Қоқыс шығару тарифі өседі

Үшінші мегаполисте қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі қымбаттайды. Әзірге бағаның  қанша болатыны белгісіз. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жыл соңына дейін төлем мөлшері нақтыланатынын жеткізді. Сала жауаптылары тұрғындардың өзге өңірлерге қарағанда төлемді екі-үш есе арзан төлеп отырғанын алға тартуда. Қазір жеке тұрғын үйлер үшін бекітілген тариф 200 , ал көпқабатты тұрғын үйлер 171 теңгені құрайды.

Қаланың тазалығымен оннан аса мекеме айналысады. Десе де қоқыс алаңындағы қалдықтар уақытылы тазаланбайды. Өз ісіне салғырт қараған бірнеше мекеме айыппұл да төлеп үлгерген. Арасында ісіне ұқыпты компаниялар да бар.

Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков бүкіл тазалық компания өкілдерінің басын қосып, мәселелерін тыңдады. Басым бөлігі шығынға жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Сондықтан да тарифті көтереміз  деп кесіп айтты. Өйткені бүгінге белгіленген төлем бағасына бес жылдан бері өзгеріс енгізілмеген.  Қазір жеке тұрғын үйлердегі әр адамға бекітілген тариф 200 , ал көпқабатты тұрғын үйлерде 171 теңгені құрайды.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Тариф төмен. Еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда ең арзан төлем бізде. Бірақ жалпы осы тарифпен де шығынсыз қызмет көрсетуге болады. Десе де бүкіл компания өкілдерімен кездесіп, шығындарын санап, халықтың да қалтасына ауыр тимейтіндей бағам шығарамыз. Жаңа төлем жаңа жылға дейін анықталып қалады».

Бағаның өзгеруіне қоқыс қалдықтарын тазарту, тастау, көмумен айналысатын мердігер мекемелердің шығынының көбеюі себеп. Компания өкілдері техниканың тозуы, қосалқы бөлшек пен жанармай шығынын қосып отыр.

Сондай-ақ, шаһарда біртекті қоқыс алаңшалары болатыны айтылды. Бүгінде қаладағы төрт аудан бойынша 511 қоқыс алаңшасы мен 2 139 контейнер бар.

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика