Шымкент қаласының әкімі 20 ақпан күні қаладағы құрылысы жүріп жатқан жол нысандары мен мердігер мекемелердің жұмысымен танысты. Тиісті сала басқарамаларының мамандары мен БАҚ өкілдерін ерткен қала басшысы құрылыс барысын өз көзімен көріп, қала тұрғындарының да сауалдарына жауап берді.
Алдымен ат басын бұрған нысан – қайта құру жұмысы жүріп жатқан А-2 «Алматы – Ташкент – Термез» және Темірлан тас жолы қиылысындағы жолайырықтың оң жақ өткелдері болды. М.Әйтенов мердігерге құрылысты таяу арада аяқтау қажеттігін айтып, тапсырма берді. Бұл құрылыстың құны 865,2 млн теңгеге жобаланса, қазірге оның 401,0 млн тенге қаржысы игерілген. Осы жолайырық іске қосылса, Шымкентке батыс тараптан кіретін көлік нөпірі біршама реттеліп, қаладағы жол кептеліс мәселесі шешімін табуға септігін тигізеді деп күтілуде.
Қала басшысы аялдаған екінші нысан Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелері қиылысындағы жерүсті өткелі болды. Қазір өткелдің барлық бөліктеріне тіреулер орнатылып, тұрғындардың шығып-түсуіне қолайлы етіп жасалған, адамдар ары-бері кедергісіз өтіп жатыр. Құрылыс нысанында жерасты коммуникациялары мен ирригациялық жүйесі, жеделсаты құрылғысы орнатылған. Мердігер «АЛФ» ЖШС-нің өкілі С.Бекамановтың айтуынша, жеделсаты тек 1 қоларбаға арналған, жолаушылардың кіру-шығу кезінде қолайлылық үшін әлі де біршама шаруа атқарылуы қажет екен. «Өздеріңіз естігендей, Мұрат Дүйсенбекұлы біраз ескертулер жасады. Ай соңына дейін пайдалануға беру үшін тиісті жұмыстарды істейтін боламыз» деді ол. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс басқармасының басшысы мен мердігер өкілдерімен бірге өткелді қарап шығып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. «Алдағы уақытта бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының суретке түсетін сүйікті орнына айналады. Өткелді наурыздың басында пайдалануға беруді жоспарлап едік, дұрысы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурызға арнап ашатын шығармыз» деп әйел журналистерге әзілдей сөйледі. Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, алдағы уақытта жауын-шашыннан қорғану мақсатында өткел үсті арнайы жабынмен жабылып қалуы және ол мақсатта қосымша қаржы қаралуы мүмкін.
Шымкент қаласындағы ең ірі күре тамыры – Д.Қонаев даңғылы болса, осы жолды ұзарту жұмыстары 2018 жылдан бастап қолға алынған болатын. Даңғылды ұзарту үшін тиісті жоспарға сай учаскелер 5 бөлікке бөлініп, кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Қазіргі таңда 1-ші учаскеде (Түркістан-Әйтеке би көшелері аралығы) Қошқар ата өзенінен өтетін өткел салынып, жол құрылысына қажетті Ескі қала шағынауданы тұрғындарынан учаскелерін мемлекет мұқтаждығына сатып алу және жол үстіне сәйкес келетін нысандарды бұзу процесі қызу жүргізілуде. Тиісті сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда келісімге келген бұзылуға тиіс үй тұрғындары өздеріне қажетті құрылыс заттарын алып кету әрекетін жасап, мүмкіндігінше 1-наурызға дейін қамдануда. Ал, кейбір назары тұрғындар жер учаскесі мен тұрғын жайы арзан бағаланғанын алға тартып, сот арқылы мәселелерін қарап жатқанын ортаға салды. Солардың қатарында Қ.А.Құдайбергенов деген кісі тұрғындардың сөзін қала әкіміне жеткізді.
Ол сөзінде:
– Мен Тұрысов көшесінде тұрамын. Біздің үйлерімізді қазір бұзғалы жатыр. Қазір ақшаның құны қалмады. Беріп жатқан өтемақысына қаланың басқа аймағынан жер учаскесін ала алмаймыз. Мысалы, белгілеген өтемақысы 5 млн теңгенің үстінде, ал ол сомамен келіспей сотқа берген кісілерге керісінше, бағасын 1 млн теңгеге түсіріп беріп жатыр. Тіпті болмаса, бізге ақшасының керегі жоқ, жер беріңіздер! Бұл біздің ата-бабамыздың жері! Үйімізді өзіміз соғып аламыз! Жер берсеңіздер болды, басқа мәселеміз жоқ! — деді.
Бұл сауалға қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Жер кодексі бойынша, жер учаскесін мемлекет мұқтажына алған кезімізде мүлік пен учаскенің құнын тәуелсіз бағалаушылар береді. Ол құн нарықтық бағаға сәйкес белгіленеді. Егер, ол бағаланған құнға келіспеген жағдайда, сотқа шағымдану арқылы шешіп алуыңызға болады. Сот тәуелсіз сараптама тағайындайды, соның қорытындысына байланысты ақыңызды толық төлеп береміз.
Жалпы, Д.Қонаев даңғылының құрылысы өтетін 1-кезеңдегі аймақта бұзылуы тиіс 77 үй бар. Соның ішінде мәселе туындап отырғандарының саны 5 үй. Тәуелсіз бағалаушы бар, одан кейінгі сот процесі бар, сот белгілі бір соманы төлеуге шешім шығарса, біз ол қаржыны төлейміз. Сонымен қатар, қаланың басқа аймағынан айырбасқа нарықтық құны сәйкес келетін жер учаскесін де тегін ұсынамыз. Бұл процесте жеріңіздің үстіндегі үйдің ақысын бөлек төлейміз, және учаскеңізді басқа жерге ауыстырып береміз. Екеуіне екі бөлек бағалау жүреді, — деп жауап берді.
Қала басшысы тұрғындар мәселесін мерзімінде шешуді Әл-Фараби ауданы әкімі Ғ.Мәуленқұловқа, ал нысандарды бұзу мен Д.Қонаев даңғылын ұзарту құрылыс жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді қалалық жер қатынастары басқармасы мен автомобиль жолдары басқармаларына тапсырма берді.
Айта кетсек, бірінші кезеңді жүзеге асыру үшін биыл қазынадан 269,6 млн теңге қарастырылып, жыл соңына дейін аяқтауды «ОтауСтрой» ЖШС қолға алған. Ал, 5 кезеңге ұласатын Д.Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары толық аяқталса, көшенің ұзындығы 58 шақырым, ені 6 жолақты 23 м болады.
С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply