Шымкентте жаңа қызмет түрі пайда болды. Енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы дайын құжаттарды «такси» таситын болады. Яғни дайын құжаттарды жеткізу бойынша жаңа қызмет Шымкентте де іске қосылды.
Енді дайын құжатты алу үшін ХҚО-ға қайта келудің қажеті жоқ. Корпорация «Яндекс жеткізу» жүйесімен бірлесіп, құжат жеткізудің неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы, баламалы тәсілін іске қосты.
Клиент құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырғаннан кейін оған веб-сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады, сол жерде өтінімді толтырып, мәліметтерді енгізіп және жеткізу ақысын сол сілтеме арқылы төлейді. Нақты уақыт режимінде курьердің жол қозғалысын қадағалап, онымен Яндекс GO мобильді қосымшасы арқылы хабарласады. Қосымша жоқ болған жағдайда жеткізілімді SMS-те келген сілтеме арқылы карта виджетімен бақылауға болады.
«Қызмет ақылы, құны көрсетілген мекенжайдың орналасқан жеріне, жолдағы кептелістерге, жол жүктемесіне байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Жеткізу уақыты – 15 минуттан 2 сағатқа дейін. Қызмет іске қосылғаннан бері 300-ге жуық құжат жеткізілді», – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Дайын құжаттарды жеткізу 150 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді, олардың ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттар, жер учаскелеріне актілер, апостильденген білім туралы құжаттар, мұрағаттық анықтамалар, әскери билеттердің телнұсқалары және басқалар бар. Бұл ретте жеткізу сервисіне жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігі сияқты құжаттар кірмейді.
Айта өтейік, шетел азаматтары кезекті алдын ала жоспарлап, ЖСН қалыптастыру мемлекеттік қызметін SMS-хабарлама арқылы ала алады. Шетел азаматтарына ЖСН алу үшін ХҚО-ға қайта жүгінудің қажеті жоқ. Дайын құжат шетел азаматының өтініште көрсетілген қазақстандық ұялы телефон нөміріне SMS арқылы жіберіледі. Нөмірді төлқұжат ұсына отырып сатып ала алады. Яғни, онлайн брондаудың негізгі шарты – қазақстандық ұялы байланыс операторы нөмірінің болуы.
Айта кетейік, Шымкент ХҚКО-лары арқылы жеті айда 112 мың паспорт пен жеке куәлік берілді.Паспорт пен жеке куәлікті алу қызметі әлі онлайн режимінде қолжетімді болмай тұр. Бұл құжаттарды рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Десе де, қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі – өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚКО-ға бара аласыз. ХҚКО-ларда жеке куәлік пен паспортты ресімдеу бойынша операцияны көші-қон қызметі көрсетеді. Егер төлқұжат алу үшін бірінші рет келіп тұрсаңыз, сізге тек жеке куәлік қажет болады. Егер сіздің төлқұжатыңыздың мерзімі аяқталса, оны мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра аласыз. Төлқұжаттың мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алу үшін өтініш білдірсеңіз, кешіктіргеніңіз үшін айыппұл қарастырылмайды.
Leave a Reply