ӘУЕЖАЙ ӨЗ-ӨЗІН АСЫРАЙ АЛАДЫ

Әуежай сатылады деп ел біраз дүрліктіргені жасырын емес.

Қаламыздың әуежайы 2015 жылы үкіметтің қаулысымен жекешелендірілетін объектілер тізбегіне енгізілген болатын. Сол қаулыға сәйкес 2018 жылы ол жекешелендіруге түсуі керек болған. Алайда, түрлі себептермен бұл шаруа шегеріле беріп, ақырында 2020 жылға дейін жеттік.

Біз 18 қыркүйек күні республикалық газет-сайттарға хабарландыру бердік. Бүгін, 8 қазан соңғы күні. Үкіметтің қаулысы, құжаттарға қол қойылу сынды дүниелер өз кезегімен жүріп жатыр. Ал құны турасына тоқталсақ, тәуелсіз бағалаушылар әуежайды 5 млрд 200 мың теңгеге бағалаған. Оны «көтер, түсір» деп ешкім айта алмайды, өйткені тиісті мемлекеттік сараптамадан өткен.

Неге мұндай шешімге келгенімізге тоқталар болсақ, Шымкент секілді қалаларда аэропорт — өзін-өзі дамытуға, яғни ақша табуға мүмкіндігі бар нысанаға жатады. Қазіргі таңда ол қалалық меншікте. Екі жылдан соң ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізу қажет, автобустарын ауыстыру керек, тағы сол секілді жұмыстары бар. Олардың бәріне қыруар қаржы жұмсалатындықтан, қалалық бюджетке салмақ салады.Сол себепті біз нарықтық экономикада тұрған қала ретінде, ондай нысандар өз-өзін асырау керек деп ойлаймыз. Аэропортты сату бойынша жарияланған конкурс талаптарына сәйкес, сатып алушы бюджетке 5 млрд 200 мыңды төлейді. Оған қоса, әуежайдың дамуына он жыл ішінде алты млрд теңге салу керек.

Қазіргі аэропорт өзінің шығындарын ғана жауып отырғандықтан, әрі қарай дами алмайды. Сол себепті, ол бүгіннен бастап, одан әрі кеңейіп, коммерциялық бағыттарға жұмыс істей беру керек.

Мысалы, еліміздің ең үлкен мегаполисі Алматыдағы аэропорт жекеменшікке өткен. Жергілікті билік оған бір тиын да ақша бермейді, керісінше иесі қалалық бюджетке салық төлейді. Бізде де солай болуы керек. Неліктен біз өзін-өзі асырайтын объектіні алып жүруіміз керек?

М. ИСАҚОВ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика