«ҰЛТ ҮНІ» ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Шымкентте «Ұлт үні» байқауының қорытынды жиыны өтті. Байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Қоғамдық келісім мекемесінің мұрындық болуымен өткен байқаудың іріктеу кезеңіне 80-ге жуық түрлі этнос өкілі қатысып, бақ сынаған.
– Түрлі этнос өкілдері арасында қазақтың тілі мен тарихын, мәдениетін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқау алғаш рет 2020 жылы өткен болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында өткен байқауға 2020 жылы 60-тан астам үміткер қатысса, биыл 80-ге жуық азамат бақ сынады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Б. Әділханов.
Қазылар алқасының мүшесі Ә.Исаева кіл мықтылардың арасынан үздікті таңдау қиынға соққанын айтты.
– Байқау қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Жоба өз мақсатына жетті деген сенімдеміз. Себебі, қатысушылар 4 бағыт бойынша өз өнерлерін ұсынып, қазақ ақындары, жыршы-жыраулары мен термешілерінің шығармаларын, қазақтың ән-күйін орындады. Қазылар алқасы сараптай келе ақтық сынға 9 үміткерді іріктеп алды. Олардың арасында қазақтың қара домбырасынан күй төккен, қобызымен қазақ даласына жетелеген таланттар бар, — дейді Қоғамдық келісім мекемесінің бөлім басшысы Әзиза Исаева.
Ақтық сынға жеткен саксафоншы К.Соловьева, қобызшы Д.Фахрудинова, әнші Д.Крыкпаева, көркемсөз оқу шеберлері З.Махмуджанова мен Д. Курбаналиева, Д.Исакбаева мен М.Ахматкулова арнайы аталымдармен марапатталды.
Ал, абайлық әншілер Шахзод Бабаханов пен Диербек Октамов бас жүлдені иемденсе, қаратаулық күйшілер, әкелі-балалы Омаровтар жүлделі 1-орын тұғырынан көрінді. Еңбекші ауданының үміткері Абрар Махкамов 2-орын, Қаратау ауданының тұрғыны Дұрдана Азатқұлова 3-орын иеленді.
– Биыл байқауда екінші мәрте бағымды сынап, ұлым екеуміз 1-орын тұғырынан көріндік. Қазақтың қара домбырасы жаныма жақын. Ең алғаш домбыраны «Отырар» университетіне түскенде профессор Өтеген Ғубайдуллин ағамыз үйретсе, кейін Саз колледжінде Марат Алшанов ағамыздың сыныбында дәріс алдым. Бүгінде өзім №4 балалар саз мектебінде домбырадан дәріс беремін. Ал, ұлым Ұлан домбыраның 4 сыныбында оқып жүр, — дейді У. Омаров.
Салтанатты кеш жеңімпаздардың гала-концертіне ұласып, қазақтың әсем әні шырқалды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика