Мархабат БАЙҒҰТ: «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ, ИДЕЯЛОГИЯСЫ КӨНЕ ТҮРКІ ЕЛІНЕН, САҚТАРДАН, ТОНЫКӨК ЖАЗУЛАРЫНАН БАСТАЛАДЫ»

tories/001mar.jpg» border=»0″ />

«Мәңгілік ел» идеясының Елбасымыз елдің, халықтың болашағын ойлап жасаған үлкен тарихи жобаcы екеніне сөз жоқ. Еліміздің мұратына айналған бұл идея — халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, мемлекетімізді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы атқарушы органдар, билік құрылымдарына ғана емес, әрбір азаматқа, халыққа үлкен жауапкершілік жүктеген.

Бұл жалпыхалықтық идея,елдің мұраты. Сол себепті де оны жүзеге асыру барысында Қазақстанның әрбір азаматы өзі жүрген салада еңбек етуі керек. Ел мұратының өзегіне айналған идеядан тарайтын бағдарлама аясында Оңтүстік Қазақстан облысында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Күн сайын ашылып жатқан жаңа әлеуметтік, кәсіптік нысандар, елдің өсіп-өнуіне, жастардың білім алып, жетілуіне бағытталған іс-шаралар осының айғағы. Идея кім қалай қабылдады және осы жолда кім қандай жұмыстар атқаруда?

Осы орайда біз белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Алаш” халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт ағамыздың «Мәңгілік ел» идеясы аясындағы ой-пікірін, біліп қайтып едік.

Жазушылығы өз алдына, журналистігі, аудармашылығы бар Мархабат ағаның жазған дүниелері қашанда құнды. Іздеп жүріп оқитын өзінің оқырманы қалыптасқан бүгінгінің заңғар жазушысы. Ел мұратына айналған идея жайлы да ойын әріден бастады. Мұның өзі үлкен аңғарымпаздық пен көрегенділіктің белгісі болса керек.

«Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясы, идеялогиясы көне түркі елінен, сақтардан, Тоныкөк жазуларынан басталады. Одан берідегі Әл Фараби, Яассуий бар, олардың бер жағындағы үлкен ойшылдарымыз бар, солардың барлығының арман-мақсатын жиып келіп туған идея. Сол мәңгілік елді көксеп отырып, философиясын да, поэзиясын да әдебиетін де, тарихын да барлығын қамтып жасалған ұлы жоба деп айтуға әбден болады. Бұл идея, бұл мұрат бүкіл халықтық, бүкіл елдік мұрат-мақсатқа айналып отырғаны рас. Осы жылдың басында жарияланған Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да, «100 нақты қадам» да, оның ар жағындағы, бер жағындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы да, биылғы жылдың басындағы «Үшінші жаңғыру» жолдауы бар, соның барлығы айналып келгенде осы Мәңгілік елге айналудың, барудың, көксеген мақсатқа жетудің жолындағы жұмыстар мен жарияланымдар. Бағыт айқын, бағдарлама бар, тапсырма күтетіндер үшін тапсырма да бар. Ендігі міндет, ел боп бірігіп, осы жолда жұмыс істеуіміз керек. Бұл тек қоғамдағы бетке ұстар азаматтар мен азаматшалардың, не болмаса мемлекеттік қызметшілердің емес, баршамыздың жауапкершілікпен өз жұмысымызды атқарғанымыздың арқасында жететін мақсат. «Мәңгілік ел» идеясының ең басты бағыты бірлік пен ынтымақ қой. Бірлік пен ынтымақ болғанда ғана мәңгілік ел боламыз.

1993 жылы үш елдің президенті мен бірге 150 мың адамнан құралған 20 елдің делегациясы қатысқан Ордабасы жерінде өткен басқосу нағыз бірлікке үндеген маңызды тарихи оқиға болды. Сонда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Береке басы — бірлік» деген баяндама жасады. Сол баяндаманың өзінде осы мәселелер айтылған. Ел болуды көксеген ұлы арман-мақсат, мүдделер айтылған. «Ордабасы — қазақ рухының қағбасы» деген сөзді Ә.Кекілбаев осы жиында айтып еді. «Ордабасы — ел жүрегі жер кіндігі» деп мен де өз ойымды тұжырымымды айтқам сол кездесуде. Бұл сол ұлы армандардың, мақсаттардың бастау алған шақтары болатын. Ассамблея құру туралы идеясын да 1993 жылы Елбасымыз Ордабасыда айтқан. Сол идеялар жалғасып келе жатыр. Кейін Ордабасыдағы кездесуге мазмұндас басқосулар Ұлытауда жалғасты. Ұлытау ұлағаттарында да айтты президент елдің болашағы жайлы.

Біз расында Мәңгілік елге ұмтылуымыз керек. Бірлік пен ынтымақты сақтауымыз керек. Тек ауызбен айтып қойғанмен іс бітпейді. Ол үшін күш жұмсау керек. Әрбір адам, жас болсын жасамыс болсын, мемлекеттік қызметкер болсын, әкім болсын, ақын болсын, кәсіпкер болсын, қарапайым еңбек адамына дейін патриот болуы керек. Осылай әркім өз деңгейінде, өз орнында отырып мәңгілік ел болуға үлес қосу керек. Оны бізге ешкім әкеп те бермейді, жасап та бермейді. Оны біз өзіміз жасауымыз керек.

Қазір қоғамда бірлік пен ынтымаққа көлеңке түсіретін кейбір құбылыстар бар. Арамызда «Рухани жаңғыруда басқалар жаңғыра берсін, мен жаңғырмаймын» деп теріс ойларын сол күйі сақтап келе жатқандар да бар. Ел мүддесін ойласа солардың бәрі өзгеруі керек, жаңару керек, жаңғыру керек. Ел мүддесі – сенің мүддең. Солай еткенде ғана, ұмтылғанда ғана Мәңгілік ел боламыз. Рушылдық, жершілдік деген бір жағымсыз құбылыс туралы да айтпасқа болмайды. Кейде «бірге болайық бірге болайық» деп айтып алып, бөлініп кететіндер бар. Басқаша тірлік істейтіндер бар. Солардың барлығы жұмылып патриот болғанда ғана мемлекетшіл, елшіл, халықшыл болғанда ғана мәңгілік ел мұраттары орындалады. Жұмыла жұдырық болып жұмыс істеу керек. Жеке мүддеден ел алдындағы, ұлт алдындағы жауапкершілікті биік қою керек.

Кім қай салада еңбек етіп жүр, қандай кәсіпті таңдады, сол орнында еңбек ету арқылы үлес қоссын бұл идеяның орындалуына. Мысалы, дәрігер дәрігерлігін жасау керек, елдің денсаулығының жақсаруына үлес қосу үшін жұмыс жасау керек. Депутат депутаттығын жасап, өздерінің бизнесін ғана дамытуға күш салмай, шын мәнінде халық қалаулысы деген атқа лайық болуы керек. Жеке мүдде керек әрине, бай болған дұрыс, байлар көбейсе жағдай да жақсарады. Бизнес даму керек. Бұл да басым бағыттардың бірі. Байлар көбейсін, жақсылықтар көбейсін, бірақ ешуақытта соны елдің мүддесінен биік қоймау керек, мемлекеттің мүддесін жоғары қою керек. Өзіңнің құныққаныңды, сыбайлас жемқорлық дегенді жою керек. Көп нәрсеге кедергі болып жатқан, көп нәрсені бүлдіріп отырған сол — сыбайлас жемқорлық. Тамыр таныстық. «Бармақ басты», «көз қысты» тірліктер. Осындай құбылыстарға жол бермей еңбек ету керек».

Жазушы айтарын нақтылап, шегелеп айтты.

Бүгінгі жастардың ой-өрісі мен заманауи өзгерістерін назардан тыс қалдырмайтын көреген жазушыдан ойын білмек болып: «Жастарға не айтар едіңіз?» деп сұрағымызда:

«Жастар біздің үмітіміз де, болашағымыз да жастар ғой енді. Жастар анау-мынау дейміз, қазіргі жастар білімге ұмытылып жатыр, шетелде білім алуға талпыныс жасап, сонда білім алып жатқандары қаншама?! Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсіп Дарын мектептері, жай мектептердің өзінде талантты, талапты оқушыларды мыңдап санауға болады. Білімге ұмтылушылық жақсы қасиет. «Мықты маман болсам», «бай-қуатты болсам», «кәсіпкер болсам» деген ұмтылыс бар жастардың бойында. Оны қолдау керек. Бірақ, олар да жаңағы рухани жаңғыруды, көркем әдеби кітаптарды оқуды ұмытпай, тек интернетке байланып бір жақты болып кетпеу керек. Сол ғаламтормен бірге өнерге әдебиетке ұмтылу керек. Ғаламторды өздерінің рухани баюлары үшін пайдалануды үйренулері керек. Орыстың мықты ойшылы Андрей Битовтің «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң сықырлаған қару мен сылдырлаған тиын ғана қалады», деген қанатты сөзі бар. Өкінішке орай, сорымызға қарай адамзаттың өмірінен де, қазақтың өмірінен де әдебиет былайырақ қалып бара жатыр. Сықырлаған қару мен сылдырлаған ақшаның алға шығып кетіп белең алып тұрғаны сондықтан болып отыр. Әдебиетті адамзаттың өміріне қайта оралту керек. Ол үшін кітап оқуға, кітапқа деген бетбұрыс болу керек. Кітапқа деген қызығушылықты ояту керек жастардың бойында. Әдебиетті біздің өмірімізге қайта оралтпай ештеңе оңалмайды, рухани жаңғыру да болмайды. Менің айтатыным сол».

Расында даму бар, алға ұмтылыстың бары рас. Тек жастарымызға кішкене рухани азық жетпей жатқаны анық. «Мәңгілік ел» болуға ұмтылу жолында рухани байлықтың да алар орын ерекше. Ендеше Мәңгілік ел мұратына жету жолында еңбек етейік…

Пікірлескен Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика