ШЫМКЕНТКЕ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ КЕЛДІ

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үшінші мегаполиске  жұмыс сапарымен келді.  Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.  ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алдымен  жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағында болып, жұмыс барысымен танысты.
–Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жаңа экономикалық саясатының ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Өйткені, осы кәсіпкерлер елдегі орта таптың негізін қалайды. Ал, орта тап өкілдерінің үлесі көп болса, еліміздің экономикасы қуатты болып, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Міне, осы тұрғыда Шымкент қаласы бұрыннан кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Енді шағын және орта бизнеске арналған индустриалды аймақтың ашылуы мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары қалада бизнестің дами түсуіне ықпал етеді, – деді Әлібек Сәкенұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында инвесторлардың есебінен «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Сосын  «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға қатысты. «Біздің өңірлерді аралаудағы мақсатымыз – халықпен, кәсіпкерлермен бетпе-бет жүздесу, оларды тыңдау. Мұндай жиындар әр өңірде тұрақты түрде өтіп келеді. Себебі, Ұлттық экономика министрлігінің мақсаты – макроэкономиканы тұрақтандырумен қоса шағын, орта және ірі кәсіптің де дамуына жағдай жасау. Ал ол үшін кәсіпкерлер өздері тап келетін күрделі жағдайларды айтып, жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөліскені барлық тарапқа пайдалы. Сондықтан, бұл кездесу еркін түрде өткені дұрыс», – деді Әлібек Саматұлы.
Министр Әлібек Қуантыров еркін тақырыпта өрбіген жиында айтылған әр сұрақты, ұсыныс-тілекті жазып алып, сол мезетте жауап беріп отырды. Оның айтуынша, көптеген жағдаймен таныс, алдағы уақытта елордада тиісті мемлекеттік органдармен бірге қаралады.
Министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті. Нұршуақ шағынауданының тұрғындары соңғы жылдары инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, оның кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді.
Нұршуақта 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары былтыр басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВ кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВ әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика