МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ – МӘҢГІЛІК МӘСЕЛЕСІ немесе еліміздегі тұңғыш тіл Орталығы Шымкентте құрылған

tories/001kabyl.jpg» border=»0″ />

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан — 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым!» деген болатын.

Елбасымыз алтыншыдан деп, атап айтқан тарих пен мәдениеттің және тілдің ортақтығы туралы мәселеге аз-кем тоқталып өтейін. Жалпы, тарих пен тілдің егіз екенін және мәдениеттің мәйегі тіл екенін халық жақсы біледі. Ендеше, Мәңгілік Ел болуымыз үшін, біздің туған тіліміз де мәңгі жасауы тиіс! Әрине, оның өзінен өзі болмайтыны белгілі. Сондықтан қазақ тілінің өсіп-өркендеуі , қолданыс аясының кеңеюі жолындағы әрбір жұмысқа әрқайсымыз атсалысуымыз керек және мұндай маңызды мәселе немқұрайлылықты көтере алмайды. Мемлекеттік тілімізді мәңгілік етудің де өзіндік тарихы бар. Осыдан 20 жыл бұрын Шымкентте туған тілімізді түлетіп, оны азаматтарға оқытып-үйрету үшін ілкімді бір қадам жасалды. Тіл үйрететін орталық ашылды. 20 жылдық тарихы бар орталық бүгінде үш тұғырлы тіл бағдарламасының қанат жаюына өзіндік үлесін қосып келеді.

АЗ-КЕМ ТАРИХТАН

Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» 1997 жылы жұмысын бастады. Бұл еліміздегі мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын тұңғыш Орталық ед және сол уақыттағы жағдайға байланысты тіл үйренушілерге ауадай қажет еді. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» ескерсек, Шымкенттегі бұл орталықтың ашылуы мемлекеттік тіл саясатындағы айрықша жаңалық әрі айтулы оқиға болғаны анық.

Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын орталық ашу қоғам орыс тілінде сөйлеп тұрған сол жылдары тым күрделі әрі аса қиын шаруа болды. Қазақта өткенді еске алған өскендіктің белгісі, ал өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі деген сөз бар. 90-жылдары елімізде қолданылып отырған шараларға қарамастан, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық іске асыру мүмкін болмады. Басты себебі, тіл мәртебесі тек ресми тұрғыдан жарияланғанымен, оның жергілікті жерде үйретілуі мен қолданылуын іске асыратын тетіктің (механизмнің) жоқтығы еді. Бұл жөнінде, 1996 жылғы 4 қарашадағы Мемлекет басшысының Өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасында» айтылып, «мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталықтарын құру қажеттігі» — жазылған. Сонымен қатар, 1996 жылғы 23 мамырда Елбасы бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілік тұжырымда-масында»: — Мемлекеттік сәйкестілік дегеніміз мемлекетке тән барлық элементтердің тәуелсіздік белгілеріне сәйкес келуін білдіреді. Мемлекеттік сәйкестілік аспектілерінің бірі – мемлекеттік тілдің болуы және тіл саясатында белгілі бір басымдықтарды ұстану болып табылады. Қазақстан қоғамында орын алып отырған тілдік ахуал жағдайында мемлекеттік тілді ерікті түрде оқып-үйренуге ынталандыру, оның рөлін біріктіруші қатынас құралына дейін көтеру қажет, — деп көрсетілген. Ал, Ата Заңымыздың 93-бабында: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндетті, — делінген.

Осы талаптарды негізге алып, сүйеніш еткен біздер, тіл саясатын іске асырудың негізгі тетігі − қазақ тілін оқытып-үйрету мәселесіне қатысты екенін терең түсініп, қаладағы ересек азаматтарға қазақ тілін ақысыз оқыту орталығын құруды жедел қолға алдық. Ол «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» арнаулы Заң қабылданбаған,орталық ашуға заңдық негіз әлсіз, еліміз экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері 3-4 айлап жалақыларын алмай жүрген қиын кезең еді. Осы орайда «Қазағы қалың Шымкентке қазақ тілін оқтатын Орталық ашудың қандай қажеттілігі болды?» деген заңды сұрақ туады. Егер Шымкентте 1989 жылғы халық санағы бойынша, қаладағы қазақтардың үлесі 29% ғана болғанын және 90-жылдардың басында қала түгілі, аудандар мен ауылдар да барлық құжаттар орыс тілінде жүргізілгенін ескерсек, бұл мәселе өзекті еді. Оған өз басым талай куә болғам. Тіпті, 100% қазақ ұлтының өкілдері тұратын ауылда да бұйрықтар орысша шығарылатын. Тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақ тілі» қоғамы өте белсенді жұмыс істеді. Және оның жергілікті ұйымдары қазағы көп шоғырланған аудандарда да құрылып жұмыс істеді. Мысалы, мен өзім 1990 жылы Шымкент «Электроаппарат» зауытында цех бастығы әрі қоғамдық негізде осы зауыттың «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып жұмыс істедім. Аталған зауыттағы мыңға жуық жұмыскердің 3-4 пайызы ғана қазақ ұлтынан болатын. Өндіріс орнында барлық іс қағаздары тек орыс тілінде жүргізілетін. Маңдайша жазулардың бәрі орыс тілінде ғана жазылып, жиындар тек орыс тілінде өтетін. Қалада қазақша балабақша мен мектеп санаулы ғана еді. 1990 жылы Шымкентте 3 таза қазақ мектебі мен 2 ғана қазақ балабақшасы болды. Институттар мен техникумдарда студенттер негізінен орыс тілінде оқитын. Мекеме, ұйымдардағы түрлі жиындар мен іс-шаралардың барлығы да орыс тілінде өтетін. 90-жылдары қазақ тілінде көсіліп сөйлейтін жиындар «Қазақ тілі» қоғамында ғана өтетін.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан соң ғана құжаттар қазақша «сөйлей» бастады. Бірақ ресми тіліміз жатық, түсінікті болмады. Оған себеп, құжаттардың алдымен орысша дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылатындығы еді. Осылай қазақ тіліне және оны үйренуге деген қажеттілік туа бастады. 1993 жылы Шымкент қаласы әкімінің 1994 жылғы 31 мамырдағы № 513 қаулысымен «Тіл және халықтық педагогика мәселелерімен шұғылданатын әдістемелік орталығы» ашылды.

1996 жылы желтоқсан айында «ҚР Тіл саясатының тұжырымдамасында» айтылып, Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған: — Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі тиіс, — деген талаптарына сәйкес, осы Орталық негізінде қалалық Тіл басқармасының жанынан «Қазақ тілін оқыту Орталығын құру туралы» қала әкімі А.Ормановқа ұсыныс хат жаздық. Бұл ұсынысымыз бірден қолдау тапқан жоқ.

Бюджетте қаржының тапшылығы сыныққа сылтау болды. Тіл басқармасының бас маманы Ү.Қарасаев пен бірге қаржы басқармасы мен қала әкімінің есігін жиі қағатын болдық. Осындай бір кезекті нәтижесіз әңгімеден соң Үсекең маған: «Қабыл балам, мен енді Орталық ашудан күдерімді біржола үздім. Жаңа Орталық жастарға, сендерге қажет, ал мен зейнеткермін. Бастаманы көтерген өзің болғандықтан, бұл Орталықты құру проблемасымен де өзің айналыс!» — деп шығып кетті. Осыдан кейін мақсатым басшылыққа тіл үйрететін орталық құрудың уақыт талабы оны жеделдетіп ашу кезек күттірмес мәселе екенін түсіндіру болғандықтан менің жұмыс күнім таңғы бестен басталатын болды. Себебі,, қала әкімі Анарбек Оңғарұлы жиналысты таңертең сағат 06:00-де өткізетін. Қаланың тілден басқа да сол күні шешілуге тиіс қат-қабат шаруасы болғандықтан бір күн жолым болады, бір күн жолым болмайды. Айдың соңында сәті түсіп, әкімге кіріп, Орталық құру шын мәнінде, тарихи маңызды екендігін және мемлекеттік тілді үйренушілерге нақты жағдай жасамай, қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін түсіндірдім. Сөздің құдіреті күшті ғой, Ғ.Мүсіреповтың: «Ана тілі дегеніміз − осы тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілік мәселесі» — дегенін айтқанымда әкім ойланып қалды. Азаматтық танытып, сол кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, 1997 жылдың 31 қаңтарында Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ашу туралы шешімге қол қойды.Осылай 1998 жылы Шымкентте мемлекеттік тілді мәртебесіне жеткізудің нақты қадамы жасалып, республикадағы тұңғыш Орталық өз жұмысын бастаған болатын.

Оңтүстіктен бастау алған осы жағымды жаңалық сол замандағы тілсүйер қауымды бір желпіндіріп, қуантып тастады. Шымкенттен ескен жылы леп республикамыздың басқа өңірлеріне лезде тарап кетті.Бас аяғы төрт-бес жылда бүкіл Қазақстанда қолдау тауып, тіл оқытатын орталықтар жұмыс істей бастады. Осы игі бастама шын мәнінде «Оңтүстік − ұлтымыздың ұйытқысы» екендігін тағы бір дәлелдеді.

Жаңа Орталық ұйымдастыру мәселелеріне байланысты алғашқы айларда бірқатар қиындықтарға кездесті.Орталық заңсыз ашылған деген себеппен үш айлап айлық төленбеген кездер де болды. Кейін бәрінің заңды екені анықталып кемшілік орнына келтірілді. Сол жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасы оңтайландырудың құрығына ілігіп, қысқарып кеткенімен, оның жанынан құрылған тұңғыш «Мемлекеттік тілді ақысыз оқыту орталығын» сақтап қалдық. Сол бір қиын-қыстау шақта мұның барлығы да оңайға түскен жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе Орталықтың материалдық-техникалық проблемалары біртіндеп шешімін тапты.

Содан бергі уақытта «Тілдерді оқыту орталығының» атауы бірнеше рет өзгеріп, басшылары да ауысты. Өткен 20 жыл ішінде, бұл Орталықта бірнеше мыңдаған мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемелердің мамандары және қаланың қарапайым азаматтары қазақ тілін оқып-үйренді. Ал кейінгі 10-15 жылдан бері азаматтар орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйренуде.

Бұдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз − 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу» деген тапсырмасы, Оңтүстік Қазақстанда 10 пайызға артығымен орындалуына Орталықтың қосқан үлесі зор. Бүгінде орталық елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың бірі үш тұғырлы тіл саясаты аясында жұмысын үйлестіріп отыр. Есігі қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілін үйренемін деушілерге ашық.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді».

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика