МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕР ЖАЙЛЫ СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

tories/001memk.jpg» border=»0″ />

Осы кезге дейін біз оқырмандарымызды мемқызметшілердің жұмыс барысы, ел мүддесіне деген көзқарасымен таныстырып келдік. Кез-келген жағдайдың екі жағы болады. Мемлекеттік қызметті тұтынатын қарапайым халық мемлекеттік қызметшілердің жұмысы туралы не ойлайды? Бүгін біз осы сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

Айсұлу КЕНЖЕБЕКОВА, Шымкент қаласының тұрғыны:

САУАТТЫ ЖҰМЫС ЖАСАУ ҮШІН ДЕ ҮЛКЕН БІЛІМДІЛІК ПЕН АДАМИ ҚАСИЕТ БОЛУЫ КЕРЕК

— Өмір болған соң әрине мемқызметшілердің алдына барып жатамыз. Біріміз куәлік ауыстырып, енді біріміз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін, кейде көшенің, өзіміз тұратын орамның мәселелерімен құзырлы органдардағы мемлекеттік қызметшілерге ісіміз түсіп тұрады. Құжаттар рәсімдеу болсын, әкімдердің қабылдауына жазылу болсын, бұрынғыдай аса қиын емес, қазір бұрынғыдан әлдеқайда оңай жолдары қарастырылған. Сол үшін өзім қуанамын.

Ал, жеке өзім жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жасым қырықтан асса да тігіншілік оқуын мемлекеттік бағдарламамен оқып жүрмін. Осы оқуға шақырып, бізді қайта даярлауға жазып, құжаттар дайындау барысында осыдан үш ай бұрын Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығында құжат тапсырдым. Ондағы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысына, мамандардың алдарына барған тұрғындармен қарым-қатынас жасауына көңілім толды. Құжаттар тізімін қолыма беріп, қалай дайындауын, қайдан алып келу керектігін толықтай түсіндіріп жіберді. Екі күннен соң айтылған құжаттарды қайта дайындап тапсырған едім. Сондағы бас маман оқудың қай кезде, қашан басталатынын

алдын ала ескертетінін айтып шығарып салды. Уәдесінде тұрып сабақ басталардан екі күн бұрын айтты. Демек жауапкершілік бар деген сөз. Ол мекемеге менен өзге қанша мыңдаған адам бас сұғады. Әрқайсысымен тура осылай жұмсақ, әрі сауатты жұмыс жасау үшін де үлкен білімділік пен адами қасиет бойыңда болуы керек шығар. Мен өзім соңғы бас сұққан мемлекеттік мекемем сол болғандықтан айтып отырмын. Менің көңілімнен шықты.

Эльмира ТҰРҒЫНОВА, төрт баланың анасы:

АЛҒЫС АЙТҚЫМ КЕЛЕДІ

— Мен өзім көп балалы анамын. Мемлекеттік мекемелерге көбірек барып тұруға тура келеді. Осы мемлекеттің азаматшасы болғандықтан қандай құжат, қандай мәселе болсын ең алдымен мемлекеттік басқару органдары арқылы мәселелеріміз шешіліп жатады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жататындықтан мемлекеттік әлеуметтік көмектерді алып тұрамын. Осы орайда айта кетейін, ештеңе жайдан-жай берілмейді барлығына құжат жинап апарып тапсырып, өзімнің расындада көп балалы ана екенімді дәлелдеу керекпін. Үнемі жәрдемақы алуға құжат тапсырамын. Бұрынғыдай емес, жұмыстың жүруі тиісті мамандардың тұрғындармен қарым-қатынасы әлдеқайда жақсы жағына өзгерген. Бұдан бірнеше жыл алдын мұндай аудандық әкімшіліктерде жүйелілік жоқ еді десем қателеспеймін.

Өзім Шымкент қаласы, Еңбекші ауданына қарасты мекен-жайда тұратындықтан көп жұмыстарымды Еңбекші аудандық әкімшілігі арқылы бітіремін. Себебі, сонда тіркелгендіктен құжатты алу, тапсыру тікелей сол әкімшілік мамандарымен жүргізіледі. Осы орайда Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы әкімдігінің аппаратында жұмыс жасайтын Ғалымжан есімді бас маман жігіт бар, сол жігітке сіздердің басылымдарыңыз арқылы алғыс айтсам деп едім. Әлеуметтік мәселелер бөлімінің бас маманы болуы керек жаңылыспасам. Ең алғаш Әл-Фараби ауданынан осы аудан аумағына көшіп келіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қатарынан екенімді айтып алдына барғанмын. Келіп жағдайыммен танысып кетті. Міне, содан бері үнемі демеушілердің арқасында берілетін көмектерден құр қалдырмай, жалғызбасты ана екенімді ескеріп, өз қызметін тиянақты атқарып жүреді. Сондықтан алғыс айтқым келеді. Расында кейбір мемқызметшілерді көріп жатамыз, тіпті сөйлесуге ерініп тұрады ғой. Ал, Ғалымжан ондай мамандардың қатарынан емес, қай кезде болмасын алдына барсаң өзіне тиесілі жұмысын дұрыс атқарып, мардымды мәліметтер беріп, жөн сілтей алады. Сондықтан рахмет айтқым келеді. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысына аса өкпелі емеспін, көңілім толады.

Нұрберген АҒЫБАЙ, студент:

ЖҰМЫСЫНА КӨҢІЛІМ ТОЛҒАНЫН АЙТА АЛАМЫН

— Мен енді әлі жаспын ғой. Десе де мемлекеттік қызметті тұтынамыз. Осыдан төрт ай бұрын баруыма тура келді. Жеке куәлігімді жоғалтып алдым. Үйден әйтеуір таппадық. Кішкентай бауырым алып еденнің ойығына салып жіберген екен. Сонымен қайта алу үшін бардым. Ешқандай қиындық туған жоқ, әр маман өз ісіне толық жауап береді екен. Өзім беруге тиіс құжаттарды дайындап тапсырдым, арадан екі апта өткенде жеке куәлігімді қайта рәсімдеп ала алдым. Сол жолы мемлекеттік қызметшілердің жұмысына көңілім толығымен толғанын айта аламын.

P.S. Иә, бұл аз ғана адамның айтар пікірі. Егер сіздің де мемлекеттік қызметшілер жайлы алғысыңыз, қандайда бір пікірлеріңіз болса біздің басылымның мекен-жайына, не болмаса электронды хат поштасына хабарласуларыңызға болады. kyzmet_kz@mail.ru

Н. ӨТЕМІСОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика