tories/-8.jpg» width=»330″ height=»187″ alt=»-8″ style=»float: right;» />
Жұмыс жоқ деп кім айтты?..
Біз қандаймыз? Қазақты айтып отырмын. Осы сұрақ қойылғанда көп жағдайда жалқаумыз, еріншектігіміз бар деп жатамыз, шындығында солай ма? Бар қазақтың болмаса да, бір қауым қазақтың тіршілігін қалай және қайдан бақылауға болады. Базарды таңдадым. Бүгінгідей заманда қайнаған еңбекті базардан басқа қайдан таппақсың?!
Ертелетіп, демалысты пайдаланып Шымкент қаласында Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан көлік сатуға арналған «Арғымақ» базарына бардық.
Қаптаған көлік. Мұнда жүргендерді бірнеше топқа бөліп тастауға болады. Сатушы және алушы және соларға қызмет көрсетушілер, делдалдар — бұл келушілердің басым бөлігі, нарықты білуге келгендер мен сияқты бақылаушылар ат төбеліндей аз болса керек. Қайнаған тіршілік, жұмыстың да түр-түрін көруге болады. Әйел-еркек, бала-шаға бәрі осында.
Бір қолымен «кола», «фанта» тағы басқа сусындарын көтеріп, екінші қолындағы шараға қуырылған пістесін салып стакандап сатып жүрген әйелдер, самса, тандыр нандарын аралап өткізіп жүрген жап-жас қазақ қыздары. Термостағы шайларының стаканын 50 теңгеден, ал, бір шыны кофесін 100 теңгеден сатып жүрген студент жігіттер. Сақтандыру компаниясының өнімдерін жарнамалап жүрген қызметкерлер. Тіпті, 5-6-шы сыныпта оқитын қолдарына бір жапырақ қағаз ұстап алып зыр жүгіріп жүрген мектеп оқушыларын да көзіміз шалды. Сауда осылардікіндей көрінді бізге. Қызмет түрлеріне тоқталайық: Сатылатын көлік туралы анықтама қағаздарын шығару. Есептеп көрсек анықтаманы дайындауға 5, ары кетсе 10 теңге кетеді екен. Ал, сатылу құны 50 теңге. 10 анықтама сатылса 500 теңге, 20-сы сатылса 1000 теңге болады. Жаман емес, үйде отырған балаға ата-анасынан мұндай ақша сұрау үшін әжептеуір есеп-қисап жасауға тура келеді. Қыстың суығы, қолдарының жаурағанына қарамастан зыр жүгіріп жүрген балаға қарап қазақты жалқау деуге қалай аузың барады?! Заң тұрғысынан келгенде кілтипан табылады әрине, бірақ біз бұл жағына көз жұма қарадық.Өйткені оларды пайдаланып ешкім пайда тауып отырған жоқ, олар өздерінің қамын өздері күйіттеп, амалын тайып еңбек әліппесін игеріп жүр. Сүйсінбеске лаж жоқ. Осыдан кейін» Жұмыс жоқ деп кім айтты?» деген сауал туады өзінен-өзі.
Қыстың ортасында «күн жылынғанша жұмыс жоқ» деп жылы көрпенің астынан шыққысы келмей жатқан, жастары 20-дан асқан жігіттердің қасында, бұл балалардың жігерлеріне қол соғу керек, біздіңше.
tories/0564738a561a20401752434d451df00b.jpg» width=»300″ height=»181″ alt=»0564738a561a20401752434d451df00b» style=»float: right;» />
Қазақ қайыр сұрамайды
Тағы да бір жайтты байқап қалдық. «Арғымақта» қазақтан басқа да көп ұлттың өкілдері жүр. Олардың не істеп жүргенін білесіз бе?
Сыған әйелдері иықтарына дорбаларын арқалап алып әркімді тоқтатып, зарлап қайыр тілеп жүр. Жасы 35-40-тың шамасындағы тәжік тектес әйелі мектепке жасы жетпеген баласын алдына салып қайыр сұратқызып жүр. Бала еңбегін пайдалану, құқын бұзу деп осыны айтуға болатын шығар. Қайыр сұрағандарға қарап терең ойда қалдым. Аяқ-қолдары бүтін, көздері көреді, тілдері бар сөйлей алады, 12 дене мүшесі сау. Сонда бұлардың әлгі бізді сүйсінткен анықтама сатып жүрген балалардан қай жері кем екен?! Айырмашылығы қайсы?!
Тағы бір топ әйелге көзіміз түсті. Адыраспанды тұтатып алып әр көлікке барып дұға оқып ақша жинап жүр. Қайыршылықтың бір түрі сықылды көрінді.
«Арғымақ» базарындағы бір күнде көргеніміз осы болды. Ал, түйгеніміз мынау: жеңілдің астымен, ауырдың үстімен нәпақа тапқысы келіп жүрген қазақты көрген жоқпыз. Қазақ момындау, жайбасарлау шығар, бірақ жалқау емес. Намысқа әлі де берік. Біздің бауырларымыз тиынсыз қалып жатса да қайыр сұрауды кәсіп етпей басқаша жолды іздейді екен. Қазақ қайыр сұрамайды. Осыған қуандық. Кемшілігіміз бар, көп ішінде бірді-екілі «қылығы мен әрекеті тосындау» кісілер де кездеседі, бірақ олар аз. Сондықтан да оны ұлттың мінезі деп тануымыз дұрыс емес, меніңше!
Жарылқасын ҮСЕНТАЕВ.
Leave a Reply