ҰЛТТАН КЕШІРІМ СҰРАУ
Ер елінде, гүл жерінде…
Қазақ мақалы
«Отан оттан да ыстық» дейді қазақ мақалы. Алайда отансүйгіштік сезім барлық азаматта бірдей емес қой. Біреулер оны ұсақ-түйек мәселе деп қараса, біреулер шынайы сезіммен түсінеді. Енді біреу Отаны үшін жанын пида етуге дайын тұрады.
Бірге туған ағайынды Дәулет пен Асқардың тағдыры өзгелерден бөлек. Екеуі тату-тәтті, бауырмал болып өсті. Кішкентайларынан сырласатын, армандарымен бөлісетін. Бұлардың туған жері кезінде Қазақстанға қарағанымен, Кеңестер Одағының қиғаш саясатымен Өзбекстанға өтіп кеткен еді. Ағайынды екеуі де үздік оқыды, өзбек тілін өте жақсы меңгерді. Өйткені қай жердің құдығының суын ішсең, сол жердің тілінде сөйлеуіңе тура келеді. Ал Өзбекстанда Кеңестік дәуірдің өзінде сол тілде сөйлей алмасаң далада қалғандай күй кешетінсің.
Дәулет пен Асқардың жұмысқа деген қабілеттері жоғары болатын. Кейіннен Дәулеттің қызметі көтеріліп, бір үлкен мекеменің басшысы атанды. Асқардың да абыройы жаман болмады.
Бір кездері өздері тұрған жерде арнайы тапсырма келіп, төлқұжаттар ауыстырылатын болды. Қолдарына тиген құжаттарын ашып қараса, ұлты өзгертіліп жазылған. Мұны бірінші Асқар байқады. Жан дүниесі күйіп кеткен ол бірден ағасына хабарласты. Сөйтсе оның да құжаты солай бұрмаланған екен. Бұл өрескел қателікке Асқар көнбеді. Дәулет те қарсылық білдірген еді, артынша тез басылды. Жоғары жақ: «Онда тұрған не айырмашылық бар?» депті жай ғана. Екіншісінде: «Қызметіңіз керек болса, солай болғаны өзіңізге де дұрыс!», – депті жылы жымиып.
Ал қайсар мінезді Асқар өз дегенінен қайтпады. Талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп, құжаттарын дұрыстап алды. Кейбір әріптестері бұл батыл қадамды құптамайтындықтарын көзқарастарымен сездіріп те үлгерді. Асқар ешқандай әрекет жасамаған, көнбіс пиғыл танытқан ағасына да алғашында ренжігені рас. Сол ашумен үйін, дүниесін сатып Асқар бірден Қазақстанға көшіп кетті.
Ағайындылар арасында оқиға осылай шиеленісіп тұрған уақытта Дәулеттің баласы Фархат басшылық қызмет атқаратын бір өзбектің қызына үйленді. Дәулет күн өткен сайын аяғы байланып қалғандай күй кешті. Өйткені өмірге немерелері келді. Олардың ешқайсысы қазақ тілін білмей өсті. Себебі бұл кезде отбасында өзбекше сөйлеу міндет сияқтанды.
Дәулеттің қызметі көтеріліп, шынында, дәулеті де арта бастады. Жылжып жылдар өтті. Кейін әр Республика өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды.
Ал Асқардың алғашында Қазақстанға келіп, туған топырағына табаны тигенде қиналғаны рас. Дегенмен, қазақы мінезі басым жігіт ортаға сіңісіп кетті. Тынымсыз, еңбекқор, намысқой жанның ел алдында абыройы асқақтай түсті. Ол да ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде бақытты отбасының бірі. Арагідік болса да Асқар ағасын іздеп тұрды. Қанша дегенмен қандары бір туған ағайындар емес пе?! Бұрын Дәулеттің балалары, немерелері қыдырып келіп тұрушы еді. Уақыт өткен сайын олардың келуі де сиреді. Бара-бара олар мүлдем ат ізін салмайтын болды.
Бірде Асқар ағасы Дәулеттің отбасын Астанаға, өз шаңырағына қонаққа шақырды. Неге екені белгісіз, Дәулеттің өзі ғана келді. Ағасына арнап кең дастарқан жайылды. Қос бауыр бала кездегідей шүйіркелесіп сөйлесті. Тағдыр деген қызық қой, Асқар қазақша сөйлейді, ал Дәулет өзбекше тіл қатады. Асқар ардақтап «аға» десе, Дәулет күмілжіп «үкә» дейді.
Өзбекстанға қайтарында ағасы көзіне жас алып:
-Бауырым, біздің әулеттің түтінінің өшпегеніне қуандым. Сенің бар болғаныңа ризамын. Қазақстанға кетерде шақырғаныңда бармағаныма енді өкініп тұрмын. Сенен, ата-бабаларымнан, өз ұлтымнан кешірім сұраймын. «Ерден аспақ болса да, елден аспақ жоқ» екен. Қазір балаларым да, немерелерім де Қазақстанды көрші мемлекет деп қана біледі. Бірауыз қазақша сөйлей алмайды. Әкелеріміз жаққан шамды өшіріп алғанымды кеш сездім. Кешір мені…, — деді.
Асқар ағасына қарсы сөз айта алмады. Кәрілік жеңген бауырына не десін? Отбасын қалдырып кете алмасы анық. Ол бауырын құшақтап, өксіп жылады…
Иә, өз ұлтыңның ұлы болмау нағыз қасірет. Өмір қымбат. Ал ұлтыңа деген сүйіспеншілік бәрінен де қымбат!
Әкім ЫСҚАҚ
Leave a Reply