Түркістан қаласында осылай аталған фотокөрме өтті. Қала қонақтары мен тұрғындары көп шоғырлатын нүктеге қойылған фотосуреттер алаңын «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі қызметкерлері ұйымдастырды.
Көрме мақсаты – туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу болып табылды. Осы іс-шарамен табиғи парк биылғы «Парктер шеруі-2021» экологиялық акциясын ашып берді. Алдағы уақытта осы акция шеңберінде су айдындарын тазалау, жергілікті тұрғындармен заңсыз отын кесу, балық аулау, сирек кездесетін және Қызық Кітапқа енген өсімдіктер мен жануарларды жою туралы түсіндіру жұмыстары қамтылды.
Рухани астана тұрғындары мен қонақтары әлеуметтік желілерде фотоөнері танымал болған саяхатшы-суретшілердің 40-тан астам туындыларымен танысты. Адамдар қызғалдақтарды құшақ-құшақ етіп жұлуына байланысты лалагүлдерге жойылып кету қаупі төніп отыр. Елді мекендердің өсуі, жер жырту жұмыстары мен жайылымдардың ұлғаюы да кері әсерін тигізуде.
Тарихшылардың айтуынша, Қазақстан – қызғалдақтардың отаны. Бұл керемет гүлдер Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, одан ары Голландияға жеткен. Ғылымдар гүл атауын парсы «toliban» (шығыс халқының бас киімі) сөзінен шыққан деп пайымдайды.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қызғалдақтың 34-тен астам түрі өссе, оның 18 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұлардың ішінен Грейг, Борщов, Берікқара, Түркістан, Леман, Бузе, т.с.с. танымал. Ал, эндемик түрлері қатарына Колпаковский, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, жалған қосгүлді, Альберт, Кеш қызғалдақ болып есептеледі.
– Қызғалдақтарды заңсыз жұлу әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабына сәйкес үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін (8 751 000 теңге) айыппұл салуға, немесе қоғамдық, түзету жұмыстарына тартуға, тіпті бас бостандығынан айыру жазасына ұшырауға әкелуі мүмкін, -дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің туризм саласы бойынша инспекторы Қ.Кәрібаев.
С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Түркістан қаласы
Leave a Reply