Өнерлі сот төрағасы немесе Заңды халықтың тілімен сөйлетуде бір өнер
tories/mawrapov.jpg» width=»336″ height=»337″ alt=»mawrapov» style=»float: left;» />Біз бұралаңы көп тарих пен тағдырдың ғасырларға созылған қиыншылықтарын басымыздан өткерген елміз. Қатыгез өмір толқындары біржолата жойып жіберетіндей қиын кезеңдерде қиналдық, қабырғамыз қайысты, бірақ аман қалдық. Қанымызда қайсарлық, жанымызда өткір рух бар. Өткен тарихқа көз тастар болсақ, оғлан батырларымыз бен елжанды ерлерімізді түгендейміз. Ал, бүгінгі күнге көз салсақ… ондай күрестер жоқ дей алмаймыз.
Иә, бейбіт, тәуелсіз елміз. Бірақ жаһандану үдерісінде ұлттық құндылығымызды жойып, санамызды жауламақ болған елдер саны жетіп артылады. Олардан қорғанудың, бар болудың бір-ақ амалы-елін сүйген патриот болу.
Елім деп еміренген ұлтжанды ерлер бүгінде де жетерлік. Солардың бірі – әділдік пен адалдықтың аппақ туын жалаулатқан өнегелі өмір иесі, тәуелсіз еліміздің білікті заңгері, Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Тасболат Машрапов. Әрине, адам баласына мұндай абырой-бедел кездейсоқ, бір күнде келе қоймасы анық. Белгілі бір биіктікті бағындыру — ерінбей еңбек етіп, тынбай тер төгуді талап етеді. Мұның бәрі Тәкеңнің өз қызметіне деген адалдықтан, сүйіспеншіліктен бастау алса керек…
Бұдан бір жыл бұрын «Мен Тасболатқа сенемін. Ол бұған дейін Арыс аудандық сотын әділдікпен басқарғанын ел біледі. Оның қай өңірде еңбек етсе де, соңынан жылы сөз естілгенінің куәсі болып жүрміз. Енді саялы Сарыағашта да халыққа жақын болып, әділдікпен еңбек ете береді», — деп сенім білдірген Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов жаңа төрағаны ұжыммен таныстыруға келген кезінде.Солай болды.Бүгінде сот төрағасы жұртқа жақындығын былай қойғанда, сол қалың халықтың қақ ортасында жүр десек, артық айтқандық емес. Тасболат Машраповтың басшылығымен азғана уақытта жүзеге асырылған игі істердің бір ғана парасына тоқталып өтсек…
Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі ең алдымен әрбір отбасына байланысты. Ал отбасы дегеніміз – бұл шағын мемлекет. Мемлекеттің шаңырағы биік, керегелері тең, уықтары нық болуы үшін ұлттық бағытта тәрбие берудің маңызы жоғары. Кез-келген мемлекет пен қоғамның өмір сүруі оның біртұтастығының сақталуына тәуелді. Қай қоғамда өмір сүрмейік, ұрпақ — ол біздің болашағымыз, жарқын күндеріміз. Сондықтан болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге нық сеніммен басуға болады деп айта аламыз.
Мұны айтып отырғанымыз, аудандық сот төрағасы көпшілікпен болатын кездесулерде ұлттық отбасылық құндылықты насихаттай жүреді.Алқалы жиындарда Т.Машрапов мырза айтқан мына ой көкейге қонады.
«Ауданымызда отбасы шырқы бұзылып, ажырасып жатқан ерлі-зайыптылар көбейіп кетті. Шаңырақ көтере сала сотқа арыз жазып, ажырасып кете беру тым оңай іске айналып бара жатқан сияқты. Тұрақсыз неке неге көбейді? Жалпы, соңғы жылдары ауылдағы нағыз қазақы отбасылар да ажырасу бойынша ешкімнен қалысар емес. «Қазақтың жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел» екенін алға тартсақ, текті жұрттағы бұл жағдай ұлтқа төнген үлкен қауіп. Дана халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерден бекер айтпағаны белгілі. Алып-ұшқан сезімнің жетегінде отбасы құрған жастардың бірлескен көші болашаққа жол тартып, бұралаң жолдардан сүрінбей өтуі үшін талай тосқауылдар мен сынақтарға төзулеріне тура келеді. Сондықтан, олар көптеген кедергілерді артқа қалдырса, бір-бірін ардақтай білсе ғана бақытты отбасына айналады».Халықтың болашағы үшін алаңдайды, өкініші де бар, келелі кеңес те табасың сөзінен.Сөзін «ауылдағы абыройлы ақсақалдар мен беделді билер шаңырақтың шайқалмауын қатаң бақылауға алып, жергілікті әкімдермен бірлесе отырып, ажырасудың алдын алатын шаруаларды атқарса» деп түйеді.Егер кеңсесінен шықпайтын сот төрағаларының барын ескерсек, қат-қабат кәсіби жұмыстарының қарбаластығына қарамай, уақыт тауып елмен етене араласқан Машрапов мырзанын әрекеті үлгі боларлықтай?!
Отбасынан жаман мен жақсыны айырып өскен тәрбиелі жанның мемлекет үшін баға жетпес байлық екендігі де даусыз. Мейірімділік пен қайырымдылық секілді адами қасиеттерді бала бойына сіңіру отбасында жүзеге асатын қасиет. Мейірімді жан – қоғамға қайырымын төгетін тұлға. Яғни, өзгеге жақсылық жасау қолынан келетін адам. Міне, дәл осындай асыл қасиеттер Тасболат Машраповтың тұла бойында тұнып тұр.
«Жеңістің – 70 жылдығына» орай, сот қызметкерлері ауданда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері Досан Өтенов, Сулеймен Шөменов, Әбу Полатбеков және Имамали Юсуповтармен кездесті. Жас бала мейлі, қым-қиғаш жүмысымен қоса сан қилы шаруасы бар үлкендердің-қызметкерлердің, лауазым иелерінің майдангерлермен кездесуі не береді? Осындай сауалда туындауы мүмкін. Оған Тасболат Машрапов былай деп жауап береді: «Біз майдан даласында Отан үшін от кешкендерге құрмет көрсету арқылы жас буынның санасына елжандылық қасиетті сіңіреміз және мұндай іс-шараларда айтылатын әңгімелербейбіт күннің қадірін білдіреді».
Азаматтық ұстанымы берік азаматтың болашақ тәрбиесі тұрғысындағы ұмысы жүйелі қисынды. Ел тәуелсіздігін ұлықтау үшін ұйымдастырған әс-шаралары бір төбе де оның бастамасымен аудан көлемінде мектеп оқушылары арасында өткен «Ұлттық рухты асқақтатқан — Тәуелсіздік!» тақырыбындағы «Үздік шығарма» байқауының орны бір бөлек. Және бұл байқау жыл өткен сайын дәстүрге айналып,тынысы ашылып келеді. Судьялар тағайындаған сыйлықты судьяның қолынан алу бала үшін ерекше сезім сыйлайды. Және ол ол сыйлықты елінің Тәуелсіздігін дәріптеп алады. Жас ұрпақты отан суюге тәрбиелеудің бір ілкімді әдісі осы.
Біз азаматтығын ерекше айтып отырған Тасболат Машрапов – заңгер, судья. Алайда, ол өз мамандығын тек қана күнкөріс кәсібім немесе «судья болу заң шеңберінде шешім қабылдап, не үкім шығарып қана отыру» деп ойламайды. Ол, қоғамның, яғни өзі өмір сүріп отырған ортаның ауыры мен жеңілін, жақсысы мен жаманын жанымен сезініп, жүрегінен өткізетін азамат. Қоғамға азаматтық өзіндік үні бар ол осылай халыққа жақындай түседі.
Адалдықтың негізі – әділдікте, яғни адал шешімде. Сотқа ешкім де жетіскеннен келмейді. Зәбір көріп қажыған, сан соғып алданған, қысым көріп торыққан, ары тапталып, намысы қорланғандар араша іздеп келеді. Үмітпен, сеніммен келеді. Алайда, сол үміті ақталмаған жан қайда бармақ? Әрине, сол соттың төрағасына шағымданады.
Ал төраға кім? Өз ұжымының тыныс-тіршілігінің ұйытқысы, ұйымдастырушысы. Ұйымдастыра білген ұтады. Дәл осы сот төрағасы Т.Машраповтың назарынан ештеңе тыс қалмайды. Ол соттағы әрбір іс үшін мазасыз күй кешеді. Өйткені, әрбір істің сыртында бір немесе бірнеше тағдырлар тұр. Сондықтан, әрбір істің уақытылы қаралып дұрыс шешімін тауып, қабылданған сот шешімінің көшірмелері дер кезінде тиісті адамдардың қолдарына тиіп жатуын жіті қадағалап отырады. Өйткені, төрағаның жұмыс тетігін жетік білуі, қай іске де сезімталдықпен сергек қарауы оң нәтижесін берері анық. Біліктілік пен көрегенділік, ар-иман тазалығы, ұят пен намыс, қарапайымдылығы мен кішіпейіл мінезі төраға Тасболаттың беделін арттыра түспесе, кемітпек емес.
Әрбір төрағаның кәсіби деңгейі жоғары, өмірлік тәжірибесі мол, көзі ашық, көкірегі ояу болуы шарт. Өйткені, төраға өзгелерден оқ бойы озық тұрса оның әрбір сөзі өнеге, әрбір ісі үлгі болмақ. Ұжым мүшелері басшысына қарап бойын тіктеп, ойын түзеп жатса ол тек қана жақсылық. Жөн мен жолды, әдет-ғұрыппен салт-дәстүрді жетік меңгерген, жан-жақты сауатты азамат айналасына нұр шашпақ, ізгілік әкелмек. Азаматтық, құқықтық қарым-қатынастың бұзылмауының негізі адами қарым-қатынастың орнықтылығында. Ұжым мүшелерінің бір-біріне деген ерекше сый-құрметіне, ниеттестігі мен сенімін үйлестіре білген төрағаның жұмысында жақсы нәтиже болары хақ. Ауызбіршілік пен ынтымақ берекенің бастауы. «Береке қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген емес пе? Сондықтан да бұл сот төрағасы үшін басты қағида.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген халық батыры Бауыржан Момышұлы. Мәдениеті қарыштап дамыған, экономикасы берік орнаған тәуелсіз мемлекеттің ұстанған құқықтық жолы да сауатты, әлеуетті, жоғары дәрежеде болуы шарт. Талап күшейген сайын жұмыс сапасы да арта бермек. Яғни, мемлекет тарапынан мықты қорғалған, материалдық жағынан жақсы қамтылған, күрделі іріктеулерден өткен, білікті де дербес, бейтарап судья ғана іс жүзінде заң үстемдігін қамтамасыз ете алады.
Біз бүгінгі мақаламызда сот төрағасы Тасболат Машраповтың бір жылда атқарған жұмыстарының бір парасын ғана ақтардық. Ал енді кеше ғана тікелей аудандық сот төрағасының бастамасымен, аудан әкімшілігінің мәжіліс сарайында өткізілген «Ел бірлігі – ең асыл қасиет!» атты кең көлемді жиынға ауданның барлық ауыл округтері әкімдері мен ауыл билері, құзырлы органдардың басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Мұндағы мақсат — 2011 жылдың 5-тамызынан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңын жүзеге асыруды дамыту барысын айқындау болатын. Жалпы, медиация – ол қоғамда тұрақтылық орнатып, өзге ұлт арасындағы достық пен ынтымақты нығайтушы күш. Дау мен жанжалды бітімгершілік жолымен шешіп, азаматтар арасындағы адами құндылықтарды сақтап қалудың бір жолы. Дана халқымызда «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл бар. Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында, бүгінде, мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласы билігінің дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Дала билерінің салып берген дара жолын жалғастыру – ұрпағының міндеті. Жаңадан 2016 жылғы 01 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Азаматтық процестік кодексінде тараптарды татуластыру рәсімдеріне арнайы бір тарау арналған. Бұл да болашаққа жасалған нұрлы қадамдардың бірі. «Өнбейтін дауды өспейтін ер қуады» деген, сондықтан заңда бекітілгендей сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен заты қазақ халқы үшін жат дүние емес. Қазақ билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы десек болады.
Мұны жіпке тізгендей етіп айтып отырғанымыз, келелі жиында Заң қатысушыларға бүге-шүгесіне дейін ұғынықты етіп,қарапайым тілде жеткізілді. Заңгерлер халықтың тілімен сөйледі. Көпшілік құқықтық сауаттарын арттырып, өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелердің жауабын алды. Жиынның түсінікті тілде өтуінде де ұйымдастырушы төрағаның өзіндік ізі жатыр. Өйткені, «ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген ұғым Отанын сүйген, адалдықты ардақтаған Тасболат Машраповай арда азаматтың жүрегінің төрінен орын алғанын аңғару қиын емес…Заңды халықтың тілімен сөйлете білу де өнер.
Сарыағаштықтар аудандық сотқа кім төрағалық етіп отырғанын біледі. Ал, сіз өзіңіз тұратын аудандағы сот төрағасының кім екенін білесіз бе?
Жарылқасын Үсентаев
Leave a Reply