1 қазан — Халықаралық қарттар күні. Алдыңғы толқын ағалардың мерейін үстем етуге шаһар басшысының өзі асықты. Үшінші мегаполистің даму жолында елеулі үлес қосқан бірнеше ардагердің үйіне барып, арнайы құттықтады. Құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыс етті, әңгімелерін тыңдап, батасын алды.
Қала басшысы алғашқы құттықтауын еңбек ардагері Ахметова Райса Райымбекқызының шаңырағынан бастады. Ардагер ұстазбен әңгімелескен Мұрат Әйтенов мереке иесіне ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.
Ахметова Райса Райымбекқызы Шымкент қалалық комсомол комитетінің хатшысынан Оңтүстік Қазақстан облысы халық ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне дейін атқарған. Ұзақ жылдар халық депутаттары қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. «Құрмет белгісі» ордені мен «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» атағының иегері.
Жылы кездесу Гулужиган Байгаринаның отбасында жалғасты. «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері қала әкімін сән-салтанатымен күтіп алды. Атаулы мереке де өзін елеп ескерген қала басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді. Еңбек ардагерін мерейлі мерекемен құттықтаған қала басшысы Гулужиган Абдулажанқызына да зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақ пен береке тілеп, үйдің отағасы — Шәміл атаға шапан жапты.
Байгарина Гулужиган Абдулажанқызы — 1937 жылы көп балалы отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын тігін маманы болып бастаған. 1975-1987 жылдар аралығында «Восход» тігін бірлестігінің бас инженері, кейін бас директоры болып еңбек еткен. Ал 1991 жылы «Восход» акционерлік қоғамының Шымкент филиалында Президенті болып тағайындалып, осы саланың дамуына зор үлес қосады. Ұзақ жылғы еңбегі ақталып, оған Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытқаны үшін «Қазақстан өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген.
Қарттарға көрсетілетін құрмет легін қала әкімі және қалалық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары жалғайды. Әр салада еңбек етіп, есімі елеулі қариялардың үйіне барып, тартуларын үлестіреді. Бұл жыл сайынғы үрдіс. Үлкендер тарапы кішілер көрсеткен ізеттілікке алғыс айтып, марқайып қалатыны жасырын емес. Лайым, қазынамыз-қариялар ұзақ жасасын!
«Қызмет-ақпараттан» дерек:
Бүгінге Шымкент қаласы бойынша зейнеткерлер саны – 84 844 құрап отыр. Оның ішінде бесеуі Ұлы Отан Соғысының ардагері болса, тыл еңбеккерлерінің саны – 2390. Оларға арналған «Белсен ұзақ өмір» орталықтары бар. Әр ауданда бөлімшелері ашылып, зейнет жасқа жеткен азаматтарғаи 4 сағатқа дейінгі екі ауысымда ақысыз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, жылғызілікті зейнеткерлерге арналған 3 мезгіл ыстық тамағы қосылған. 8 сағаттық жартылай стационар да жұмыс істейді.
Leave a Reply