tories/13384_original_1.jpg» width=»300″ height=»188″ alt=»13384_original_1″ style=»float: right;» />
Бала бастықтар басқа шыға бастады. Әрине бәрі емес десек те, бір құмалақ шіркіннің бір қарын майға абайсызда түсіп кетсе не болатынын білесіз ғой. Абайсыз да дегеннің өзі біраз жайдан хабар береді.Абайсыз …
Абайды оқымаған, санасына тоқымаған, ой өрісін Абайсыз-ақ кеңейтем деп жүргендер, абайсызда ағалары мен жағаларының, жекжаттары мен құдаларының арқасында, мемлекеттік қызметші боп шыға келетін жағдайлар көбейіп барады. Мемлекеттік қызметшілер дегеніміз мемлекеттің атынан халыққа қызмет етуге келгендер. Сондықтан да олардың бойынан біз жаны ашығыш, (миы емес), адал, кішіпейіл, үсті-басының тазалығынан бастап ішкі жан-дүниесіне дейін таза, әдепті, білімді мінез көргіміз келеді. Жалпы айтқанда оның жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен, адамдарға деген қарым-қатынасынан мемлекеттің бейнесін көргендей әсерде болуымыз керек. Оларды көрген сәтте -О, біздің мемлекетімізге, оның халқына осындай қызметшілер қызмет етеді екен ғой!- дегендей ризашылық пен мақтаныш сезімі жанымызды кернеп тұрса деп армандаймыз ғой. Ал, бізде қалай? Не көріп жүрміз, мемлекеттік мекеме табалдырығын аттағанда бізді кімдер, қалай қарсы алады? Қай салада болмасын жастардың жүргені жақсы. Соңғы кезде «бала бастық» деген ұғым пайда болды. Бұл ұғымды сүйсіну емес, шалалық тудырып отыр.
Біздегі бала бастықтар әдетте, әдебиеттен, әдебиет деймін-ау алдымен мәдениеттен хабарсыз. Тұрысы жақсы, сөз мақамы да. Ал, әңгімелесе қалсаң… алдымен бүгінгі елімізде болып жатқан жаңалықтардан да бейхабар болып шығады. Онысын оқуға, ізденуге уақыты жоқ деп «бүркемелегенсиді». Қағазбасты, жұмысы көп қой дейін десең берілген тапсырманы сапалы, жедел орындауды да меңгермеген. Содан барып не айтарын, не жазарын, тіпті кейде қызметтік міндетін де білмейді.
Мұндай «көкесі» мықты бала бастықтардың басшысының күні де күн емес… Бала бастықтың шимай-шатпағын басқа жұмысы жоқтай-ақ конкурста «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан «өз кадрының» қатесін түзеп, корректор болып отырғаны сол. Алғыс орнына келушілерден «мына маманыңыз дөрекі, дұрыс жауап бермейді» дегендей сын-ескертпені де естіп жатады.
Басшысын жұмыс кезінде кооректор, жұмыстан тыс уақытта коллектор етіп алған бала бастықтар осыдан кейін өзін жарты құдай сезінбегенде не істейді, енді. Олар сағыз шайнап тұрып, ыммен немесе иықпен жауап беріп жатса таңданып керегі жоқ. Ауылға көп барамыз талайына өзімізде куә боп жүрміз.
Бірде бір мекемедегі қызметшіге шалғайдағы Шу ауылының тұрғыны бір жұмыспен келді. Құжаттары дайын, тек қабылдап алуы керек. Осы кезде тағы бір азамат келе қалды. Бұл азамат қызметші маманның жақын туысы болып шықты. Сонымен шүйіркелесіп, қал-жағдай сұрасып, әлден уақытта ағайынының тірлігін бітіруге кірісті де кетті. Туысының жұмысын бітіремін дегенше түскі үзілісте болды. Әлгі мемлекеттік қызметшіге таяу келдім де: -інім, сен дұрыс қызмет жасамадың дедім. Алдымен сонау алыс ауылдан келген азаматтың жұмысын бітіруің керек еді. Ол мізбақпай: -Сонда жақын ағамды күттіріп қоямын ба?-демесі бар ма?!
–Ағаң сенікі болса, саған жаны ашыса, тілеулес болса, сені, сенің қызметіңді құрметтесе кезегін күтуге тиіс болар. Біріншіден Шудың тұрғыны ол алыс ауылдан келіп отыр. Сен ол кісінің қонатын жері бар-жоғын сұрадың ба? Екіншіден, жасы үлкен кісі екен. Үшіншіден, кезек сол кісінікі болатын. Төртіншіден, туысқаның сенің қандай болып өскеніңді, оқығаныңды, ержеткеніңді бала кезіңнен біледі. Олардың сен туралы өзіндік пікірі қалыптасқан. Және ол пікір жуық шамада өзгермейтіні анық. Ал Шудың тұрғыны сені бірінші көріп тұр. Сені көргенде ол азамат қандай пікірде болып, қандай ой түйіп кеткенін білесің бе? Оның бір сен туралы пікірі осы мекеме туралы және оның қызметкерлері туралы пікір ретінде қалыптасады, -дедім түсіндіріп. Жақтырмай қарады.
Екінші орын алған жағдайды айтайын. Жыл басында аудандағы халықтың жоғын түгендеп, барын көгендеп жүретін мекеме жұмысының ілгері басып , елге, жұртқа еселі еңбекпен қалтқысыз жұмыс жасап келе жатқанын аудандық газет арқылы айта келіп, мына қызметкерлер ел алғысына бөленіп жүр деп бірнеше қызметкерлердің аты-жөндерін атап жазған едім. Арада біршама уақыт өткенде аты аталған қызметкердің бірі жұмысқа телефон соқты. – Телефон тұтқасын көтергеннен ол: – Мені неге қызметкер дейсіз. Мен білдей бастықпын,- дейді. Осы жазғаныңызға байланысты заң орындарынан консультация алып жатырмын!-деп «зәремді» ұшырғаны.
— Айналайын, сені кім «оқытқанын» білмеймін, қанша жерден бастық болсаң да сен ең бірінші халықтың қызметшісісің, қызметші екенің өтірік емес. Қайта бұрын қызметкер деп көтермелейтін едік. Бұл күнде қызметші дейтін болды ғой. Бұл неғұрлым халыққа жақындатудың қарапайым үлгісі болса керек. Өзің қызмет атқаратын мекеменің атауы қалай аталатынын білесің бе? Білем! Сол себепті осы халық үшін жүргендіктен халыққа қызметші болғаннан артық бақыт болмас!-дедім.
Расында менде жылт еткен жақсылықты көпке көрсете білсек, елге қол ұшын созып, мінсіз қызмет жасауға талпынғандарды дәріптей берсек өзге мемлекеттік қызметшілер, азаматтық жұмыскерлер «бірінен бірі рең алып» ынталана түсер, алға ұмтылып халыққа сапалы қызмет көрсетер деген ой ғана болатын. Кейін өзі де түсінген болар. Хабарсыз кетті.
Меніңше, жұмыс бөлмелеріне бас сұға қалсаң егде келушіні жанына тікесінен тік тұрғызып қойып, орындық ұсынуды да білмейтін кішіпейілділігінен креслошылдығы, парасатынан папкішілдігі басым бала бастықтар мемлекеттің бет-бейнесіне нұқсан келтіреді.Олардың екі ауыз сөздің басын құрап жаза алмаса да, соны үйренуге, ізденуге құлықсыздығынан, күн сайын білімін жетілдіре, дамыта түсуге талпынбайтындықтарынан қорқа бастайсың.Осыдан кейін
Бір көрмеге тәп-тәтті,
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай, ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы-деп дөп басқан Абайға бас имеске шара жоқ.
Кешегі Абай бүгінгі күнді дәл болжағандай, иә жұрт меңгермек, яғни, ел басқармақ оңай емес. Оңай еместігі сондай өз біліміне, күшіне, қайратына, рухани жігерлігіне сенбегендер ақырында «команда» дегенді ойлап тапты. Қазақша топ. Команда болған соң алдымен жаттықтырушы болады. Одан кейін команда капитаны-басшы. Шабуылшылар маңайындағы орнын басуға ниеттілер, қорғаушылары бала бастықшалар болса, қақпашылар қақпа аузында жүретін кезекші шалдар мен ыбыр-сыбырды жеткізіп тұратын құлақшалар. Көлеңкеде «замен» күтіп жүрген «ойыншылар» тағы бар. Міне осы «заменге» көп кіретін алдымен бала бастықтар. Өмірлік тәжірибесі жоқ, елді мекенде, ауылда қарапайым халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп көрмеген, еңбекпен ысылмаған, үлкен мен кішінің қадірін білмеген баладан бастық жасау қоғам үшін үлкен қателік. Неге? Өмірдің ыстық, суығын сезінбеген, бастан өткермеген, бақыт пен байлыққа, мінбе мен мансапқа тез қол жеткізіп, дүниеге есі ауып елін сатып шетел асқандар, шет елге аса алмай түрмеге тоғытылғандар- бала бастықтардың билік баспалдақтарынан құлағандарының дәлелі.Олар өзін кінәлі санамай, мемлекетті немесе мемлекеттің басшысын кінәлайды. Қолдан келсе күйесін жағады. Тағы да осындайда жаныңнан Абай табылады.
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы дене біткен-ретімен.
Істің басы-ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен-дейді.
Ойымның тоқетері мемлекетке қызмет жасайтын қызметшілікке білімсіз, ұрда жық, кісілігін атан түйе тарта алмас, өсекші, жылпостар емес, керісінше білімді, жалынды, жігерлі жастардың келгені орынды. Ант қабылдап жұмысқа кірген күннен бастап мемлекеттің халық үшін жұмыс жасайтын қызметшісі екенін естен шығармай кішік болса, күндердің күнінде олардан абыройлы ұлық болатыны шындық. Бала бастықтар халықтың басына шықпай балағына түс! Халық деген биік. Биіктен құлаған биліктен құлағаннан да қиын болады.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ Созақ ауданы
Leave a Reply