Бала құқығы жөніндегі омбудсмен жұмысына кірісті

Қазақстанның 16 өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды.  Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, балалар құқығын қорғауда тәжірибесі бар азаматтар бар.Енді баланың құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда ата-аналар, балалар және басқа да кез келген азаматтар өз аймағындағы уәкілдің көмегіне жүгіне алады.

«Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Алматы облыстарында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Ал қалған 4 облыста кандидаттар тізімі әлі қаралып жатыр. Біз комитет өкілдері ретінде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдермен белсенді жұмыс істейміз» , — деді Оқу-ағарту министрлігі бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Жазықбаева Жаннетта Қанайқызы – Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Қызметіне қала әкімінің шешімі шыға сала, кірісіп кеткен. Жұмыс тамыз айында басталған, аралықта оннан аса арыз-шағым түсіп үлгерген. Басым бөлігі денсаулық сақтау саласының салғырттығы мен сәбилер үйіндегі олқылықтарға қатысты. Қазір Асар шағын ауданында балалар ауруханасына қатысты шағымдар зерделеніп жатыр. Омбудсмен балаларға көрсетілетін ем-домның сапасын тексеріп жатыр. Сондай-ақ, балалар үйіндегі олқылықтарды жою үшін білек сыбана кіріскен.  Әлеуметтік желілерде таралған деректерді саралап, алдын сотқа беріп үлгерген.  Әсіресе, балалар үйін жіті қадағалауына алған. Мұнда ішер ауқат пен жатар орынға дейін тексеріп  шығыпты.

Бұдан өзге шаһардағы сәбилер үйінде де кемшіліктер барын біліпті. Заңға сәйкес мекемеде бір жасқа толған баланы қамқоршылыққа алу үшін арнайы басқармаға хабар берілу керек екен.  Алайда мекеме басшылары бір емес, жеті баланың тізімін бермей жүргені анықталған. Бұл бойынша да арнайы тексеру жүргізіледі, мәселе омбудсменнің назарына алынған.

Жанетта Жазықбаева, Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл: «Әлеуметтік желілерде болсын, жекелей арыз болсын өзім тікелей  қадағалауыма аламын. Балаларға қатысты қандай да бір шағым болса, кез-келген уақытта хабарласуыңызға болады. Қандай мекеме болсын, тексеруге құқығымыз бар. Өйткені мен балалардың арашасымын. Балалар жапа шекпеу керек. Зорлық-зомбылықтың алдын алып, баланың бақытты өсуіне жол ашуымыз керек».

Бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік орындарға, балаларға арналған ұйымдарға кедергісіз кіре алады. Сондай-ақ олар қоғамдық негізде жұмыс істейді. Уәкіл баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайды. Олар сондай-ақ балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын ілгерілетуге қатысады.

Тұрғындар бала құқығы мен заңды мүддесінің бұзылуына қатысты шағымды 8-701-203-41-84 нөмеріне жолдай алады.

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика