлігі — бір төбе, ал мемуарлары — құнды жәдігер. 2007 жылы Асанбай Асқаровтың бүтін шығармаларын жинақтап, демеуші азаматтардың көмегімен «Өсиеттей өлмейтін сөзің қалса» атты 5 томдық шығарған едік. Осы жинақты Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке және Шымкенттегі барлық кітапханаға тапсыруды жөн көріп отырмыз, — деді М.Қазыбек.
Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев, ҚР Ұлттық инженерлік академиясның академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сәбден, қоғам қайраткері, ардагер Әсен Бейсбаева Асанбай Асқаровтың өңірді дамытуда жүргізген қажырлы саясатына, өткен жылдардағы елеулі еңбегін еске алды.
Конференция соңында баяндамашыларға «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабы мен мерекелік медаль табыс етілді.
Leave a Reply