Ел алғысына бөленуден асқан марапат жоқ шығар. Халық арасында «Алтын алма, алғыс ал!» дейтін сөзді өмірлік ұстанымы еткен ағалар баршылық. Ондай жандар атқарып жатқан игі шаруасы мен елге сіңірген еңбегін бұлдап, мақтануды білмейді. Тіпті, «осындай тірлік тындырып едім» деп те жұрт алдында айта бермейді. Қоңыр тірлігін қамдап, үйреншікті өмірлік дәстүріне айналған қайырымды ісін жалғап жүре береді. Олар жайлы шарапаты тиген қауым арасынан бірді-екілі азамат естелік етіп айта қалғанда барып жұрт шулай жамыраса мақтай жөнеледі.
Өткен айда табиғат жанашыры Ерлан Сыздық аға хабарласып, осындай ел алғысын арқалаған, бірақ ешбір марапаты, не медалі, тіпті мадақтама қағазы да жоқ дәрігер жайлы айтып, оқырманға таныстыруды өтінді. Қуана келістік. Ол – Артықбаев Мырзагелді деген азамат екен. Өзі талайдың дертіне шипа берген невропатолог дәрігер. Сөз кезегін сол кісінің өзіне беріп, әңгімесін естісек.
«Инсульт» – ауыр бөлімше
– Мырзагелді Тайлыбайұлы, медицина саласына, оның ішінде жүйке және жүрек-қан тамырлар аурулары саласына қалай келдіңіз? Саланың ерекшеліктері мен қиындықтарына тоқталыңызшы.
– Менің 1980 жылы Алматы медициналық институтын бітіріп, осы салада еңбек етіп келе жатқаныма жалпы 40 жыл толыпты. Алғаш еңбек жолымды Қазығұрт ауданынан бастап, Мақтарал ауданында жалғастырдым. Шымкент қаласына 1997 жылдан бастап ауысып, қалалық №2 ауруханасындағы «Инсульт» бөлімшесінде қызмет атқардым. Жалпы, «Инсульт» бөлімшелері үлкен қалаларда: Алматы, Қарағандыдан кейін 1993 жылы Шымкентте ашылған. Кейінгі жылдары жүрек-қан тамырлар аурулары, инсульт, инфаркт секілді аурулардан өлім-жітім саны көбеюіне байланысты облыстық аурухана жанынан тағы бір екінші бөлімше ашылды. Қазіргі жағдайда, қалада біреу, облыста екіншісі бар есебі. Былайша, инсульт дегеніміз – мидің инфаркты ғой. 1997 жылдан 2007 жылға дейін аға дәрігер болдым. Бұл – ауыр бөлімше, қайтыс болатындар бар: аптасына біреу, кейде 3-4 кісі қайтыс болады.
Одан басқа, «дәрігер» деген халықта кезекшілік деген «салт» бар. Өмірде ең қиын нәрсе – түнгі ұйқыдан қалған жаман екен. Қазіргі 10 жылдан бері жұмыс істеп отырған «Доктор Магнус» ЖШС клиникасында түнгі кезекшілікке түспейміз. Күндізгі жұмыс – жанның рақаты: ұйқың тыныш, ерте оянасың, жұмысқа мерзімінде келесің, қайтасың. Ал, бұрынғы қызметімде кезекшілікке түсетін едім. Таңертеңмен келіп, ертесіне ертемен шыққаннан кейін де кешкі 17:00-ге дейін жұмыста боласың. Сонда әр кезекшелігің 1,5 тәулікке созылады. Оның үстіне ауыр жұмысы тағы бар. Бір түнде инсультпен бір ғана кісі түсетін болса, түнімен тынымсыз шапқылауға сол да жетеді. Ал, еңбек заңдылығы бойынша жұмыс нормасы қандай? Бір тәулік жұмысқа шықсаң, екі тәулік демалу керек! Солай ғой? Өкінішке қарай, ол кезде жаспыз, әрі жұмыс істеу керек болды, заң нормасына ешкім қараған жоқ. Осылайша қызмет атқарып жүріп, облысқа танымал неврология саласының маманы, білікті невропатолог болып осы клиникада жұмыс істеп жатырмын. Зейнетке осы жерден шықсам деген үміттеміз.
– Қазір жеке клиникалар да мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей бастады, ия? Тұрғындар электронды үкімет порталы арқылы өзіне ыңғайлы кез-келген клиникаға, дәрігерге тіркеле алады. Оның үстіне соңғы кездері МӘМС деген жаңалық шықты. Жеке клиника өкілі ретінде осындай өзгерістер жайында айтып беріңізші.
– Біріншіден, мұндай клиникаларды «жеке меншік» деп атаған дұрыс емес. Өйткені, тіркелген жан басына байланысты мемлекеттен қаржы алып отырған денсаулық сақтау мекемесін олай атауға болмайды. Атауының өзі айтып тұрғандай жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп атай берсеңіздер, қателеспейсіздер.
Бұл клиникаға ауыр науқастар түспейді, терапиялық жұмыстармен айналысатын жалпы неврология ғой. Жедел жәрдеммен науқастар түспейтін болғасын, түнгі кезекшілік те жоқ. Негізінен, мұнда реабилитация есебінде 2-ші, 3-ші, 4-ші курстардағы бас аурулар, остеохондроз, инсульт аурулары, осы 3 топтағы науқастар ем қабылдайды.
Клиникаға тіркелгісі келетін тұрғындардың аудан-аумағына қарамаймыз. Мысалы, қалалық №4 поликлиника болса, оның тұрғындарды тіркейтін өзінің айданы, аумағы бар. Ал, бізде ондай шектеу жоқ. Қазір аурухана және дәрігер таңдауға кез-келген азаматтың құқығы бар. Сондықтан, күндізгі стационарға келетін қала тұрғындарына толық қызмет етіп жатырмыз. Клиника екі бағыттан қаржыландырылады. Оның біріншісі, медицина мекемесіне тіркелген тұрғындар санына қарай бөлінетін «Тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі» дейтін жүйе болса, екіншісі баршаға белгілі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» жарнасы бойынша. Ол жағын тереңдеп білмейтін болғасын, тәптіштеп түсіндіріп бере алмаймын. Білетінім, бізге көбіне науқастар басқа клиникалардан жолдамамен келеді. Стационарлық тегін емделуге қала және облыстың аудандарынан келетін тұрғындар көп.
«Кітап жазған санаулы дәрігердің бірімін»
– «Басты байлық – денсаулық» деп аталатын еңбек жазыпсыз. Оған не себеп болды? Алда тағы да сол кітаптың серияларын оқып қалуымыз мүмкін бе?
– Кітап жазуыма себеп, әрі қамшы болған бір жағдайды айта кетейін. Қай аурухана екенін айтпай-ақ қояйын, 2001 жылы еді, бас дәрігердің хатшы қызы бөлімшемізге келді де, «мына кітаптан әр дәрігер бір кітаптан алуы керек, бұл бас дәрігердің тапсырмасы» деп, ақысы жалақыдан ұсталатынын айтып кетті. Бірден қолға алып қарасақ, жақында ғана зейнетке шыққан әріптес ағамыздың жазған кітабы екен. Кітапты сол заматта қолға тиісімен-ақ көз жүгіртіп шықтық. Өмірбаяндық жинақ екен. Қай колхозда туғанынан бастап, мектеп пен мединститутта оқыған сәттері, болашақ келіншегінің пәленінші курстағы кездері, бажаларымен, құдаларымен кездесуіне дейінгі бәрі-бәрі суреттерімен көркемделіпті. Қарапайым ғана дәрігердің ғұмыры өз отбасы мен дос-жарандарынан өзге кімге қызық болуы мүмкін? Басқа жұрт дәрігер кітабынан дәстүрлі медициналық ем-дом мен денсаулық сақтауға қажетті мәлімет күтеді емес пе? Сол кезде әріптестеріме «Бір заманда мен де кітап жазармын, бірақ мынандай өмірбаяндық емес, елге пайдалы дәрігер кеңесін жинақтаған еңбек болады» деп сөз бердім. Өйткені, сол кездің өзінде аудандық, облыстық газеттерде мақалаларым ұдайы жарық көріп тұратын. Сол материалдарымды бір жинақтап қоюды ойлап жүруші едім.
2014 жылы дәрігер кеңесіне негізделген «Басты байлық – денсаулық» деген кітабым жарық көрді. Кітаптың алғысөзін невропатолог дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор И.Байдәулет жазды. Ол кісімен «Фосфор» ауруханасында 3 жылдай қызметтес болғанбыз. Кітабым автор ретінде ұялмайтындай болып шықты.
– Сонда не жаздыңыз? Мазмұны мен тармақтарына тоқталыңызшы.
– Кітап 3 тармақтан тұрады. Бірінші тармағы «Дәрігер кеңестері» деп аталады, ол – негізгі бөлім. Онда адам тамақты қалай жеу керек, қандай тағамдар тұтыну керек, ауыз суды қалай ішу керек, ауаны жұту қажеттігінен бастап, саламатты өмір салты, дене қимылы, ауырмаудың жолы, ауыра қалғанда емделу бағыттарына дейін қарапайым оқырманға мейлінше түсінікті етіп жазуға тырыстым. Екінші бөлім «Денсаулыққа қатысы бар мақал-мәтелдер» деп аталып, қазақ халқының ауызекі пайдалануындағы денсаулыққа қатысты мақалдары мен мәтелдері, ғұламалардың нақыл сөздерін топтастырдым. Үшінші тармақ – «Есте қалған елеулі оқиғалар». Ол жерде өзімнің 40 жылдық дәрігерлік өмірімде басымнан өткерген жайттар қағазға түсірілген.
Жинаққа енген мақал-мәтелдер арасында өзімнің тәжірибе барысында ойыма тоқыған сөздерді де қоса кеттім. Оның ішінде 30 нақыл сөз өзімдікі. Бір-екеуін айта кетсем, «Дұрыс пайдаланбасаң, су да удай болады», «Қан іркілген жерде ауру пайда болады, қан жүгірген жерден ауру қашады», «Жаман әдет – ауруға себеп», «Тамақ неғұрлым тез және көп желінсе, соғұрлым жүрекке ауырлық көп түседі» деген секілді сөздер.
Жинағым да, онда айтылған ой да оқырманға пайдалы деп ойлаймын. Алдағы уақытта зейнетке шыққаннан кейін бұл жинақты үлкендеу етіп шығару ойымда бар.
«Мәшенеге қарағанда велосипедті жақсы көремін»
– Шымкентке қай әкім келсе де «велоқалаға айналдырамын» дейді, жобалары сол күйі қалып қойып жатады. Көшеде велик мінген мемқызметшіні көрмейміз, тұрғындар да сирек. Алаулатып, жалаулатпай-ақ велосипедке отырып, өз өмір салтыңызға айналдырып алыпсыз…
– Ия. Мен өзім Қайтпас жақтағы Нұртас шағынауданында тұрамын. Ал, жұмыс орным Қырғы базардың маңындағы Т.Әлімқұлов көшесінде. Осы аралықтың қашықтығы 12 шақырым екен. Велосипедпен ары-бері күн сайын 24 шақырым жүреді екенмін. Бір бағытта жылдамырақ жүрсем, 50 минутта, асықпай жүрсем 1 сағаттан асықтау уақытта жетемін.
Бұл саламатты өмір салтын насихаттауға жататын шығар. Жаяу жүруден де шаршамаймын. Өзімнің қатарластарыма қарағанда артық салмағым да жоқ, тыныс алуым да жеңіл. Бұл – адамның жүрек-қан тамыр, тыныс алу және жүйке жүйелеріне де пайдалы нәрсе. Дәрігер болғасын тек клиникада ғана емес, көшеде де үлгі-өнеге көрсете жүргенді жөн санаймын. Мәшенеге қарағанда велосипедті жақсы көремін. Теледидарға қысқаша ролик ретінде түсіріп көрсетер болса, қарсылығым жоқ.
«Басқармаға айтар базынам бар»
– Еңбегіңіз еленбей жүргенін естідік. Жалпы нендей марапатыңыз бар?
– Ол сөздің жаны бар. Менде еш марапат жоқ. Қазір қорыққаны мен тамыр-таныстықты сыйлайтын заман. Биыл қазан айында зейнетке шығамын, 40 жыл дәрігерлікпен айналысыппын. Осы уақыт аралығында мерекелік медаль түгілі, бір мадақтама, бір алғыс хат алмаппын.
Елге клиниканың деңгейінен жоғары қызметім сіңді деп айта аламын. Қала және облыс тұрғындары денсаулығының жақсаруына еңбек еттік қой. Бұрын санавиация дейтін сала болатын. Облыстың Созақ, Түлкібас, Шардара секілді аудандарындағы барлық шалғай ауылдарына барып, ең алыс деген шопан қоныстарына медициналық қызмет көрсетуші едік.
Одан басқа, өзі еңбек еткен саласынан тұрғындарға пайдалы кітап жазған дәрігерлер көп емес, соның бірімін. Жинағымнан ұялмаймын, дәрігерге де, ауырған жанға да пайдасы тиеді дей аламын. Айта берсек, осы секілді еңбектерім көп. Сондықтан, келе жатқан «Медицина қызметкерлері күні» қарсаңында басқарма тарапынан бір рет болса да еңбегім ескерілсе деген базына ғой біздікі.
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз елене берсін!
Сұқбаттасқан С.Қаржан
Шымкент қаласы
Leave a Reply