ОҚО соты өткен жылдың жұмысын қорытындылады. Жиында баяндама жасаған сот төрағасы Нұрсерік Кәрімұлы аудандық және оған теңестірілген соттармен қаралатын істердің саны жылдан жылға артып отырғанына ерекше тоқталды. Мысалы, облыс соттарымен 2012 жылы жалпы 81 349 азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер мен материалдар қаралған болса, бұл көрсеткіш 2013 жылы — 102 964 іске жетті. Яғни, былтыр 12 айда сотта қаралған істер саны 21615-ке өскен.
Сондай бүгінгі таңда облыс бойынша істердің басым көпшілігін қарайтын соттардың орташа айлық іс жүктемелері белгіленген нормативтерден бірнеше есе артып отыр екен. Мәселен, Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік, ОҚО-ның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттары судьяларының жүктемесі, орташа айлық жүктемесінен 7 есе көп. ОҚО-ның мамандандырылған ауданаралық қылмыстық және экономикалық істер қарайтын соттары мен Мақтарал ауданының №2 аудандық соты судьяларының жүктемелері нормативтен 3 есе артық. Облыс соттары судьяларының соңғы жылдардағы орташа айлық іс жүктемесінің динамикасына жүргізілген талдаудан, жыл сайын облыс соттарына жүгінетін жеке және заңды тұлғалардың саны 15-20 мыңға артып, істер саны жылдан-жылға өскенін көруге болады. Бұл көрсеткіштер халықтың сотқа деген сенімінің артқанына негіз болады,-дейді төраға.
Жиналыста облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Б.Әметов пен азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы М.Балкен өткен жылғы жұмыстары жөнінде баяндап берді. Судья әдебі жөніндегі комиссияның 2013 жылы атқарған жұмысы жөнінде комиссия төрағасы Ә.Керімшеевтің және судьялардың әрекеттеріне түскен арыз-шағымдарды қарау тобының жұмысы жөнінде ОҚО сотының судьясы А.Сағындықованың есептері тыңдалды.
Leave a Reply