tories/001mekt.jpg» border=»0″ style=»font-size: 12.16px;» />
Бүгінде еліміз Мәңгілік ел идеясы аясында тыныстап, түтінін түтетіп, көшін түзеп отыр десек артық айтқандық емес. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысында ауыз толтырып айтарлықтай іргелі істер қолға алынып, экономикамыздың ғана емес руханиятымыздың дамуына да нақты қадамдар жасалуда. Биылғы жаңа оқу жылы да өңірде жағымды жаңалықтармен басталды. Мәңгілік ел идеясының қанатын кеңге жайып, болмысқа сіңіп, жүректерге орнығатын ортасы да осы оқу орындары, мектептер екені айдан анық. Өйткені мектептердің міндеті болашағы жарқын, әлем таныған елге айналу үшін білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Осыған орай бүгінде жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарынан бөлек, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.
Өңірімізде бұл тұрғыдан да ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер мол. Биылғы жаңа оқу жылы өңірде 20 мектептің пайдалануға берілуімен ерекшеленіп отыр. Жаңа ғимаратының ашылу тарихын тауық жылымен байланыстыратын білім ошақтарының бірі Шымкенттегі №34 жалпы орта мектеп. Жанат Қалтаева басшылық ететін білім ұжымы шәкірттерін биыл жаңа ғимаратта қарсы алды. Халқы тығыз орналасқан аумақта бой көтерген жаңа мектеп 1500 балаға шақталған. Үш ауысымда білім беріліп келген мектепте бүгінде оқушы саны 1535-ті құрайды. Оның 198-і биыл мектеп табалдырығын аттады.Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын типтік оқу орны 2 қабаттан тұрады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынған мектепте химия, физика, биология зертханалары, мультимедиялық-лингофондық кабинеттер мен компьютер сыныбы, кітапхана, мәжіліс және оқу залы бар.
Аталмыш мектеп құрылысын 2014 жылдың жаз айынан бастап «Шымкент Строй» АҚ жүргізіп, 2017 жылдың тамыз айында пайдалануға берді.
Білім ошағындағы ұстаздардың құрамы да білімділігімен ерекшеленеді. Қоғамдық өмірде де белсенді. 33 мұғалім «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі. Біліктілікті көтеруде назардан тыс қалып отырған жоқ. Мұғалімдер «Мәңгілік ел» аясында жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктіліктерін арттыруға құлшыныспен кіріскен.
Оқу бастала салысымен «Гагарин атындағы №34 жалпы орта мектеп» КММ педагогикалық ұжымы ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050 жолдауын», «Мәңгілік ел» құндылықтарын енгізуді басшылыққа ала отырып, 2017-2018 оқу жылына арналған мектепішілік жоспарын белгілеп, мектеп жасындағы оқумен толық қамтамасыз етуде, оқушылардың бос уақыттарын есепке алып, пәндік және басқа да үйірме, секцияларға тартуда сабақта және сабақтан тыс уақытта оқу-тәрбие жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, оқушыларды мектептен және сыныптан тыс тәрбие жұмыстарының барлық түрлерімен қамтуда нысаналы жұмыстар атқаруда.
Ұжымның ұйымшылдығы білім күні өткен жаңа ғимараттың ашылу салтанатында көрініп тұрды. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, Еңбекші ауданы әкімдігінің бас маманы Ғалымжан Мырзашев, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлжан Садырбаевалар қатысты. Сондай-ақ, әжелер алқасының мүшелері Сәуле Тасыбекова мен Толубаева Айжамал әжелеріміз жаңа ғимараттың ашылуына орай шашу шашып, балаларды қуанышқа бөледі.
Жиында сөз алған Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы ЖАЙЛАУБАЙҰЛЫ:
— Құрметті ата-аналар, оқушылар, мектеп ұжымы! Бүгін қос қуаныш қатар келіп отыр. Сіздерді білім күні мен және жаңа ғимаратқа қоныс аударыларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен білім саласында өте үлкен оң өзгерістер орын алуда, сонымен бірге білім базасын жетілдіруге үлкен күш салынуда. Білім алуға жағдай жасап, заманауи үлгідегі ғимараттың табысталуы сіздерге артылған үлкен жауапкершілік. Мәңгілік ел болу аясында жасалып жатқан игі шаралардың үлкен бір бөлігі бұл мектеп базаларының деңгейінің жоғарылату болып саналды. Сіздер Қазақстанның болашағысыздар. Мәңгілік ел болып әлемге танылуымыз сіздердің қолдарыңызда. Осынау Елбасымыздың бастамасымен артылған жауапкершілікті сезініп, саналы да білім ұрпақ болатындарыңызға сенемін, — деді.
Ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлжан САДЫРБАЕВА ханым:
— Баршаңызды осынау айтулы мерекемен сондай-ақ, жаңа мектеп ғимаратының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бұл күнді асыға күттік. Құрылыс басталған шақтарда біршама қиындықтармен бетпе-бет келгеніміз де есімде. Міне, сол қиындықтарды жеңіп, бүгін жаңа ғимаратқа аяқ басқалы отырмыз. Өрендеріміз тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек ететін білімді ұрпақ болып өсуіне тілектеспін. Оқу жылы тағы да құтты болсын! — деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Мектеп басшысы Жанат ТЕШЕБАЙҚЫЗЫ:
— Аса құрметті, ұстаздар мен шәкірттер! Алғашқы қоңырау салтанаттық мерекесіне келіп отырған қонақтар. Бүгінгі сағынышқа, шаттыққа толы «Алғашқы қоңырау» салтанаттық мерекесі баршаңызға құтты болсын! Ең алдымен осындай мүмкіндік жасап отырған, білім алуларыңызға, тек қана білім алмай сол білімді заманауи жабдықталған оқу ордасында алуларыңызға жағдай жасап отырған Елбасымызға алғысым шексіз. Білім орда шаңырағымызға барлық жақсылықтардың келуі тікелей ұстаздармен шәкірттерге байланысты. Сондықтанда биылғы оқу жылы жемісті болып шығармашылықтарыңыз бен қабілеттеріңізді дамыта беруге тілектеспін!
Мәңгілік ел ұлттық идеясына негізделген құндылықтардың аясында өтілетін әрбір сабақтарда құрметті шәкірттер сіздер белсенділік танытып, білім алуға асқан құштарлықпен кірісетіндеріңізге сенемін, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы өтілетін әрбір іс-шараларымыз, әрбір сабақтарымыз құндылықтарға толы деп бағалай аламын. Сондықтан да сіздер боп, біздер боп білім орда шаңырағымыздың мәртебесінің биіктеуіне үлес қоссақ, бірлесіп жұмыстар атқарсақ, жұлдызымыз жарық болмақ. Сіздерге, мықты денсаулық, жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін! — деп сөзін қорытындылады.
Жаңа ғимаратқа кірген оқушылардың да қуанышында шек болған жоқ. Ағымдағы оқу жылының алғашқы күні қолданылуға берілген жиырма мектептің бірі міне осындай салтанатты шарамен оқушыларға табысталды.
Сонымен қатар, облысымызда ел игілігіне берілген білім мекемелерінің 15-і «Мәңгілік ел» идеясы аясында «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Бүгін жұмысын бастаған мектептердің алтауы жаңадан ашылып отыр. Нәтижесінде өңірдегі орта мектептің саны 1021-ден 1027-ге жетті. Аталған мектептерде оқу жылында 640 мыңға жуық оқушы білім алса, олардың 73 мыңы бірінші сыныпқа барады. Ал шәкірттерге облыста 69 мыңнан аса мұғалім білім береді. Жыл соңына дейін тағы 9 білім беру нысаны ел игілігіне берілмек. Осылайша, өңірдегі 8 апатты және 12 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі дейді салаға жауапты жетекшілер. Ал қалған 23 мектептің құрылысы 2018-2019 жылдары жүргізіліп, апатты және үш ауысымды білім нысандарының мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Сондай-ақ, аймақтағы 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына бағытталған жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіліп отыр.
Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.
Leave a Reply