Шымкенттегі онкологиялық орталықта Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларының онколог-дәрігерлерінің қатысуымен «Онкологиялық тәжірибедегі интервенциялық хирургияның өзекті мәселелері» тақырыбында екі күндік шеберлік сабағы басталды.
Шараны ұйымдастыру үшін орталық базасы арнайы таңдалған. Өйткені Шымкент қаласы онкологиялық орталығы дәрігерлерінің онкологиялық науқастарды емдеуде интервенциялық рентгенологиялық араласуларды орындауда өте тәжірибелі.
Шеберлік сағатында мамандар өзара тәжірибелерімен алмасады.
Рентгенхирургияның заманауи әдістерін қолдана отырып, пациенттерге онкологиялық көмек көрсетудің замануи әдістерін, пациенттерді қатерлі ісік және бауыр ісігі аурулары кезінде химиоэмболизациялауға іріктеу, бас және мойын ісіктері кезінде өңірлік химиоинфузия, өкпе және жатыр мойны обыры, сондай-ақ бүйрек обыры мен жамбас ісігі ауруларында ісіктерді эмболизациялау мүмкіндіктерін талқыламақ.
Былтыр Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің, денсаулық сақтау басқармасы басшысының қолдауымен және орталық басшылығының белсенді жұмысының нәтижесінде “Phillips azurion-7” заманауи ангиографы орнатылған. Бұл онкологтар үшін де, рентгенхирургиялық ем алатын науқастар үшін де соңғы үлгідегі таптырмас құрал.
Жыл басынан бері бұл ангиографта жоғары технологиялық емдеу санатына жататын бауыр, өкпе, бүйрек және жамбас қатерлі ісігінің химиоэмболизациясы бойынша 150-ден астам ота жасалды.
Орталықтың еліміздің түкпір-түкпірінен келетін пациенттерді де қабылдауға мүмкіндігі мол.
Тақырыпқа тұздық. Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың тапсырмасымен «Медициналық ақпараттандыру орталығы» (call center) ашылды. Орталықтың байланыс нөмірі 8(7252)-41-75-03.
Енді қала тұрғындары денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарын, сұрақтарын, арыз-шағымдарын телефонға қоңырау шалу арқылы жеткізе алады. Білікті мамандармен толыққан орталық тәулік бойы пациенттер мен медицина қызметкерлері арасындағы кері байланысты ұйымдастырады.
Мақсат– денсаулық сақтау саласы мен денсаулық сақтау мекемелері қызметін тұрғындар игілігі үшін барынша оңтайландыру. Орталықта медициналық ұйымдардың тоқсан сайынғы рейтингтері қадағаланатын болады. Оның көмегімен әрбір медициналық мекемелер мен ұйымдардың олқылықтарын түзете отырып, халыққа дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілмек.
Leave a Reply