Ж.Шайхсламов, Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы: «ШЫМКЕНТТЕ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН КОММУНАЛДЫҚ МӘСЕЛЕ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ»

Шымкент қаласы Қазақстанның ауа райысы жылы, жері шұрайлы оңтүстігінде орналасқан. Сондықтан бұл шаһарға шетелдегі қандастарымыздың басым бөлігі көшіп келуде. Қала берді, Түркістан облысы болып бөлініп кеткен ауданнан да қоныс аударушылар аз емес. Сонымен бірге, жергілікті халықтың демографиялық өсу динамикасы жоғары. Мұның бәрі мегаполисте жаңа шағынаудандардың көбеюіне әкеліп, су, газ, электр энергиясы түйткілдерін арттырмаса кеміткен емес.

Ал, қордаланған мәселенің бәрі айналып келіп Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасына жүк болады. Атқарар тірліктері тұрғындардың тұрмысына тікелей қатысты болғандықтан күрделі. Сөйте тұра, үстіміздегі жылы аталған салада қыруар жұмыстар атқарылды. Шаһардың деңгейін шын мәніндегі мегаполис атауына жақындатқан басқарма басшысы Жолшыбек Мұхтарұлы Шайхсламовты сөзге тартқанды жөн көріп едік. Жолшыбек Мұхтарұлы да уақытының тапшылығына қарамастан бірнеше сұрақтарымызға жауап беріп еді. Екеуара әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Үстіміздегі жылы «Жаңа талап» елді мекенінің тұрғындары мен Парламент депутаттарының кездесуінде ауыз су жетіспеушілігі және көгілдір отын қажеттілігі туралы айтылып қалып еді. Көтерілген мәселелер өз шешімін тапты ма?

– Бүгінгі таңда «Жаңа талап» елді мекені тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Қазіргі уақытта аталмыш елді мекен тұрғындары үшін темір бетонды екі су жинау нысаны салынуда. Бұл құрылыс аяқталса, нысан 25-желтоқсан күні пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан соң «Жаңа талапта» ауыз су мәселесінің түйіні толықанды тарқатылмақ. Ал көгілдір отын мәселесіне келсек, өздеріңізге мәлім Шымкент қаласында «АГРС-3» деп аталатын газ тарату станциясы құрылысы аяқталу үстінде. Станция енді-енді толық іске кіріседі. Осы себептен газы жоқ аумақтарға көгілдір отын жүйесін тартуды кейінге қалдырғанбыз. Соңғы күндері тұрғындардан көгілдір отын қысымын әлсіз екенін естіп жүрсіздер. Мұндай жағдайда газ жүйесін тартып тастағанымыздан не пайда, егер ертең көгілдір отын жетпей қалса, жүргізіп тастаған құбырлар бекерге жатып қалады.

– «Ынтымақ-2» шағын ауданының бір бөлігіне газ жүйесі тартылмаған. Бұл мәселе шешімін таба ма?

– Әрине, шешімін табады. Біз Шымкенттегі су, газ, электр желілерімен қамтылмаған аумақтардың мәселесін 2025 жылға дейін толыққанды шешу үшін алдымызға міндеттемелер қойып отырмыз. «Ынтымақ-2» шағынауданы әрқашан біздің назарымызда. Аталған шағынауданның екінші бөлігіне көгілдір отын жүйесін тарту ісіне кіріспегеніміз жоғарыда айтқандай «АГРС-3-ке» қарап тұрған. Көгілдір отын жүйесін тарту ісіне енді кірісеміз. Айта кетерлігі, «Ынтымақ-2» шағынауданындағы шамамен 100-150 үйді жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ондағы қалған тұрғындардың үйлеріне келесі жылы су құбырын қосу үшін қазіргі таңда құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, аталған шағынаудандағы электр жүйесі тартылмаған бөлігіне 2021 жылы бағаналары орнатылып, сымдары тартылады.

– Шымкент қаласының аумағының кез-келген тұсын қазсаңыз су шығады. Алыс жақтан құбыр тартқанша құдық қазып берсе бола ма?

– Иә, қаламыздың кейбір тұстарында бұрыннан мұндай тәжірибелер қолданылуда. Солардың бірі Қайнарбұлақ тұрғын алабында көпшілікке тура сол жерден қазылған ұңғымадан су берілуде. Тек оған электр энергиясы көп кететін болғандықтан, арасында тоқтатып-тоқтатып кестемен береміз. Сонымен бірге, шаһарда шатқалдарға ағаш егу ісі қолған жылдары, көшеттерді суғару үшін әр шатқалдың өзінен ұңғыма қазылған.
Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда ең бірінші адамның денсаулығы бәрінен қымбат. Сондықтан тұрғындарға су берудің де өз талаптары бар. Жер астынан берілетін су сол талаптарға сай болу керек. Әзірге шымкенттіктерге беріліп жатқан су көздерінен алынған тіршілік нәрі ғана көпшлікке беруге жарап тұр.

– Қалада тасымал су жеткізіліп отырған шағынаудандар қанша?

– Тасымал су пайдаланып отырған «Ақтас-2» тұрғын алабы, «Асар-2», «Солтүстік Саяжай», «Жаңа Тұрлан», «Батыс» және «Ынтымақ-2» , «Тұран» шағынаудандары. Бұл мәселеде «Солтүстік Саяжайда» тұрғындарға әзірге 6 нүктеден су алуға жағдай жасадық. Көпшілік суды сол нүктелерден ала тұрады. «Тұранда» биыл су жүйесі іске қосылады. «Жаңа Тұрлан», «Батыс», «Асар-2»-ге магистралды құбыр тартылмағандықтан жұмысты тоқтатып тұрмыз. Алдағы уақытта «Тұранның» жоғарғы жағымен магистралды құбыр тартамыз. Сонда аталған шағынаудандардың да бір қатарындағы ауыз су мәселелері біржолата шешіледі.

– Бұдан біраз уақыт бұрын қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындарды онлайн қабылдаған болатын. Сол кезде 189 орамның тұрғыны А.Айдаров үйлерге көгілдір отыннның қашан берілетінін сұраған еді.

– 189 орам қаладағы «Шымсити» аталып кеткен аумақ. Сұрақта айтылған мәселе тосыннан газ берілмей қалған жағдай емес. Болмаса көптен бері көгілдір отын тартылмаған да бөлік емес. Ол жерде газ құбыры да бәрі бар. Тек сіз айтып отырған үйлер жаңадан салынған көпқабатты үйлер. Көпқабатты үй тұрғызыла салысымен газға әйтеуір қосыла салмайды. Алдын бастап аталған үйлердің құжаттары дайын болуы керек. Әр пәтерге жеке шот ашылу қажет. Жақында ондағы 8 үйдің екеуінің құжаттамалары дайын болып, көгілдір отын берілді. Енді қалған 6 үйдің құжаттамалары мердігермен жасалуда. Бұл жөнінде газ беруші мекемелермен сөйлесіп қойғанмын. Егер қажетті құжаттар дайын болса, газ берілуге дайын тұр.

– Бірер жыл бұрын қала шетіндегі қалдық су қоймасы Ордабасы ауданына көшіріліп, ыңғайсыз иістен құтылатынымыз туралы хабарланып еді.

– Жаңа шағынаудандардың маңында бұрынғы шатқалдарға Кеңес Одағының кезінде кәріз суы жиналған. Бүгінгі таңда кейде соның иісі шығады. Дей тұрғанмен, қазіргі уақыттың өзінде де соған ешқандай кәріз суын бармасын деген мақсатта жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол кәдімгі бетоннан құйылып жатқан кәріз суы жолы. Бұл жол қалдық суларды «Су ресурсы Маркетинг» серіктестігіне қарайтын кәріз суын тазалайтын құрылғыға апарады. Аталған құрылғы сағатына 150 мың куб қалдық суды тазалайды. Демек, алдағы уақытта жағымсыз иіс мәселесі шешіледі. Тек шатқалдар арасына Кеңес Одағы кезінде жиналған қалдық сулардың сіңіп жоқ болуына да біраз уақыт керек. Бұл су сіңгенімен оның шөгінділері болады. Олардың біртіндеп жойылуы ұзақ жүретін процесс. Ал тазарып шыққан шайынды судан ондай жағымсыз иіс шықпайды. Кәріз суы соңғы технологиямен тазартылып жатқан соң оны көшіру маңызды емес. Ашығын айтқанда, кәріз су қоймасы көшірілмейді.

– Кей көше тұрғындарына жекелеген азаматтар газ құбырын тартып жатады. Солардың ісі қаншалықты дұрыс?

– Әр көше тұрғындарымен келісіп газ құбырын тартып беретін топтар бар. Бірақ, олардың ісі заңсыз. Мұндай топтар газ құбырларын қауіпсіз шараларын ескерместен қалай болса, солай тартып бере салады. Ертеңгі күні сол жекелер жүргізген құбырдан түрлі ақаулар шығып жатады. Көгілдір отын арнайы жасалған жобамен жүргізілуі тиіс. Газ құбырын тарту жұмыстарын нақты мамандар жасасын. Ал жекелеген топтардың кімдермен келісіп газ құбырын тартатынын білмиедік. Тұрғындар арасында «Газ құбырын жүргізушілер менен көп көлемде қаржы сұрады. Сұралған қаражатты тауып беруге шамамыз жоқ» деп біздің мекемеге хабарласатындар бар. Біріншіден, жеке топтарға біздің қатысымыз жоқ. Екінщіден, басында олармен келіскен өздері. Дегенмен, біз олардың ісіне тоқтам салуға кірістік. Қаладағы аудан әкімдіктерімен бірігіп осы мәселеге қатысты жиын өткіздік. Жекелеген топтар тартқан көгілдір отын жүйесі сапасыз болатыны, газ құбырының әр тұсынан әркім құбыр тарта берген соң көгілдір отын қысымы да әлсіреп қалатынын айтылды. Өзімізде көгілдір отыны жоқ аумақтардың бәріне сметалық жоба дайындаудамыз. Яғни, алдағы уақытта газ құбырын өз беттерінше тартатын топтардың ісіне тоқтам болады деген үміттеміз.

– Қарабастау алабындағы жаңа құрылыс аумағына электр энергиясы қашан беріледі?

– Қарабастау алабындағы жаңа құрылыс аумағын «Оңтүстік жарық транзит» серіктестігі 2021 жылдың соңында сапалы электрмен қамтамасыз етіп болу крек. Біз оларға уақытты соза бермей алдағы жылдың мамыр айында жұмыстарды аяқтауға өтініш жасап отырмыз. Алдағы жылы Қарабастау алабындағы тұрғындар сапалы электр энергиясына толыққанды қол жеткізуі тиіс.

Әңгімелескен Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика