Шымкентте 200 орынға арналған госпиталдың құрылысы аяқталды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Госпиталь Қаратау ауданының «Ақжайық» шағын ауданында орналасқан. Ғимаратта 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар. 200 төсек-орынға арналған бір қабатты модульдік үлгі бойынша салынды. Құрылыстың бас мердігері – «BI Industrial» ЖШС. Бұл госпиталь қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы.
Енді мұнда коронавирустық инфекцияға күдікті барлық пациент қабылданады. Ғимараттың жалпы ауданы 6353 м2 құрайды. Стационарда барлығы 300-ден астам білікті медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді. Инфекциялық госпиталь барлық қажетті заманауи медициналық техникамен жабдықталып отыр. Мұнда компьютерлік томограф, сандық рентген аппараты, 20 ИВЛ аппараты бар. Реанимациялық залдар «open space» қағидаты бойынша ашылған. Бұл – медициналық персоналға пациенттердің жағдайын бақылауға жеңілдетеді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада коронавирустық инфекцияны төмендету бойынша шараларды күшейту үшін модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы басталған. Өкінішке қарай, әлі де Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайы өсіп жатыр. Қала аумағында басқа да аса қауіпті инфекциялардың таралу қаупі сақталуда.
Leave a Reply