Сардарбек Молдабеков: ОҚО «Әкімшілік және ақпараттық талдау» орталығының бастығы
Қазіргі қоғамның ең белсенді бөлігі жастар болуға тиіс. Олай болатыны, елдің болашағы, алға адымдауы, биік белестерден көрінуі жастардың қолында екені сөзсіз. Бүгінгінің жастары қандай, оларды не толғандырады, қандай жетістіктері бар? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында ОҚО жастар саясаты басқармасына бас сұққанбыз. «Әкімшілік және ақпараттық талдау» орталығының бастығы Молдабеков Сардарбек Жайлауханұлымен жолығып, сөзге тарттық.
— Әңгімені мынадан бастасақ, облысымызда 2, 5 млн. астам тұрғын бар екені анық. Соның қаншасы жастар екен?
— Біздің облысымызда 772 428-і 14 пен 29 жас аралығындағы жастар тұрады.Бұл жалпы халықтың 29,4 пайызы деген сөз. Жастар негізінен ауылда тұрады деп айтуға болады. Ауыл жастары 470,5-ті, ал қала жастары — 301,8-ді құрап отыр.
— Атқарушы билік тарапынан жастар саясатына деген көзқарас қандай, ауыл жастарымен байланыс бар ма?
— Ауыл жастарымен кездесулердің кестесі түзіліп бекітілген.Жылдың аяғына дейін әр сала басшысы өздеріне қатысты сала бойынша жастармен кездесіп көкейлерінде жүрген мәселелерді талқылап, тікелей құзыретіне жататын сала басшыларымен проблемалардың шешу жолдарын қарастырады. Бұл кездесулер ауыл жастарымен арадағы алтын көпірге айналады деген үміттеміз. Ал, көзқарас мәселесіне келетін болсақ,бұған дейін, аудан, қала әкімдіктері жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі кеңестерге әкімдердің орынбасарлары төрағалық етіп келсе, биылғы жылдан бастап кеңес төрағасы болып әкімдердің өздері тікелей бекітілді.Бұл да біраз нәрсені аңғартады. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі кеңес төрағасы, облыс әкімі А. Мырзахметовтың қатысуымен аудан, қалаларда кеңестің көшпелі отырыстары өткізіліп келеді.
— Бүгінде жастардың ең басты проблемасы жұмыс табу екені белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар бар?
— Биыл облыс жастарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында өзге облыстармен қарым-қатынас орнатып, бос жұмыс орындарына сараптама жасап, жастарды сол облыстарға жұмысқа жіберу мақсатында арнайы меморандумдардың жобасы жасалынып, тиісті облыстарға әкімдік тарапынан хат жолданып, бірқатар жұмыстар жүргізілді.
— Биылғы жұмыстарыңыз ұйымдастыру бағытына арналған сияқты, десе де өткізген кездесулерден не түйдіңіздер?
— Бізде өткізілетін іс-шараларға міндетті түрде талдау жасалынады. Байқағанымыз, бұған дейінгі іс-шаралар көп жағдайда бір реттік және аудан, қала орталықтарында ғана өткізіліп келген,ауылдар қамтылмай қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында іс-шараларды өткізудің жаңа жүйесі түзіліп, ендігі кездесулер халық саны 5 мыңнан асатын 173 ауылдық округтерді қамтитын болды.
Бүгінде аудан, қалалардағы «Жастар ор-талығы» мекемелерін материалдық-техника-лық базамен қамту және әрбір ауылдық округте жастармен жұмыс істейтін 1 маманның болуына қол жеткізу мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда айта кететін бір жайт Отырар ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жастар» орталығына 20 штаттық бірлік беріліп, оның 6 маманы аудан орталығында, қалған 14 маман 14 ауылдық округте жастармен жұмыс жүргізуде. Жыл соңына дейін аталған мәселе бойынша жұмыстар барлық аудан, қалаларда жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осы мәселе жолға қойылған жағдайда біздер облыстағы әрбір ауылдық округтегі жастармен жұмыс жүргізудің жүйесін қалыптастыратын боламыз.
— Соңғы жаңалығыңыз дегенде не айтар едіңіз?
Бүгінде жастарға арналған «Жұмыс таптым».kz веб-сайты ашылып, жастарға қажетті мәліметтер базасы жасақталынған. Бұл сайт жұмыс іздеушілер үшін ғана емес, жалпы жастар үшін өте пайдалы. Жаңалық ретінде осыны айтар едім.
— Сардарбек аға, сұхбатыңызға үлкен рахмет. Жұмыстарыңыз әрдайым алға баса берсін. Алда Тәуелсіздік күні, тілегіңіз?
— Барша Қазақстандықтарды 16 желтоқсан «Тәуелсіздік мерекесімен» құттықтаймын. Бұл күннің маңызы өте зор. Әр азаматтың бұл күнді ұмытпауы парыз. Біз тәуелсіздік мерекесін ресми түрде ғана атап өтеміз. Меніңше «Наурыз», «Жаңа жыл» мерекелері секілді үйімізде дастархан жайып қарсы алсақ та артықтық етпес еді.
Тілегім, Тәуелсіз ел болғанымызға 22 жыл толды. Қазақстан елі мәңгілік жасасын. Татулық пен адамгершілік біздің ең басты ұстанымымыз болсын. Алдағы жылдарымыз бен келешегіміз бақытты да баянды болғай!
Жарылқасын ҮСЕНТАЕВ «Қызмет» газеті
Leave a Reply