Бүгін ҚР Экология министрі Шымкентке арнайы іс-сапармен келді. Серікқали Брекешев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде министр жалпы республика және қала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндап, министрліктің алдағы жоспарлары туралы айтты.Үшінші мегаполистің эклологиялық ахуалын жақсарту мәселелерін талқылады.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология министрі: «Шымкент қаласының экология ахуалын жақсартуға арналған жол картасында 29 іс-шара қамтылған болса, оның 10-ы орындалды. Мәселен, қоғамдық көліктердің басым көпшілігі газға көшкен. Тұрғындарды табиғи газбен және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ауаны ең ірі ластаушы болып саналатын Шымкент мұнай өңдеу зауыты толық модернизациядан өтіп, өндіріске қоршаған ортаны қорғайтын технологиялар енгізілді. Мұның бәрі қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға көмектеседі!».
Министр Шымкент қаласының экология мәселесіне талдау жасай отырып, ауа қүрамы мен су ресурстары ластауы, құрылыс қалдықтарын басқару жүйесі жоғын анықтағнын айтты. Шымкент қаласын ірі ластаушы нысандардың бірі – «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауыты. Бұл зауыт толықтай дерлік жаңғыртудан өтіп, табиғатты қорғау бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Мәселен, тазарту қондырғырғыларын жаңартып, күкірт өндіретін қондырғыны іске қосты. Атап айтсақ, 2015 жылы қуаттылығы жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы іске қосылды. Екіншіден, жаңғыртудың 2 кезеңі шеңберінде өнімділігі жылына 15000 тонна күкірт өндіру кешені пайдалануға берілді. Үшіншіден, тазарту құрылғыларын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Соның әсерінен, кері осмос қондырғысындағы ағынды суларды тазарту таза суды жылына 1,5 млн текше метрге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Төртіншіден, мұнай шламын қайта өңдеу торабы салынып, пайдалануға берілді. Мұнай шламын бөле отырып, декантерлік қондырғыда мұнай шламын қайта өңдеу көзделген. Бесіншіден, тазартылған сарқынды суларды өртке қарсы жүйеге қайтару жүйесі енгізілді. Әсері: таза (техникалық) суды 30 пайызға дейін үнемдеу. Жаңғырту объектілері бойынша су тұтынуды қысқарту жалпы 9-12 пайызды құрайды, – деді министр.
Кездесу барысында қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер қозғалды. Мәселен, Шымкент қаласының шеткі шағынаудандарын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мен қайта өңдеу саласы және атмосфералық ауаның сапасы секілді проблемалар талқыға салынды. Арнайы жиынға келген шымкенттіктер экологиялық ахуал үшін қатты алаңдайтындарын жеткізді.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология министрі: «Президент бастамасына сәйкес, былтырдан бастап бес жылда 2 миллиард дана ағаш егуге кірістік. Былтырғы жоспар орындалды. Биыл 278 млн дана ағаш отырғызу керек болса, жыл басынан бері 127 млн дана жасыл желек егілді. Елдімекендерді көгалдандыру бойынша айтсам, биыл Шымкентте 120 мың дана ағаш егу жоспарланса, нақты 166,3 мың дана ағаш отырғызылыптты. Сондай-ақ, 2 млрд дана ағаш отырғызуға цифрлы мониторинг жүргізу үшін интерактив карта мен OrmanMap қосымшасы жасалды».
Есеп беру кездесуінен кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады.
Leave a Reply