Ипподром орнына жаңа құрылыс салына ма?

Қыркүйектің 9 күні «Наурыз» алаңында ескі ипподромды «Бозарық-3» шағынауданына көшіру жайлы брифинг өтті. Қала әкімі 2015 жылғы 16 маусымдағы 906 қаулысына сәйкес жаңа ипподромды әлемдік стандартқа сай, жаңа үлгімен салуға шешім қабылдаған.

Іргетасы 1979 жылы қаланған ескі ипподромды көшірудің негізгі себептерін Ұлттық спорт мектебінің директоры Ғани Ахметбаев былай түсіндірді: «Төмен рельефте орналасқан аймақта ауа жеткіліксіз, жылқылардың жаттығуына ыңғайсыз, осының салдарынан жарыс үстінде ентігіп, ауа жетпей, бәйге аттары қаза боп жатыр. Санитариялық талаптарға сай келмейді»-деді.

Шымкент Республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген. Сондықтан да, қала әкімшілігі өз бетінше инвестиция тартып, қаланың экономикалық ақуалын арттыру керек деп санайды. Жобаны жүзеге асыруға «BI Group» АҚ компаниясы өз жобасын ұсынған болатын. Жаңа қалашықтың құрылысы кезінде жаңа 6000 жұмыс орнымен қамтыса, құрылыс аяқталғаннан кейін 1 мектеп, 1 бала-бақша, саябақтар мен скверлер және 445 000 ш.м. тұрғын-үй жайлар пайдалануға берілетін болады.

Алайда, ипподром айналасындағы көгалданған аймақты жою арқылы жүзеге асатын құрылысқа көпшілік өз қарсылығын білдірді. Бұл құрылыс бастамасы Дендросаябағы мен хайуанаттар бағына да орасан зор зияны тигізеді. Осыны алға тартқан көпшілік ашуға булықты. «Халықтың айтқанымен санасымыз» деген қала әкімшілігінің өкілдері мен қалалық маслихат депутаттары жиналған журналистер мен тұрғындарды сабырға шақырып, жоспардың нақты бекітілмегенін, аталған жобаның жүзеге асатын-аспайтыны әлі белгіленбегенін айтты.

Ақбөпе ЕРГЕШ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика