«Жүрек те бір – жанартау»
tories/akim.jpg» width=»448″ height=»293″ alt=»akim» style=»float: left;» />Қаламгер оқырманымен бақытты. Ол үшін әрине отбасының жөні бөлек. Қызметінің де ерекше орны болуы мүмкін. Бірақ осының екеуі де қалың оқырманының орнын алмастыра алмайды. Ол «бақытты көре білу керек, әйтпесе жаныңнан өте шығады» дейтіндердің қатарынан. Бақытты өткеннен іздеп, болашақтан күтудің де керегі жоқ. Бақыт осы шақ,осы сәтте.Ең бастысы, көңіл қалмасын,-дейді. Ол бұл жолы да оқырманын сағынып келді. Ақуыз тілек, ақжар ма көңіл, жүректі тебірентер көңіл қалмайтын сәттер. Біз Әкім Ысқақпен өткен кездесу туралы айтып отырмыз тағы да.
Өткен жұмада Шымкенттегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханаға оқырман қауыммен жүздесуге қаламгер Әкім Ысқақ келді. «Жүрек те бір – жанартау» атанған әдеби кешке Әкім Ысқақтың алғашқы мұғалімі Төреш ұстаз, танымал жазушы Мархабат Байғұт, кеш иесінің оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қонақтар таныстырылды, кеш басталды. Әкім Ысқақтың алғашқы мұғалімі Төреш ұстаз шәкіртінің мінезі жұмсақ, өте сүйкімді, білімге деген құштарлығы, қызығушылығы жоғары болғанын айтты.
Ал, жазушы Мархабат Байғұт Әкім Ысқақтың жұртшылықпен көп кездесетінін, және онысының дұрыс екендігін айтты.
Одан кейін әдеттегідей ізгілік іздеген жанды жіпсіз байлап, бауритын өзіндік әлемі салтанат құрды кітапханада.
Алдымен өлең оқылды. Қыз-жігіт аралас он өрен ақынның жүрек тебірентер өлеңдерін мәнеріне келтіріп оқып шықты. Мұқағалища айтсақ, күпісін киген қара өлең халқына қайтып, соңын ала Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған әндерге ұласады. Кезегімен қаламгердің сезімін ақтарған монологтар оқылып жатты. Абыр-дабыр,сыбыр-күбірден ада қауым, сөйлегендерге қарап ұйып қалған. Сол оқырман қауымның арасынандағы Әкім Ысқақтың шығармаларынан сусындап жүрген бір топ жас бір сәт ақынның алдында шабыттана өлең оқыды. Жастардың жалынына елтіп, риза болған кеш кейіпкерінің жанарын тамшы жастың үзілгенінің өзі жан тербеді.
Әкім Ысқақ шетелдегі қазақ балаларының тағдырларына алаңдап жүрген қаламгерлердің бірі. Күні ертең күрмеуге түскен тағдыр иелерінің өзге елде өзегіне от түскендей күй кешетіндігін жеткізгісі келеді біздің елдің адамдарына. Оның айтары шынайы көңіл, ыстық ықылас, бауырмал сезімдерді арқау етеді. Оны оқып отырып жан дүниесінің қарапайымдылығы мен адамгершілігіне, бауырына деген жанашырлығына тәнті боласың.
…Албырт шақта асығыс қадамға барып, алданған нәзік арудың мұңы мен арпалысы. Сенген адамы аяғы ауыр екенін естігенде селт етпестен бұрылып кете барады. Алданған ару сәбиін дүниеге әкеледі. Аурухана төсегінде сәбиін құшақтап отырған аруды ешкім іздемейді. Бала дүниеге келді деп сезімге бой алдырып жатқан анасынан басқа бірде-бір пенде жоқ мына жалғанда. Жас ананың тұлабойын түсініксіз сан сезім сұққылап жатыр. Қорқыныш, беймәлім өмір, құндақталған сәби. Еміренгісі келеді, бойындағы қорқыныш мұрсат бермейді. Ойында әкесі мен сәбиі арпалысып жатыр. Әкеден қорқады, ал,сәбиден…Соңында аласұрған қыз өмірінде құрсақ көтермеген, бір шаранаға зар боп жүрген Күміс атты әйелге сәбиін табыстайды.Бұл кітапхана сахнасында студент-жастар сахналаған көрініс.Санамызды селт еткізді.
Көрініс жалғасып жатыр. Арада күндер, айлар, жылдар өтеді сырғып. Қателікке ұрынған қызда, бақытын басқадан іздеген жігітте мамыражай күн кешіп жатқандай. Тек…Балада маза жоқ. Туған ата-анасын іздейді.Алдымен анасын табады. Бірақ зарығып іздеген асыл жаны мізбақпай шығарып салады. Әкесіне барады, әкесіде теріс айналады. Соншама жылдан кейін ата-анасына өзінің туған қызы екенін дәлелдеу оңайға түспейді балаға. Дәлелдеген күннің өзінде де суынған көңілдің жібуі оңай шаруа емес екеніне көзі жетеді. Тағдырына налыған қыз махаббатын аямаған асырап алған анасының құшағына құлап зар еңірейді…
Нанымды, шынайы.Сол себепті де көп көрерменнің көңілі бұзылып, жанарларына жас тұнды.
Кейіпкердің өз сөзі де әсерлі. Әңгімені оқу бар да, оны автордың өз аузынан есту бір бөлек дүние. Әкім Ысқақ тәп-тәуір әңгімеші. Өзіміз оқып таныған Германияда жүріп тудың желбіреуіне барын салған батыр қыз Ризагүлді, Америкадағы Арманды басқа қырынан танып, елге деген шексіз сүйіспеншіліктеріне риза боласың.Бір қызығы біз бұл әңгімелерді бірнеше рет оқыдық, бірнеше мәрте естідік. Бірақ әр естіген сайын жалықпайсың, керісінше жаңаша қабылдайсың,тыңдай бергің келеді. Біз кемшілігін де мойындай алатын, батырлығы да бар осындай халықпыз деп мақтанғың келеді.
Кеш бітті. Әдеттегідей кездесу соңында Әкім Ысқақ оқырмандарымен суретке түсті, өзінің алып келген «Көңіл қымбат» атты кітаптарын таратты. Бұл қаламгердің әдемі әлемі. Сол әдемі әлем талай көңілге шуақ боп шашылып, талай көңілді емдейді.Талай көңіл масаттанады, талай көңіл шаттанып, мақтанады. Өйткені ол адамгершілік пен ізгіліктің әлемі.
Жарылқасын Үсентаев
Leave a Reply