ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ЕСКІ ҚОҚЫС КОНТЕЙНЕРІ БОЛМАЙДЫ

Ауданда 416 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның аумағында 65 қоқыс алаңшасы болса, ол алаңшаларда 200 қоқыс контейнері орнатылған. Бүгінгі таңда ол контейнерлердің түгелге жуық тозығы жеткен, оларды талапқа сәйкестендіру бойынша аудандық және қалалық прокуратура тарапынан бірнеше ұсыныс түскен болатын. Сол ұсынысты ескере отырып, биыл жергілікті бюджет есебінен 24,9 млн теңге қаржы қаралды. Қазір бұл қаржыға 226 контейнер сатып алдық, осы шілде айында аудандағы барлық ескі контейнерлер заманауи жаңасына ауыстырылатын болады. Осыған орай, қоқыс алаңшалары орналасқан жер телімдерін құжаттандыру, заңдастыру және сол арқылы оларды Қаратау ауданы әкімдігінің балансына қабылдау үшін 2,2 млн теңге қаралып, оны «ҚазПроект» ЖШС атқарып бітті, мемлекеттік актілері алынды.

Қаладағы «ГринЛайн» деген инвестормен бірлесе «Нұрсәт» шағынауданындағы қоқыс алаңшаларына қоршау орнаттық. Мұндай қоршаулар жыл соңына дейін аудандағы барлық 65 қоқыс алаңшасына қойылмақ.

Сондай-ақ, аудан аумағында сенбіліктер ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Сенбіліктерге аудан әкімдігінің мамандарынан бастап, тазалыққа жауапты мердігер мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары да тұрақты қатынасады. Жыл басынан бері ұйымдастырылған сенбіліктер барысында көпқабатты тұрғынүйлер аулаларына 3 мыңнан астам ағаш көшеттері егіліп, арық-атыздар аршылған, аяқжолдар, жасыл аумақтар, көше бойлары күл-қоқыстан тазаланды.

Осымен қоса, абаттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілді. 2019 жылы жеке инвестор «Бай болашақ» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік аясында 57 аула, 139 көпқабатты үйлер ауласында заманауи ойын алаңшалары қойылып, абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Ал, 2020 жылы абаттандыру мақсатында 355 млн теңге қаржы қаралып, «Нұрсәт» шағынауданының 20 көпқабатты үйлеріне 8 аула орналастырылмақ. Бұл жұмыстарды «Аманта Групп» ЖШС бастап кетті, шілде айының соңына дейін аяқталады.

Сонымен қатар, 2020 жылы ашық спорт алаңшаларын салу жұмыстарына 213 млн теңге қарастырылса, оны «ӘлемСтрой» ЖШС атқарып жатыр, биылғы шілде айының соңына дейін 10 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Спорт алаңшаларының құрылысы «Нұрсәтте» 4 дана, Қайнарбұлақ саяжайында, «Мирас», «Достық», Қайтпас, Таскен және Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында басталып кетті. Осыған қоса, тозығы жеткен ашық спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 71 млн теңге қаралса, қазіргі уақытта 13 спорттық алаңшаға мердігер мекеме «Сиқым Олжас» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастады, шілде айының соңына дейін аяқтайтын болады. Айта кететін бір нәрсе, «Самұрық-Қазына» ӘҚ-нің демеушілігімен алдыңғы жылы «Мирас» шағынауданына балалар алаңшасы орнатылса, биыл 57,5 млн теңге қаржыға Қайнарбұлақ тұрғын алабында заманауи алаңша даярланып, мамыр айында пайдалануға берілді.

А.Парманов

Шымкент қаласы, Қаратау ауданы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі  орынбасары

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика