Көпқабатты тұрғын үйлер көбейеді

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлім етті.

— Қала экономикасының маңызды саласының бірі – құрылыс. Биыл қалаға 250 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған, оның ішінде 121 млрд теңгесі құрылысқа тиесілі. Негізгі басымдық — көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы. Қалада жалпы алаңы 1 млн шаршы метр, 13 384 пәтерлі 248 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол негізінен «Шымкент сити» қалашығы мен Әкімшілік-іскерлік орталығында салынуда. Дегенмен, тұрғын үй құрылысының негізгі даму аймағы – «Тұран» шағынауданы болып белгіленді. Оның жалпы алаңы 197 гектарды құрайды, 12 орамға бөлінген, — деді қала әкімінің орынбасары.

Б. Мамыталиевтың мәлімдеуінше, қаланың бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, «Тұран» шағынауданында 1 млн 300 мың шаршы метр 384 көпқабатты тұрғын үй, 6 мектеп, 10 балабақша, 37 коммерциялық нысан және аумағы 30 га 1 этносаябақ салынады.

Биыл шағынауданда жаңа 2 768 пәтерлі 42 үйдің құрылысы басталып кетті. Жыл сайын орта есеппен 85 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек.

Сондай-ақ бюджет қаржысы есебінен биыл 78 тұрғын үй құрылысы басталады (5008 пәтер, 295,2 мың м2). Жыл соңында 59 тұрғын үй немесе 3732 пәтер пайдалануға тапсырылады (2020,2 мың2).

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «7-20-25» бағдарламасымен биыл 2 229 пәтерлі 44 тұрғын үй салынады. Ал жеке салушылар есебінен 6 147 пәтерлі 126 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде (594 мың м2). Биыл жеке салушылар тарапынан 33 тұрғын үй пайдалануға тапсырылатын болады (1600 пәтер). Жалпы осы жылы 612 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл соңғы 3 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика