АДАМДАР, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АДАМДАРҒА МҮСІРКЕЙ ҚАРАМАСА ЕКЕН…

Адамдар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүсіркей қарамаса екен …


Оралхан әңгімелерін бала кезімнен оқитынмын. Кейіпкерлердің тосындау болмысы жанымды тебірентіп, көңілімді алай-түлей күйге бөлейтін. «Жылымық» әңгімесіндегі Жанардың жанның да жанары керек … деген сөзі жадымда жаңғыратын. Болмашыға күйгелектеніп, өміріне налып күн кешіп жатқан жандарды көргенде сабыр, сабыр, сабыр деп іштей қайталайтынмын. Мүмкіндігі шектеулі болса да, рухы мықты, жаны қайсар жандардың өмірге құштарлығы ,мынау жарық жалғанды шексіз сүйген іңкәр болмысы тағдыр талқысындағы қиындықпен арпалыса жүріп рухын шыңдауы жаныма серпіліс беріп, сілкінтіп жігерлендіретін. Ондай жаны сұлу жандар жанымызда жүр. Бүгін мен солардың бірі туралы айтпақпын. «Жас жаным құштар ақ таңға» деп мүшәйрада жыр оқып тұрған Ербек Бакиевтің жырынан өмірге деген шексіз сүйіспеншіліктің лебін сезіндім.

Сезгеннен кейін қайран қалмасқа да әдім қалмады. Ол жарық дүние есігін ашқанда ата-анасы қуанып жүріп қамықты. Қамыққандарын сәбиге сездірмей, жетелеп үлкен өмірге қадам жасатты. Қызылорда облысы,Қазалы ауданында дүниеге келген баланың әлсіз жанарын экологиялық апаттың зардабы деп ұғынды. Сол зардаптан іргемізді алшақ салсақ оңалар деген үмітпен Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданына қоныстанды. Олардың көңіліне медеу болған ұлдарының мынау аппақ әлемді толығымен көре алмаса да, жанарының дүниенің шуағын әлсіз болса да сезінетіні еді. Ойлы баласын әкесі облыстық «Үміт» мектеп-интернат   үйіне жетелеп келді. Үміті алдамапты. Жанары жарқ етіп көріп кетпесе де дүниенің рухани құндылығын көкірек көзімен бойына сіңірді. Қолына қалам алды, жүрегіндегі ойларын тізбелеп ақ қағазға төге берді.

Алғаш жазған өлеңіне бір қуанды,бір мұңайды. Өлеңін оқыған ұстазы Мамбеталиева Рахима Досалықызы шәкіртінің бойындағы қасиетін дәріптеп, биікке самғауына жігерлендірді. Алғаш тырнақалды туындысының алғысөзін жазып, кітапша етіп шығарып, көзі әлсіз көретін кітапханада жыр кешін ұйымдастырды.Сол кеште Ербектің жүрегіндегі жалындаған ой мен бір ізгі мақсат тұрды. Ол өзі сияқты көзі нашар көретін,мүмкіндігі шектеулі азаматтардың рухын асқақтатып, рухани дүниесін байытып, өнерінің жарыққа шығуына қызмет етсем деген ниет ізгілікті тіршілікпен үндестіруде адастырмады.

Мектепті 2014-тәмамдап алғаш еңбек жолын мүгедектерді оңалту орталығында мәдениет ұйымдастырушысы болып бастады. Сол жерде еңсесі түскен, жаны жабырқаған,өзін ешкімге керек еместей сезінген мүгедек жандардың мұңымен ортақтасты. Жігерлендірді. Жігерлендіру демекші, ол өзі туралы жазбақшы болған маған бір шарт қойды. Мен туралы жазылған жазба мұңлы болмаса, жұрт мүсіркеп қарамаса екен деген тілек еді.. Ия. Сұхбаттасқан сәттерімде жабырқай қоймайтын жайсаң жанның болмысына куә болдым. Сол сәтте жадыма Ербектің «Жанардың жасын сүрттім өлеңменен…-деген өлең жолдары орала кетті. Ол өзіне рухани күшті қазақтың қара өлеңінен тапты,өлеңмен сырласты,жанын қара өлеңнің құдіретімен байытты.

Жалпы, қоғамға айтар тілегі де сол : Адамдар ,мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүсіркей қарамаса екен …

Оңай емес. Біз солай ойлаймыз. Бірақ ол жасымады, мойымады жеңе білді. Қиындықты ерік-жігерін жани жүріп жеңді. Сол себепті де он екі мүшесі сау бола тұра өмірден түңіліп жүрген жандарға: -Адамдар сендер көздеріңді жұмып үйіңнен аялдамаға дейін барып көріңдерші, зағиптардың аппақ әлемді көрмей тіршілік кешуінің қаншалықты қиын екенін сезінесің деп айтқысы келеді. Көзі жүрер жолын әзер көрсе де оның назары тым биікте. Қоғамдағы барлық жайттарға өз пікірі бар. Қамыққан жандарға Мұқағалиша «Өмір ,өмір болмайды түңілуге»-деп айтқысы келетіндей.

2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігі құрылды. Ербек сол бірлестіктің төрағасының орынбасары. Бірлестікте 20-ға жуық өнерлі азаматтар бар. Солардың өнерін насихаттап, жұмысын үйлестіреді. Осы уақытқа дейін 16-40 жастың аралығындағы бірлестік мүшелері өз өнерлерін таныту мақсатында оңтүстік өңірінің 8 ауданын аралады.Мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Мөлдіреген жыр сезім» атты жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Бірнеше өнерлі жандардың шығармашылықтарын елге насихаттап , кітаптарын баспадан шығарды. Ербек өзінің «Жас жаным құштар ақ таңға» атты жыр жинағының да осы бірлестіктің іс-шараларының нәтижесінде жарық көргенін қуанышпен жеткізді. Өзі қызмет атқаратын көзі нашар көретін жандарға арналған кітапханада өтіліп жатқан іс-шараларды ұйымдастыруға да ұқыпты. Ақын-жазушылардың көркем дүниесін құмарта оқиды. Өнер адамдарымен өткізілген әдемі кештер әсемдік пен көркемдік әлемімді көркейте түседі,-дейді.

Ол кітап оқығанды ұнатады. Көркем әдебиетке деген құштарлық мені кітапты байлықтай құрметтеп жинауға құлықты етті. Жақында ғана басын құрап,отбасылы болған батыл жігіт келешекте баспаналы болуды армандайды. Сол баспанасына қаз-қатар етіп кітап жинап, өз кітапханасын қалыптастырудын қамында.

Әңгіме барысында өзі еңбек ететін көзі нашар көретін жандарға арналған кітапхана қорында 100 пайыз кітаптың 53 пайызы зағиптарға арналған арнайы кітаптар екендігін, қазақ әдебиетінің көркем туындылары дыбыстандырылғанын айтып өтті. Зағиптарға ұялы байланыс, компьютерді де дыбыстандырылған түрінде қолдануға мол мүмкіндік барлығы да көңілге қуаныш сыйлайды.

Рухы мықты, өресі биік азамат келешекте тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, 25 тараудан тұратын кітап жазып шығуды мақсат етіп отырар.Үлкен арманы да осы. Оның төрт тарауы мекемелерге яғни өзі білім алған Үміт мектебі, мүгедектерді оңалту орталығы,кітапхана, қоғамдық бірлестікке арналмақ. Қалған 21 тарауына адамдардың тағдыры арқау болмақ. Армандар орындалады. Себебі, Ербектің жүрегіндегі ақ таңға деген құштарлық, өмірге деген сүйіспеншілік бар.Мұндай сезімдер адастырмайды. Есіме, тағы да сол Оралханның «Жылымық» әңгімесі түсті. Жанардың хаттағы жазған мына жолдары:

Тууы мен өлуі бірдей адамның бір-бірінен артықтығы, кәне, тек осыны ұқсаңыз болды. Сондықтан да соқырлар өлім мен өмірге жасқанбай тура қарай алады. Әлдеқайда жамандық пен жақсылықты бұрын көрер еді.

Ол басқа тағдырластары сияқты тек қана жақсылықты көреді мына өмірден. Ақ таңға құштар көңілі әлі талай биіктерге жетелейді…25 жылдыққа,25 тараудан тұратын кітап та шығады.Қол ұшын созып, қаржылай көмек көрсететін жандар да табылады.

                                                                                                                                                                                                                                                                               Зылиха ЖАНТАСОВА

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика