ШЫМКЕНТТЕ «БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Шымкентте кезекті рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.  Қала  әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығының ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қысқартылған азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 30 мекеме қатысып, жалпы 162 мекемеден 1400-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Мәселен, «Оңтүстік» экономикалық аймағында орналасқан «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасының өкілдері 11 мамандық түрі бойынша азаматтарға тұрақты жұмыс түрін ұсынды.
Фатима Мизанбайқызы, «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасының кадр бөлімінің жетекшісі: » «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасы 18-35 жас аралығындағы азаматтарды тоқымашы оператор, дизайнер, программист, станок жөнінен механик мамандарын жұмысқа шақырады. Мекеме тарапынан тасымалдау қызметі және түскі ас қарастырылған. Айлық жалақысы 100-220 мың аралығында».
Жұмыс беруші мекемелер және жұмыс іздеушілер арасында байланыс орнатуды көздейтін іс-шара барысында мемлекеттік қолдау шаралары да түсіндірілді. Атап айтсақ, жастар тәжірибесінен өту, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға қатысу, өз кәсібін ашуда мемлекет тарапынан берілетін грант бойынша, аз қамтылған отбасыға берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңестер берілді.
Қоса кетейік, Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту шараларына 22 мың адам қатысты. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы шеңберінде биылғы жылға 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, жыл басынан бері 10 395 азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылғандығы туралы айтылды.
Сонымен қатар, ұлттық жоба шеңберінде 1 632 жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес білім беру ұйымдарында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдануда. Аталған ақысыз оқу мерзімі 3 ай. Білім алушыларға ай сайын 20 948 теңге шамасында шәкіртақы төленеді. Жыл соңына дейін 23 239 адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру көзделсе, қазіргі уақытқа дейін 5700 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қоса, 2021 жылы Шымкентте 2500-ден астам жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолданған болса, олардың 1300-дейі барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, биыл Шымкент қаласында «Жастар практикасы» бағдарламасымен 2098 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика