Тұран елді мекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту үшін абоненттеу жұмысы басталды. Қаратау ауданына қарасты Тұран елді мекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту 2-кезек құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу, яғни абоненттеу жұмысы жүргізілуде.
Құрылыс кезінде 86,5 шақырым электр желісі тартылып, 21 электр трансформаторы мен 3 078 электр бағаналары орнатылды. Абоненттеу жұмыстарының нәтижесімен барлығы 3 058 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Тұрандықтар бұған дейін электр қуатын тұтыну барысында 25-30 теңге аралығында төлем жасаса, бұдан былай тариф құны 17,9 теңгеге түседі.
Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Солтүстік саяжай елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылады.
Нәтижесінде, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, көрсеткіш 98 пайызға жетеді.
Тақырыпқа тұздық, қаланың инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылуда. Көше жарығы диспетчерлік орталық ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын. Орталық арқылы әзірше қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйелері толықтай басқарылуда. Яғни, істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматты төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
Операторлардың диспетчерлік жұмысы мен бірегей жобаның мүмкіндіктері орасан. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында басқа да жаңа технологияларды зерттеп, қала өміріне енгізу процесі жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы барлық көшелерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.
Leave a Reply