ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШІП ЖАТЫР

Шымкент қаласында мәдениет мекемелерін қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Абай ауданындағы Көкбұлақ елді мекені тұрғындары мәдениет үйінің тозығы жеткенін, оны қайта жаңғырту мәселесін көтерген болатын. Қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесуде мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша зерделеуді тапсырған еді.
1988 жылы салынған ғимарат 2012 жылы ағымдағы жөндеуден өткен. Жалпы алаңы – 212,1 шаршы метр. 2017 жылы «Оңтүстік Аймақ Сараптама» ЖШС сараптамасының қорытындысымен ғимарат жарамсыз деп танылған.
Таяуда тозығы жеткен ғимаратты бұзып және қайта салу үшін ЖСҚ дайындауға қаржы қаралды. Мердігер «Диас-проект» ЖШС ЖСҚ құжаттарын әзірлеуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр. Жалпы шаһарда әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту, қайта құру жұмыстары кезең-кезең бойынша атқарылуда.

Сондай-ақ, «Самал-3» шағынауданының тұрғындары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуінде көтерген кәріз жүйелерінің құрылысы жөнінде шағымы да шешімін таппақ.

Аталған шағынаудандағы 63 көшеде 6 800 үй қоныстанған. Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 33 көшеде кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 4300 үйге орталықтандырылған кәріз жүйесі қосылады. Қалған қалалық №6 емхана маңындағы 30 көшедегі 2500 үйге биыл ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілді.
Сонымен бірге қала әкіміне «Солтүстік-Батыс» шағынауданының тұрғындары да кәріз мәселесін жеткізген. Шағынауданда қазір 1800 үй болса, оның 500-ге жуығы кәрізбен қамтылмаған. Осы үйлерге қамту үшін келесі жылдың бюджеттік жобасына енгізіледі.
Жалпы, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Бүгінде қамту көрсеткіші 54 пайызды құраса, жыл соңына дейін 60 пайызға жеткізу көзделген. Осыған байланысты қазір 20 нысанды құрылыс жұмысы жүргізілуде. Жалпы, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Жұлдыз шағынаудандары мен Әл-Фараби ауданындағы Хлопзавод, Шолохов көшелерінде кәріз жүйесі іске қосылады.
Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор жүйесі, Тұран ішкі магистралы, Достық  және Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады.
Шымкент қаласының 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, шаһар аумағының 75 пайызы кәріз жүйесімен қамтылмақ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика