Шымкенттік балақайлар «Шыңғыс ханның көз жасы» туындысын тамашалады

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының репертуары Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» тарихи драмасымен толықты. Тарихтың тереңінен сыр шерткен қойылымды режиссер А.Қалыбеков сахналады.

«Шыңғыс ханның көз жасы» – психологиялық иірімге құрылған, философиялық тұжырымы терең туынды.

Қойылым Шыңғыс ханның біраз жасқа келіп, көңілі қарайып, шау тартқан шағын суреттеуден басталды. Ішкі монологқа құрылған қойылымның оқиға желісі елес-естеліктер арқылы дамып отырады. Уақыттың өз еншісіндегі алмай қоймайтыны Шыңғыс ханның бейнесі арқылы ерекше суреттелген. Жас кезіндегі тасыған қайраты мен адуынды ашуы бүгінде сабырлы, байсалды күйге ұласқан.

Заманында табалдырықта тұрып тепсінген жауының басын допша домалатқан Темучин. Әлемнің әр түкпірінде ат тұяғын ойнатқан ұлы қаған…

Қаһарланғандағы алмас қылыштай қайраты аңызға айналған шақ. Ойланып отырып, қаншама жылдың сусып өте шыққанына қынжылды. Дәуренінде астамсыған небір жауының мысын басып, қияметтің қыл көпірінен өткізсе де, уақытты уысында ұстай алмайтынын мойындады. Айналасына алтын шуақ үйіріліп жүретін мейірімнің де одан кем түспесін кеш аңдады. Тағдырына таупық айтып, тәубеге келгені содан болар.
Шыңғыс ханды актер С.Биғабылов, ханның жас кезін – Ш.Бейсенов, Бөртені – Ф.Әбіл, Қайырханды Ш.Зеберхан шебер сомдап, ал қоюшы суретші Е.Айдаров декорацияның әр элементіне мазмұн беріп, театрсүйер қауымды Шыңғыс хан заманына жетелей түсті. Айтар ойын терең тұжырыммен суреттеген қойылымды көрермен жылы қабылдап, ерекше әсер алды. Тарихтан сыр шертетін туынды кішкентай көрермендердің бойында батылдық, елге,жерге деген сүйіспеншілікті нығайтып, тәлім-тәрбие беруге септігін тиігізері анық. Театр ұжымы барша көрерменді театрдың жаңа қойылымдарын тамашалауға шақырады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика