Шымкент – 2200 жыл
tories/25112019-4.jpg» border=»0″ />
«Неге?» деген сұрақ тууы әбден мүмкін. Олай болатыны бұған дейін біз үшінші мегаполисті ЖАСЫЛ атап келдік. Бұл туралы кейінірек айтамыз. Қазір ғылыми жиынның ресми бөлігін түгендеп алсақ. Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының тапсырысы және «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастырумен тағы келелі жиын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің мәжіліс залында жалғасты. «Шымкенттің тарихы мен өркениеті» деп аталатын өңірлік ғылыми конференцияға Түркістан облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан ғалымдар арнайы келіп қатысты. Тарихшы ғалымдардың басын қосқан жиында Шымкент қаласының сан ғасырлық тарих беттерінен сөз қозғалып, алда атқарылатын мәселелер де ұмыт қалмады.
Қала әкімінің құттықтау сөзін қалалақ ішкі саясат басқарамасының басшысы Ж.Бектаева оқып, конференцияны ашып берді. Ғылыми жиынның тізгінін ұстаған ОҚМПУ доценті, тарих ғылымының кандидаты Қ.Анарбаев қала тарихының әр кезеңдеріне қатысты деректерді жүйелеп, баяндамашы шешен-тарихшыларға кезегімен сөз беріп отырды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан мен Шымкенттен келген баяндамашылар ауқымына қарап, бұл ғылыми конференция мәртебесін «өңірлік» дегеннен гөрі, «республикалық» деп топшылаған дұрыс болар. Алдағы уақытта бұл шара тұрақты өткізіліп тұратын дәстүрге айналып, халықаралық мәртебеге ие болады деп сенеміз.
Жиынға қатысушылар назарын бірден баураған тарих ғылымының докторы, академик, Ә.Марғұлан атындағы археология және этнология институтының директоры Б.Байтанаевтың сөзі болды. Шымкент шаһарының тарихы б.з.д. ІІ ғасырдан баталатынын дәлелдеген ғалымның дәлелді сөзі зал ішін ұйытты. «Шымкентке 2200 жыл! Бұл қалай анықталды? Негізі, бұл мерейлі датаны дәлелдеген біздің құжат ЮНЕСКО-дан қолдау тапты деуге болады. Өйткені, қазірдің өзінде біздің ұсынысымызды 2 мемлекет: Түркия мен Иран қолдап отыр. Жыл соңына дейін аталған халықаралық ұйымнан ресми құжат келіп қалуы керек» дейді Бауыржан Әбішұлы. Ғалымның сөзінен ұққанымыз, көне Шымкент цитаделінің мәдени қабаты 14 метр. Оның ең терең қабатынан б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жататын мекен-жай анықталып, ол қоныстан сол дәуірде өмір сүрген көне қала Афрасиябта жасалған заттар табылды. Археология ғылымында хронологиялық датаны анықтау үшін орташа дата алынады екен. Сондықтан, ғалымдар қала жасын 2200 жыл деп отыр.
Бірер жыл бұрын Шымкенттің «Ақжайық» деп аталатын шағынауданы аумағындағы көне сармат тайпаларына жататын оба-қорғандарды зерттеу кезінде алтыннан жасалған дөңгелек әшекейлер табылған еді. Ол әшекейлер «Шымкент дискісі» деген атпен тарихқа енді. Мұндай артефакт бұған дейін тек қазақ жері ғана емес, күллі дүниежүзінде табылған емес. Алтын әшекейдегі ою-өрнектер бұған дейін бізге белгілі «аңдық стильде» емес, «теңіз стиліне» жататын өзгеше стильде жасалған. Алтын дискіде атбас балық, теңіз ұлу қабыршағы секілді жануарлардың бейнесі өрнектелген. Бұл жәдігер б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жатқызылса, Шымкент цитаделінен табылған заттар да сол дәуірлерге жатқызылып, екі нысан да бір-бірін толық қуаттап тұр дейді тарихшы. Қала тарихын анықтаудағы Б.Байтанаев әдісін ЮНЕСКО мамандары да толық қолдап, көршілес өзбек ғалымдары да Самарқан, Тәшкен, Бұқара қалаларының жасын анықтауда қолдана бастапты.
Л.Гумелев атындағы Евразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты, шығыстанушы З.Ілиясова болса ортағасырлардағы араб-парсы деректеріндегі Шымкент қаласы мен Исфиджаб оазисіне қатысты деректерді ортаға салды. Оның айтуынша, көне Сайрам өңірінде қазіргі Шымкенттің орнында ортағасырлық Нуджикет деп аталатын ірі қала болған. Шығыстанушы ғалым деректерге сілтеме бере отырып, Нуджикеттің қабырғасы мықты, әрі айналасында желек жайқалған көрікті қала болғанын баса айтты. Ал Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доценті, т.ғ.к. Г.Нұрбет болса, Шымкенттің ХІХ ғасырдағы келбеті жайлы кеңінен мәлімет берді.
Конференция қатысушыларын қызықтырған тағы бір қызықты пікір – тарихшы Б.Алтаевтің пікірі болды. Болаттемір ағаның пікірінше, Шымкент қаласы атауындағы «шым» деген сөз – жасыл, желекті деген айқындауыш емес, тіпті су бітеуге қолданатын арық ернеуінен ойылған сазды кесек те емес, прототүркі тілінде қазіргі «қызыл» деген мағына беретін анықтауыш қызметіндегі сөз дейді. Прототүркілерде (шамамен б.з.д. 4-ші мыңжылдықтан бастап, б.з. басы аралығы) «ші», «шік», «шигу» деген сөздер қолданылған екен. Ол сөз кейінірек Үйсін мемлекетінің (б.з.д. ҮІІІ ғасырдан бастап, б.з. Ү ғасыры аралығы) астанасы болған Шигу қаласы атауын қазіргі кезде «Қызыл аңғар» деп аударылып жүруімен байланыстырды. Сонау Батыс Сібір мен Алтай тауларынан бастап, Кавказ аралығындағы қызыл түсімен байланыстырылатын топонимдер мен гидронимдерді мысалға келтіре отырып, қазіргі Шымкент айналасында да Қызылсай, Қызылсу, Қосқызыл секілді жер-су атауларымен астасқан комплекс ретінде қала атауы түбірінде көне заманнан қалған «ші» сөзінің болуы мүмкін дейді тарихшы. Б.Алтаев «Шырайлы Шымкент» тіркесіндегі «шырай» деген сөз қазақ тілінде қызыл түспен тікелей қатысты айтылатындықтан және қаланың қазіргі логотипінде де қызыл түспен астасқан қызғалдақ бейнеленгендіктен, Шымкентті жасыл қала емес, «қызыл қала» деп атауды ұсынды. Жалпы, ғылымда толық мойындалғанға дейін түрлі ғылыми пікірлер өмір сүре беретіндіктен, бұл пікірдің де ғалымдарға ой салып, жаңа ізденістерге жол ашатын тың пікір ретінде өмір сүруіне қақы бар деп ойладық.
Мәдениеттанушы әрі өлкетанушы Б.Оспанның пікірі де көпке ой салды. Оның айтуынша, қала үйлерден де, аулалар мен ағылған машиналардан да емес, адамнан тұрады. Бердалы Әсілханұлы мегаполис болған қаланың ең бірінші кезектегі назар аударатын мәселесі – адам мен мәдениет болуы тиістігін баса айтты. Сондай-ақ, Шымқалада өмірге келіп, осында ғұмыр кешкен, аялдаған, өмірін байланыстырған мәдениет, әдебиет, қоғам қайраткерлеріне жеке-жеке тоқталып, олардың өмірінен мән іздеді.
Бердалы ағаның осынау әсерлі сөзімен біз де өз ойымызды қорытындылап, осы жерден аяқтасақ та болады. Өйткені, мегаполис деген адам санымен ғана емес, оның сапасымен, мәдениетімен мегаполис болады емес пе? Үлкен қала – үлкен мүмкіндіктер алаңы дейтініміз сондықтан.
С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply