АЛҒЫС АЙТУДЫ ӘЖЕЛЕР БАСТАП БЕРДІ

Алғыс айтуды әжелер бастап берді

 

tories/DSC_1680_1.jpg» width=»350″ height=»234″ alt=»DSC_1680_1″ style=»float: left;» />Әже тәрбиенің қайнары. Бұрыннан солай. Басқа халықта бала күтушінің мектебі бар, ал, бізде әженің мектебі бар. Қадірлі мектеп. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлағатты мектеп. Оның бойында ұрпағыма  ізгілік пен әдептілікті, иман мен ибаны, мейірім мен сауапты, береке мен бірлікті, тек қана жақсылықты сіңірсем деген кәусар сезім бар.

Биылғы көктем қазақтың босағасын игі тілекпен аттап жатыр.  Алғыс айту күні енді күнтізбеге. Оңтүстікте алғыс айтуды да әжелер бастап берді. Осылай болуы заңды да сияқты көрінді бізге. Өйткені бүгінгінің әжесі өзінің әжесінің қадыр-қасиетін бойына айнытпай дарытып алған. Егер қарсы пікіріңіз болса, ішіңізде сақтай тұрыңыз, біз айтарымызды айтып алайық.

 

Облыстық Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасының ұрпақ тәрбиесімен айналысуға білек түріп кіріскеніне  үш жылдай болып қалды. Ауқымды жұмыстың басталып кеткенін аудандарға іс-сапарға барып жүргенде байқап жүрміз. Әжелер алқасынанбыз дейтін әңгімесі мен тірлігі үйлесім тапқан,ұрпақ тәрбиесінің болашағына алаңдайтын, өмірлік жиған тәжірибесін бөліскісі келетін өзіндік танымы, ой-өрісі, болмысы,өнері бар қарт аналарды кездестіріп қаламыз.Олар ошақ басынан шығып, өзінің аудандық, ауылдық ұйымдарын құрып алған. Оларды штат, айлық дегендей мәселелер тіпті де алаңдатпайды. Соған қарамастан жұмыстары белсенді. Салт-дәстүр, жоралғылардың озығын насихаттап, тозығын жететін жеріне дейін дәлелдеп, қолданыстан шығуына әсер еткісі келеді. Көршісінің шаңырағы шайқалғалы тұрса, ауылдың үлкені мен қадірлісін жинап ара түсіп, керек жерінде әдет-ғұрып аясында жазалап, жөнге де сала алады. Мұндай қозғалыс Ордабасы ауданы, Арыс, Кентау қалаларында белсенді.Ал,мақтаралдық әжелер белсенділігі ғана емес, бастамашылдығымен де ерекшеленеді.

Оңтүстікте биыл алғаш аталып өткелі отырған «Алғыс айту» күнін  осы өңірдің әжелері бастады. Тәжірибе алмасу мақсатында жер-жерде ұйымдастырған  іс-шараларына облыста бар аудандардың әжелер алқасының төрайымдарын шақырды.Алдымен тарихқа тағзым жасалды. Кәрі жасы аралас бір қауым ел Атакент елдімекеніндегі мұражайға  бас сұқты. Мұражайда сақталған әрбір құжат пен жәдігер үңіле түссең мақталы өңірдің тарихынан сыр ақтарады. Тарих куәгерлері әңгімелегендей бір шөкім шөбін жұлып алсаң, отыз тышқан өре қашатын даланың әр түп мақтасының түбіне береке дарыған бүгінде.

Мақтаралдағы әжелер алқасының жұмысы «Шаңырақ» клубының ұстанымымен үйлесім тапқан екен. Көп ұлтты елміз,бір-бірімізден үйренеріміз көп,ең басты байлығымыз достығымыз, сондықтанда бір елдімекенде әлеуетін асырып, тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан түрлі ұлт отбасыларының басын қосу, бір-біріне деген ризашылық сезімін білдіру,оған көпшілікті куә ету басты мақсатымыз болды дейді клуб жетекшісі Камира  Өмірбай. Қ.Даримбаев мектебінде өткен «Шаңырақ шаттығы» байқауына Махановтар мен Фарзалиевтер отбасы қатысты. Сайыскерлер өнер жарыстырған жоқ ой жарыстырды, жиналған көпшіліктің сауалдарына жауап беріп, берекелі де берік отбасының құпияларын ашты. Байқауда достық жеңіп Махановтар «Үлгілі отбасы» атанса, Фарзалиевтер «Еңбекқор отбасы» атанды. Жас отбасылар мен жиналған көпшілік  татымды әңгімелері үшін байқауға қатысушыларға алғыстарын айтты.

Титов мектебіндегі іс-шараның мақсаты ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға бағытталды. Тасжүрек ана мен тастанды бала мәселесі төңірегінде ой өрбіді. Оқушылар  аталған мәселенің туу себептерін сахналап көрсетті. Әжелер өмірден түйгендерін  байыппен жеткізіп,ондай келеңсіз жағдайдың туындауына отбасындағы тәрбиенің тікелей қатысы барын дәлелдеп көрді. Және дәлелдері қатысушылардың ойына қонды, мұқият бас шұлғып отырып тыңдады, ризашылықтарын ду қолшапалақтап қуаттады.Мектепте жауапты баланың қылығына, қоғамда жауапты, бірақ тәрбиенің көзі отбасында. Әр отбасы, ата-ана осы жауапкершілікті сезінуі керек.Бірінші бала сенікі, кінәні неге шеттен іздеуің керек, деп қорытты тақырыпты Абай ауылдық әжелер алқасының мүшесі,көп балалы ана Оразкүл Қадырханова. Бұл жиын немере мен әженің тез тіл табыса алатындығын көрсетті. Жиын соңында АНАЛАРҒА арналған алғыс сезімі немере мен әже салған ән қанатында қалықтады.

Отбасының отбасыға, ананың балаға алғысы А.Жами мектебінде елге алғыс айтумен жалғасын тапты. Тәжік баласы қазақ тілнде шырқаған патриоттық әндерге  жиналған халық ду-ду қол соқты. Кеш соңында ауыл әкімі халықтар арасындағы достықтың дәнекері болып жүрген ауыл тұрғындарына  Алғыс күніне орай алғыс сезімін білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.

Кешке жиналған ауыл тұрғындары «бір рухани демалып қалдық, жақсы өтті жиын» деп риза көңілмен тарасты.

Айжамал Қоңырбаева төрайымы болып табылатын Мақтарал аудандық әжелер алқасының ұйымдастыруымен оңтүстікте алғашқы Алғыс айту күні осылай өтті. Бұл облыстық ардагерлер кеңесінің бастамашылдығымен құрылған көшін төраға орынбасары Үрзада Айтөреева бастаған әжелер алқасының облыста үш жылдан бері үздіксіз жүргізіп келе жатқан жұмыстарының бір парасы ғана. Бүгінде әжелеріміз отбасының емес қоғамның қамын ойлап қамығады,сөзін сөйлейді.Тәрбие беру үшін әженің өзі тәрбиелі болу керек дегенді ұстанатын аналарымыз үйренуге де, үйретуге де, тәжірибе алмасуға, ұрпақ тәрбиесі үшін жұмыс істеуге даяр.Отбасы беретін тәрбиге балама жоқ деп түсінетін олар белсенді.Жұмыс нәтижесі дегенде осыны айтуға болады.

Қоғам әжеге қарай бет бұрып еді, әжелер өз орындарын таба қойды, қоғам  тәрбиесіне білек сыбана кірісіп кетті.Өйткені ол қоғамды әженің өз баласы, немересі, шөбересі құрайды.Өйткені оның ұрпағы қазақ деген ұлттың, мемлекет атты үлкен отбасының бір бөлшегі.Бүгінгінің әжесінің киім киісі ғана өзгеше болуы мүмкін, бірақ өз әжесінің аманатына адал. Ол аманат ұрпақ тәрбиесі. Бұған күмән жоқ.

Жариялылықты қаламайтын әженің табиғатымен болмысы осындай. Қазақтың әжесінің болмысы. Егер сіз де әжеге деген әлі де өкпеңіз болса, мынадай қарапайым жәйтті есіңізге салғымыз  келеді. Қонақтан қайтқан әжеңіздің қалтасынан тәтті-пәттісін шығарып, мейіріммен ұсынғаны қашан еді?! Есіңізге түсті ме? Сол мейірімнің өзі неге тұрады! Әжелерімізге бізге әже болғаны үшін, ата-анамызды тәрбиелегені үшін, жанымызда жүргені үшін АЛҒЫС айтамыз! Егер әжеңізді сағынсаңыз, ауданыңыздағы, ауылыңыздағы әжелер алқасын іздеңіз, алдыңыздан ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ есігін айқара ашады. Тек оқуға,үйренуге дайын болсаңыз болғаны.

                             Бейсенкүл Жақсыбекқызы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика