Шымкент қаласы Достық шағын ауданында 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды. «Жан-Нұр» жалпы білім беретін мектебінің ашылуына Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов пен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысты.
Айта кетейік, жаңа мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұл жекеменшік білім ұясы болғанына қарамастан, балалар тегін білім алады.
Жанат Тажиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Мемлекет білім беру саласын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Президент халыққа арнаған Жолдауында мектеп салу Үкімет пен әкімдіктердің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Осыған орай, Шымкент қаласында биыл 40-қа жуық мектеп салу жоспарланған. Бүгін сол білім ұяларының бірінің ашылу салтанатына келіп отырмыз. Достық шағынауданының тұрғындары мектеп мәселесін бірнеше жылдан бері айтып жүр еді. Міне, биыл жеке инвестордың есебінен бұл мәселе шешімін тапты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған».
Шымкенттің шалғай шетінде орналасқан шағынауданда тұрғындар саны жыл жылжыған сайын көбейіп келеді. Оның үстіне әрбір төртінші сәби күнгейде дүние есігін ашатынын ескерсек, мектеп тапшылығы туындауы заңдылық та.
Шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында мектеп саны 20-ға артып, 223 мектепте 242 525 оқушымен 19 534 педагог оқу-тәрбие жұмыс істеуде. Жаңа оқу жылында 223 мектептің 218-і, яғни 97,8%-ы бес күндік,үш ауысымда білім беретін 5 мектеп 6 күндік оқумен қамтылады. Өткен жылмен салыстырсақ, бес күн оқитын мектептер – 61-ге артып, 6-күн оқитын мектепт
ер 40-қа кеміді. Сонымен қатар, 45 мектеп бір ауысымда, 173 мектеп 2 ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім беретін болады.
Айта кетсек, Шымкентте алдағы бес жылда қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12, ал жеке инвестор қаржысына 40 мектеп салынады. Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептерді жою туралы үкіметке нақты тапсырма жүктегенін айтқан қала басшысы мектеп құрылысын күшейту үшін жеке кәсіпкерлерді көптеп тарту керектігін жеткізді. Жеке мектептер санын көбейту арқылы бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді. Ал, инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба.
Leave a Reply