Шымкент: Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы «Пахтакор» елдімекенінің тұрғындарымен кездесті

Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Данияр Жорабайұлы Плалов ауданның әкімшілік аумағына кіретін «Пахтакор» елдімекеніне арнайы барып, жергілікті ауыл билерімен кездесті.
Кездесуге қалалық маслихат депутаты, инвестиция және жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ноян Назарұлы Төлегенов те қатысты. Полиция подполковнигі Данияр Жорабайұлы аумақ халқын толғандырған өзекті мәселелер бойынша сауалдарға жауап берді.
«Соңғы уақытта елдімекенде ұрлық жайты белең алуына байланысты жергілікті тұрғындармен кездесу үшін арнайы келдім. Ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, қылмыстың алдын алу мәселелеріне тоқталдық. Кездесу барысында азаматтар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жеке құрамға бірқатар тапсырмалар берілді. Қойылған тапсырмалардың орындалу барысы өзімнің жеке бақылауымда болады», — деді Қаратау ауданы Полиция басқармасының бастығы.
Атап өтсек, тұрғындар ұрлық жайттарын болдырмау және бұл қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту туралы өтініштерін білдірді.
Өз кезегінде, полиция подполковнигі азаматтардың тарапынан қойылған барлық ұсыныс-тілектер жан-жақты қарастырылып, оларды іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Айта кетейік, аталған бағыттағы халықпен кездесулер алдағы уақытта «Нұрсәт» шағынауданында жалғасын табатын болады.
Ал Абай аудандық полиция қызметкерлері жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырды. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы №16 жалпы орта мектепте оқушылармен кездесу өтті.
Іс-шарада Абай АПБ бастығының бірінші орынбасары Қуат Асқарұлы Миркасов пен ЖПҚБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бағдат Жәнібекұлы Жүсіпбек «Қылмыссыз балалық» тақырыбында балаларға құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өткізді.
Дәрісте жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың алдын алу, темекі оның ішінде электронды шылым және сабаққа кешігу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, түнгі уақытта, яғни, сағат 22:00-ден кейін ойын-сауықтыру мекемелерінде ата-анасының қарауынсыз жүрген жағдайда айыппұл төлейтіндері туралы ескертті. Тәлім мен тәртіптің маңыздылығын кеңінен талқыланып, қылмыс пен құқықбұзушылықтар үшін қарастырылғанын жауапкершілік түрлері түсіндірілді.
Басқосу аясында тәртіп сақшылары қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Жиынға қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика