ҚР Президентінің көмекшісі шымкенттік қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2-қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет деген болатын. Осы орайда ҚР Президенті көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Балаева Аида Ғалымқызы Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің өкілдерімен кездесіп, қоғамдық кеңес жұмыстарымен танысып, құрам мүшелерімен сұхбаттасты.

tories/04122019-2.png» border=»0″ />

Бұдан бір күн бұрын да президент көмекшісі 80-ге жуық тұрғынмен кездесіп, уәждерін тыңдаған болатын. Ал бұл кездесудің басты мақсаты — қоғамды мазалап жүрген жүйелі, көкейтесті мәселелерді жасырмай, ортаға салып, бірге шешімін іздеу. Кез-келген өтініш, ұсыныс Аида Ғалымқызының қызметтік жазбасынан орын алып, президентке жеткізіледі. Осы кездесуден кейін Шымкент тұрғындарын алаңдатып жүрген бірсыпыра мәселелерді айқындап, оны шешу жолдарын үкіметпен бірлесе отырып іске асыру көзделетін болады. Жиналыста алғаш сөз алған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Қожамжарова Дария Пернешқызы осы жылы қаралған мәселелерді тізіп айта кетті. Оның ішінде көп балалы аналардың жағдайы мен қала тұрғындары арасындағы су тапшылығы. Судың тазалығы мен қолжетімділігі үлкен мәселеге айналмай жатып, үкімет тарапынан бұл мәселенің қаралуын сұрады. Ал Шымкент облыстық орыс драма театрының директоры Вербицкий Игорь Владимирович қазіргі таңдағы білім мен мәдениеттің бір-бірінен тым алшақ жатқандығын сөз етті. Келесі жылы біз ТМД елдерінің мәдени астанасы боламыз десек, біздің азаматтардың мәдениет деңгейі қаншалықты дамыған? Әрине, бірден бәрінің мәдениет деңгейін көтеру мүмкін емес. Бұл әр адамның бала кезінен басталуы тиіс. Игор Владимировичтің сөзінше қазірде балабақшаларға театр өзінің ертегілерімен, қойылымдарымен барғанда балалар оларды жатсынады. Мектептегі оқушыларда да театрға бару әдеті қалыптаспаған. Ал бұрындары түрлі абономенттер берілетін, музейлерді аралайтын. Қазір білім мен мәдениет арасындағы байланыс мүлде үзіліп қалған. Театр директоры мектептерге барғанда, оларға театрға

баруға тыйым салынған дегенді естіген. Кім қашан тыйым салғаны белгісіз. Сондай-ақ, мәдениет саласындағы жарнаманың да әлсіз екенін айта кетті. Көшедегі билбордтарда бүкіл нәрсе жарнамаланып жатады, бірақ мәдениет саласын жарнамалауда жұтаңдау. Қазіргі таңдағы кейбір жасөспірімдер арасындағы мәселелер де рухани азықтың аздығынан болуы мүмкін. Адам өзінің мәдениетін дамытуда, ортада қалай ұстауды үйренуде театр, музей, кітапханалардың орны ерекше. Ал жергілікті кәсіпкерлердің сөзін Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Орынбасарұлы жеткізді. Осы жылы 600 млрд теңге өңдеуші өнеркәсіпке бөлінген болатын. Сол жұмыс аясында өңірлік деңгейде жобалық кеңселер ашылған. Бұл бір жылдың ішінде біздің экономикамызға үлкен үлесін қосты. 71 млрд теңгеге 84 жоба іске асып, жұмыс орындары ашылған. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Дегенмен өңір кәсіпкерлерін алаңдатып отырған мәселелер бар. Бөлінген қаржы қарапайым заттар экономикасына бағытталған. Бұл күнделікті киетін киім, жейтін тағамның басқа елден келетін тауарларды алмастыру мақсатында жасалып жатқан шаралар. Ендігі мәселе сұр импорттың сауда орындарын жаулап алуы. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсіптерін бастаған азаматтардың айтуы бойынша заводтан шыққан шикізаттың құны 10,000 теңгені құраса, сұр импорттың заттары базарда бұдан екі есе арзан бағаға сатылуда. Шекаралас өңір болғандықтан Өзбекстан мемлекетімен тығыз сауда-саттық жасаймыз. Бірақ бұл сауда қатынасында тепе-теңдік жоқ. Белгілі бір зат категориясын біз оларға сататын болсақ, акциз салығы, кедендік құн салығы бар. Ал олар біздің солтүстік аймақтарымызға дейін еркін түрде заттарын өткізуде. Импорт алмастыру үшін қомақты қаржы бөлінуде. Бірақ оның әсері болмауы мүмкін. Бұл келісімдер екітарапты жүргізілу керек. Ендігі үкіметке жеткізілуі керек мәселе – шекарамызға экономикалық қорғаныстың жасалуы. Оңтүстік өңірі жеңіл өнеркәсіп бойынша республикамызда көшбасшы. Біздегі кәсіптің үштен бір бөлігі шағын өнеркәсіптер. Басқа аймақтардағы сияқты үлкен мұнай өңдейтін заводтар жоқ. Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіргендіктен кейбір ережелер біздің еркіндігімізді шектейді, соған қарамастан ұлттық деңгейде өзімізді қорғауға мүмкіндік бар. Ол сертификациялық лабораториялар жасау, тарифтік емес құралдарды қолдану. Нұрлан Орынбасарұлы осы мәселелердің үкімет тарапынан қаралуы керектігін айтып, өтініш білдірді. Қазіргі таңда бүкіл аймақтарда ілгерілеу байқалуда. Дегенмен осы дамуды одан да жандандыру үшін мемлекет өз халқының үнін естіп, мәселелерді ортаға салып, соңында нәтиже көрсету керек. Осындай кездесулер билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыру және азаматтық қоғамға қолдау көрсетуде, оның әлеуетін нығайтуда көп көмегін тигізетініне сенімді екенін жеткізді президент көмекшісі Аида Ғалымқызы.

Айжамал МАХАШОВА

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика