Шымқалада білім саласында сапаны қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда

Білім беру жүйесі қоғамның дамуында маңызды роль атқарады. Алайда, білім сапасының тұрақты деңгейде болуын қамтамасыз ету әрдайым өзекті мәселе болып қала береді. Осы мақсатта білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жұмысы ерекше мәнге ие. Аталған департаменттің негізгі мақсаты өз құзіреті шегінде білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету бағытында білім беру ұйымдарына сырттай бағалау жүргізу арқылы білім саласындағы мемлекеттік реттеуді, бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Департаменттің өзіне жүктелген құқықтары мен міндеттері бар

Шымкент қаласындағы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде атқарылып жатқан шаруалардың жай-жапсары туралы  мекеме басшысы  Әліш Рыскелді Салхутдинұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Айтуынша, департаменттің өзіне жүктелген құқықтары мен міндеттері бар. Атап айтар болсақ:

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді өз құзіреті шегінде қарайды, заңнамада көзделген тәртіппен әкімшілік жаза қолданады, орындалмаған жағдайда істі сот органдарына жолдайды, соттарға қатысады;

– Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Департаменттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, өтініштері мен шағымдарын қарайды.

Сонымен қатар, департаменттің функцияларына мыналар кіреді:

– Қазақстан Республикасының рұқсаттар мен хабарламалар туралы Заңына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияға қосымшалар береді және қайта рәсімдеуді жүргізу;

– Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу рәсімін жүзеге асыру;

– Білім беру ұйымдарының оқу, тәрбие процесіне, материалдық-техникалық базасына мониторинг жүргізу;

– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

– Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

– Меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу.

Иә, жалпы Шымкент қаласында 1000-нан астам білім беру ұйымдары бар болса, солардың барлығына да қалалық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің тарапынан заңды негізде аттестаттау, мониторингтеу жұмыстары жүргізіліп отырады.  Бұл туралы департамент басшысы:

– Мемлекеттік аттестаттау, яғни мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін бақылау білім беру ұйымына бармай, сайт арқылы жүргізіледі. Білім беру ұйымдары үш жылдық жұмыстарын толықтай сайттарына тіркейді (ҚРОАМ 05.12.2022 ж №486 бұйрық). Біздің департаменттің жауапты мамандары соның барлығын қарап, тексеріп, білім беру ұйымдары стандартқа сай жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па, сол бойынша аттестациядан өткізіледі. Бұл жерде педагогтың біліктілігінен  бастап, білім ордасының материалдық техникалық базасының жабдықталуына дейін барлық мәселелер қаралады. Егер де барлығы нормативтік-құқықтық актілерге сай келсе, мекеме аттестатталады. Сай келмесе аттестатталмайды, ондай кезде аталған мекемеге келісімді түрде бірнеше ай көлемінде немесе бір жылға дейін мерзімде уақыт беріледі. Сол аралықта білім беру ұйымы анықталған кемшіліктерді жоюы тиіс. Ал егер екінші ретте де аттестаттаудан өте алмаса, оны профилактикалық бақылауға қоямыз. Профилактикалық бақылау шарасы онлайн емес, білім беру ұйымдарына бару арқылы жүргізіледі.

Биылғы жылы жоспарлы білім беру ұйымдарының біліктілік талаптарына бару арқылы профилактикалық тексеру Шымкент қаласының 14 білім беру ұйымдарына жоспарланған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айлары аралағында 6 білім беру ұйымдарында білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сақталуына тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы арқылы үш мектептің заңды тұлғаларына 45 айлық және жекеменшік мектептің заңды тұлғасына 80 есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, лицензияның қолданысы бір ай мерзімге уақытша тоқтатылды. Жалпы көлемде, 215 АЕК, яғни 793 780 тг айыппұл салынды.

Бұл жерде департаменттің мақсаты – білім беру ұйымдарын жабу немесе лицензиясынан айырып тастау емес, керісінше олардың жұмыстарының жақсаруына мүмкіндік беру. Осылайша  мектептер бес жыл, балабақшалар төрт жыл сайын аттестаттаудан өтіп отырады, – деп түсіндіреді.

Департамент биылғы жылы 200 білім беру ұйымына (оның ішінде 130 балабақша, 70 мектеп бар) аттестаттау шарасын жүргізуді жоспарлаған. Ол бойынша бірінші реттік аттестациядан 7 балабақша өтсе, екінші реттік аттестациядан 26 балабақшада анықталған кемшіліктер жойылып, қайта аттестаттаудан өтіпті. Қалған 61 балабақшаға 2025 жылдың наурыз айына дейін жоспарлы екінші реттік мемлекеттік қайта аттестаттау шаралары жүргізіледі. Жыл соңына дейін 106 білім беру ұйымына (36 балабақша, 70 мектеп) мемлекеттік аттестаттау жүргізілмек.

Тексеру нәтижесінде айыппұл арқалағандар да бар

Білім беру қызметін лицензиялау тәртібіне тоқталар болсақ, департамент екі бағыт – «Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» және «Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» (Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру бойынша өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру www.egov.kz электронды үкімет веб-порталы, «e.license.kz» жүйесі арқылы жүзеге асырылады) бағыттары бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Департамент 2024 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін лицензия және лицензияға қосымша алу, лицензия және лицензияға қосымшаны қайта рәсімдеу мәселелері бойынша түскен 64 өтінішті қараған. Нәтижесінде 13 білім беру ұйымына (бас лицензия – 1 мектеп, лицензияға қосымшасын беру – 12 мектеп) лицензия және лицензия қосымшасы берілді. 22 білім беру ұйымының (колледж – 7, мектеп –15) өтініштері қараудан бас тартылды. Ал лицензия және лицензия қосымшаларын қайта рәсімдеу бойынша 29 (колледж – 5, мектеп – 24) өтініш түскен. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу мемлекеттік көрсетілген қызметі бойынша 149 өтініш қаралып, құжаттары берілген.

Сонымен қатар, департамент мемлекеттік мекеменің 2 және құзырлы органдардың 20 жолданымы негізінде жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жалпы 330 АЕК көлемінде 1 218 360 тг айыппұл салынды. Оған қоса, 7 мектептің лицензиясы 1 және 2 айға уақытша тоқтатылса, бір мектептің («Premium School» ЖШС-і) лицензиясы рұқсат беру құжатынан айырылып, толық тоқтатылды. Лицензиясы уақытша тоқтатылған мектептер белгілі бір мерзім аралығында анықталған кемшіліктерді түзете алса, ары қарай өз жұмыстарын жалғастыра бермек.

– Шымкент қаласындағы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне түрлі мәселе бойынша арыз-шағымдар да түсіп жатады. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында E-otinish порталы арқылы 114 арыз-шағым тіркелген. Біздің департаменттің құзіретіне кірмейтін мәселелер бойынша 74 өтініш өзге мемлекеттік органдарға жолданса, 40 өтінішке өз тарапымыздан нақты жауаптар берілді.

Жалпы, департамент тарапынан қаралған арыз-шағымдар нәтижесінде 19 мекемеге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізіліп, 11 лауазымды тұлғаға, 7 заңды тұлғаға, 1 жеке тұлғаға 250 АЕК көлеміндегі 923 000 тг айыппұл салынды, – дейді Рыскелді мырза.

«Мақсатты мектеп» – әбден пісіп-жетілген жоба

Бүгінгі күні Республикада аса маңызды «943 – еліміздің нысаналы мектептерін дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Мақсатты мектептерді қолдау жобасы жай ғана бастама емес, бұл  – мектептердегі білім сапасын түбегейлі өзгертуге бағытталған стратегиялық бағыт. Композитті индекс арқылы анықтау нәтижесінде Шымкент қаласының 74 мектебі мақсатты мектептер қатарына еніп отыр. Биыл бұл жобаға 40 мектеп қосылды. Осыған орай, Шымкент қаласының Оқушылар сарайында «Еліміздің мақсатты мектептерін дамытуда кешенді тәсіл: қажеттіліктерді талдаудан бастап атаулы қолдауға дейін» тақырыбында жобаға енген 40 мақсатты мектептің басшыларымен отырыс өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Жұмашев Қаныбек Бекболатұлы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығының директоры Аманжолов Дулат Аманжолұлы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының Үздіксіз дамуды қамтамасыз ету Департаментінің директоры Ниязова Гулияш Балкенқызы орта білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі, мақсатты мектептерді анықтау кезеңдері, мақсатты мектептерді дамыту жобасын іске асырудың барысы, даму траекториясы туралы баяндап, білім беру ұйымдарының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Отырыс соңында Шымкент қаласының білім басқармасының №125 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Бағлан Үмбетбаев пен өзге де мектеп басшылары көкейкесті сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын ала алды.

Ал бұған дейін қыркүйек айында Шымкент қаласында «Барлығына қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы шеңберінде берілген «943 – елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасын іске асыру мақсатында «Мектептегі білім сапасын басқару: стратегиядан практиға» тақырыбында семинар болып өткен болатын. Оған «Мақсатты мектеп» жобасына енген 40 мектептің басшылары қатысқан еді. Семинарда Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рыскелді Әліш мектеп директорларына «Мақсатты мектеп» жобасының тиімділігі туралы жан-жақты түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берген болатын. Осыған байланысты біз Рыскелді мырзаға мақсатты мектеп жобасы аясында сауал тастаған болатынбыз. «Соңғы кезде аталған жобаға кейбір мұғалімдер қарсылық танытып жатқаны белгілі. Сіз бұл туралы не дейсіз?» деген сауалымызға ол мұның әбден пісіп жетілген дүние екенін түсіндірді.

– Бұл жоба білім саласындағы реформалар негізінде қалыптасып жатыр. Өз басым мен мұны өте дұрыс қабылданған шешім деп есептеймін. Себебі ол бостан босқа қолға алынып жатқан жоқ. Мектептер бір деңгейде қала бермеуі  керек. Білім ордаларында мұндай жұмыстар жүрмесе сапалы білім қайдан болады? Балаларға сапалы білімді қалай береміз? Мұның барлығы – ұрпағымыздың жарқын болашағы, білімі үшін жасалып жатқан дүниелер. Егер педагог білімді, білікті болмаса, өз өзін жетілдіріп отырмаса, оған қандайда бір талаптар қойылмайтын болса, ол қалай баланы алға қарай жетелей алады? Сондықтан бұл жобаны педагогтарға берілген мүмкіншілік, яғни өзінің білімін зерделеп алып, жетпей тұрған тұстарын толықтыру деп түсінуіміз керек. Әр адам өз саласының нағыз маманы болғанда ғана ол сұранысқа ие тұлға болып қалыптасады.

Жалпы алғанда, бұл жобаға қоғам қарсы емес. Болашақта оның оң нәтижесі болады. Себебі, бұл – Үкіметте қаралып, дұрыс бағытта жүріп жатқан, әбден пісіп-жетілген бағдарлама, – дейді Рыскелді Салхутдинұлы.

Бұл сауал Мәжіліс депутаттары тарапынан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа да қойылған болатын. Министр ең басты мақсат білім мекемелерінде тиісті сапаға жету екенін айтқан еді.

– Сапаны қамтамасыз ететін кім деген сұраққа келетін болсақ, Ыбырай Алтынсаринша айтқанда, мектептің жүрегі – ұстаз. Яғни мектептегі оқушы білімінің сапасы бұл ұстаздың сапалы білім беруіне тікелей байланысты екені белгілі. Ендеше «Мақсатты мектептің» негізгі мақсаты – мектепте қызмет етіп жатқан мұғалімдердің сапалы білім беруіне көмектесіп, әдістемелік қолдау көрсету үшін ұйымдастырылған дүние. Бірден айта кетейін, бұл жерде жасыратын, шулайтын ештеңе жоқ. Өзім де оны қадағалап, мұғалімдермен сөйлесіп отырмын. Мектепте оқушылардың оқу жетістіктерін бақылау, PISA-ның көрсеткіштері, оған қоса ҰБТ бар – осы көрсеткіштің барлығы жинақталып, қай мектептің білім сапасы қай деңгейде екенін анықтайды. Бұл жерде ойдан шығара салған мектептерді кіргізу емес, мектептердің әртүрлі рейтингтерден алынған нәтижелерінің қосындысын қарастырдық, – деген еді министр.

Бейсембаевтің сөзінше, «Мақсатты мектеп» жобасына енген мектептерде 6-8 жыл бойы біліктілігін арттырмаған ұстаздар да бар көрінеді.

– Бұл мектептерде мұғалімдердің 30-40%-ы біліктілігін арттырмағаны анықталды. Олардың барлығының тізімі бар. Егер салыстырмалы түрде айтсақ, аттестация болған кезде мұғалімдердің қатысу белсенділігі онша жоғары болмайды. Бірақ күні кеше оқудан өткеннен кейін өзінің білімін тексеру үшін тесттен өтті. Сол кезде оған мұғалімдердің 95%-ы қатысты. Ол тест жұмыстан шығару немесе оны жазалау не болмаса санатын төмен түсіру үшін қолданылмайды. Тіпті аттестация кезінде де мұндай шаралар қолданылмайды. Біреулер әдейі осындай шу шығарып, мүмкін мұғалімдерді осы мәселе мазалап отырған шығар. Бірақ бұл керісінше мұғалімдерге әдістемелік көмек ретінде жасалған дүние. Бұл менің бақылауымда. Толғанатын ештеңе жоқ, – деп түсіндірді министр.

* * *

Шымкент қаласындағы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің алдағы жылы да атқарар шаруалары аз емес көрінеді. Департамент басшысы Рыскелді Әліштің айтуынша, келесі жылға да министрлікпен келісілген аттестациядан өтетін мекемелердің тізімі құрылады. Биыл аттестау бойынша 200 білім беру ұйымы жоспарда тұрған болса, ендігі жылы 200-дің үстіндегі білім ошағын аттестаттаудан өткізу жоспарланып отыр. Демек, келер жылы да қала мектептеріне қатысты тексеру жұмыстары өте қарқынды жүрмек.

М.ЫБЫРАЙ

 

 

 

 

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика