«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет» Нұрсұлтан Назарбаев 10.01.2018ж Жолдау.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында бірінші басымдық ретінде экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы туралы айтты. Жолдауда әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталғанын, экономиканың барлық саласында цифрлау жұмыстары жүргізіліп жатқаны да аталды. Соған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдауға тапсырма берді. Цифрлау біз үшін таңсық дүние емес. 3D формат, жасанды интеллект, 4.0. индустриясы, интернет және тағы басқаның бәрі цифрлауға жатады. Цифрлау азаматтардың қолжетімді құралдар арқылы кез келген қызмет түрін пайдалана алуы үшін қажет. Соңғы мәлімет бойынша дүниежүзінде 15-тен аса мемлекет цифрлау бағдарламасын қабылдаған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізгі 4 бағыттан, 18 бастама мен 154 іс-шарадан тұрады, – деді ол.
Бірінші бағыт – «Цифрлық жібек жолын» құру. Бұл – сенімді, қолжетімді, жылдамдығы жоғары және қорғалатын цифрлық инфрақұрылым. Алғашқы бағыттағы мақсаттардың бірі – әр қазақстандыққа интернет желісін жеткізу. Егер бір аумақтың тұрғындары 250 адамнан асар болса, ол жерге оптика мен спутник арқылы интернет желісі жеткізіледі.
Бағдарламаның екінші бағыты «Экономика саласындағы цифрлық қайта өзгерту» деп аталады. Бұл экономиканың әртүрлі салаларының бәскеге қабілеттілігін арттыруға арналған цифрлық технологияларды жаппай енгізу. Біз қандай да бір жаңалық алып келмей, барлығын басынан бастамақ емеспіз. Бар болғаны әлемде жақсы нәтиже беріп жатқан цифрлық технологияларды таңдап алып, экономика саласына пайдаланамыз. Цифрлау салаларды өзгертіп қана қоймай, оларды жоқ қылып жіберуге немесе жаңа саланың пайда болуына әсер ете алады. Цифрлау – мақсат емес, ол мемлекетке жақсы пайда әкелетін саладағы құрал екндігі баршамызға аян.
«Креативті қоғам» құруға арналған үшінші бағыт бойынша халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Аталмыш бағыттың дамуы азаматтардың біліміне, стартап жобаларды ұсына алуына, цифрлауға қаншалықта дайын екеніне, оны қалай қабылдайтынына байланысты.
Бағдарламаның үшінші бағыты «Белсенді цифрлық үкіметті» қалыптастыруға электрондық және мобильді үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер ұсыну саласын оңтайландыру жұмысы кіреді.
Бағдарламаның жүзеге асуы 2017-2021 жылдарға арналған. 2021 жылы түрлі сату, сатып алудың жалпы көлемінде электронды сауда 0,8 пайыздан 2,3 пайызға, халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануда e-gov арқылы алған қызмет көрсеткіші 35 пайыздан 80 пайызға артады деп күтілуде. Халықтың сандық сауаттылық деңгейі 75,5 пайыздан 81,5 пайызға көтеріліп, интернет пайдаланушылардың үлесі 77 пайыздан 81 пайызға өседі деп жоспараланып отыр.
Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мекемелерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланыла бастады, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды.
Президенттің Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылды. Ал ол үшін, ең алдымен, тағы сол IT саласына басымдық беріледі.
Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған. Оған мысал келтіруге болады, ол – «eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьютер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат ресімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл істер алдағы кезде одан әрі жетілдіріле түседі. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Жолдауда Елбасы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», деп нақты бағдар берді.
Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде. Бұл үшін биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында елімізде 244 радиотелевизиялық станса іске қосылмақ.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарлама ІЖӨ-дегі IT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.
Цифрлы технологияның халқымыздың жартысы ауылда тұрып, сол жерде нәпақасын айырып отырған ауыл шаруашылығы саласына да берері көп. Әлемге белгілі «Microsoft» компаниясының қожайыны Билл Гейтс ойлап тапқан «Оракул» деген компьютерлік бағдарлама ауылшаруашылық жерлерінің хал-ахуалын санаулы ғана уақыт ішінде талдаудан өткізіп, қандай жағдайда екенін айтып бере алады. Дәл қазір Қазақстанда егістік пен жайылымның көбі жекенің қолында және пайдаланылмай жатқаны белгілі. Ал аталған бағдарлама сол жер иелерінің кім екенін, жерді қанша уақыттан бері пайдаланбай жатқанын анықтай алады. Демек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Билл Гейтстің «Оракулы» да елімізде кең қолданысқа енуі әбден мүмкін.
Бүгінде жаңартылатын энергия көздері әлемдегі электр энергиясы өнімінің төрттен бірін құрайды. Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде мамандар 2050 жылы бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді деп болжанып отырғанын айтты. Қазақстанда 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін 30 пайызға жеткізу көзделген. Президенттің айтуынша, кәсіпкерлер «жасыл экономикаға» көптеп инвестиция салулары керек. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңір әкімдеріне кіші және орта бизнестің қатысуымен утилизация мен тұрмыс қалдықтарын өңдеуді жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстар атқаруды тапсырғанын ерекше атап өткім келеді.
Жалпы, мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз Үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы келмеген әрбір азамат, мамандар, ғалымдар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы өзекті тақырыптардан тыс қалуына болмайды.Осылайша егемен еліміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңді қамти отырып, ел экономикасының технологиялық жаңғыруына серпін бермек. Сонымен қатар, еңбек өнімділігінің ұзақ мерзімдік әрі ауқымды өсімі үшін жағдай жасауы тиіс деп ойлаймын.
Н.БЕКЖАНОВ,
ҚР ИДМ Техникалық реттеу
және метрология комитетінің
ОҚО бойынша департаментінің
жетекші маманы
Leave a Reply