Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында қоғамдық көліктерде «ТӨЛЕМ» электронды төлемақы жүйесін енгізу жайында қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен брифинг өтті. Жоба «QazSmartTrans» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен іске аспақ.
Инвестицияның жалпы көлемі 1,2 млрд. теңгені құрап отыр. Қоғамдық көліктерді электронды билеттендірудің мақсаты — қоғамдық көліктің жағдайын жақсарту, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру.
Жол карточкасының бағасы 500 теңге. Төлем карточкасының төрт түрі: стандартты (яғни, жалпы пайдалануға арналған), тегін тариф, оқушы картасы, студент картасы дейтін түрлері қарастырылған. Электронды төлемсіз, қолма-қол жол ақысын төлеу тарифі (100тг) қымбат болуы мүмкін. Егер, жол ақысын төлемей, ереже бұзылса 2 мрп (5000) айыппұл салынады.
Алматылық «Оңайдан» оңай «Төлеммен» төлем жасаудың артықшылығы:
- Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлеріне, Алтын құрсақ аналар, алтын, күміс алқа төс белгі иелері мен мүгедектерге көлік картасы тегін таратылады, жол жүру тегін болмақ;
- Бір сағатта екі маршрутқа отыру тегін болады;
- Электронды төлемақының жарамдылық мерзімі жоқ;
- 7 жасқа дейінгі балалар тегін, 15 жасқа дейінгі оқушыларға 35 тенге, студенттердің жол ақысы 50 теңге болады;
- Шымкент қаласына тіркелмеген оқушылар мен студенттер жеңілдігі бар картаны қолдана алмайды, яғни, жалпыға ортақ стандартты картамен төлем жасайды.
Жоспарға сәйкес, 30 қыркүйекке дейін автобустарға валидаторлар толығымен орнатылады, ал жол карточкасын 1 қазаннан бастап сатып алуға болады. Ал, жүйені іске қосу 2020 жылдың 15 қазан күнге жоспарланып отыр. Карточканы сатып алған әрбір тұрғын Шымкент қаласының модернизациялануына өз үлесін қосады.
Ақбөпе ЕРГЕШ
Leave a Reply