Қасиетті Түркістан қаласында шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында «Жаңарған Түркістан» атты республикалық турнир өтті. Облыстық Ішкі саясат басқармасы аталған сайыстың ұйытқысы болып, турнир аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген журналистерге пресс-тур ұйымдастырды.
tories/0do.jpg» border=»0″ />
ЖОЛСАПАР
Қонақтар ең алдымен А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп, одан соң Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың бейітіне барып, құран бағыштады. Баспасөз сапары жаңа облыс орталығының бас жоспарын көріп, ары қарай тұрғын-үй кешенінің құрылысына ат басын бұрды. Әр кірпіші тарихи сәтте қаланып жатқан кешенде биыл 88 үй пайдалануға беріледі. Қарқын алған құрылыспен танысқан әріптестер келесі бағытты Б.Саттархановтың туған күні қарсаңында бокстан өтіп жатқан Халықаралық турнирге бұрып, финалдық ойындарды тамашалады.
Киелі шаһардың бүгінгі тынысымен танысқан әріптестер әрмен қарай Ордабасы ауданына табан тіреп, «Бөрте-милка» сүт тауарлы фермасына барды. Бұл ферманың тіршілігіне таңданған журналистер сүт өңдеу зауытының тəулігіне 40 тонна сүт өнімін өңдеуге қауқарлы екеніне көз жеткізді. Келесі жолсапар – Ұялыжар ауылында орналасқан «Александровский сад» ЖШС. Мұнда да қонақтар таңданысын жасырмады. Бүгінге дейін аудан бюджетіне 25 млн. теңге салық түсіріп үлгерген бау – 40 гектар, ал әр гектардан 50 тонна өнім алады.
Қаламы қарымды журналистер баспасөз сапарын Отырар ауданына барып, Арыстан баб кесенесіне зиярат етумен аяқтады. Мұнда әріптестерді көне Отырар қалашығының шежірелі тарихымен осы өңірдің тумасы, белгілі тележурналист Нұрсұлтан Құрман таныстырды.
tories/0d.jpg» border=»0″ />
ДОП ДОДАСЫ
Келесі күні БАҚ өкілдерінің басын қосқан теңбіл доп басталды. Бұл турнирде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, БҚО, СҚО, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облысынан 13 команда бәсекеге түсті. «Астана» спорт кешенін дүбірлеткен сайыста жартылай финалға «Хабар» (Астана) мен «Сығанақ» (Қызылорда) және «Алматы» құрамасы мен «Taraz-Press» (Жамбыл) жолдама алды. Екі кездесу де өте тартысты өтіп, финал мәселесін пенальтилер сериясы шешті. Нәтижесінде, ақтық сынға Сыр елінен келген сайыпқырандар және жамбылдық жігерлі жігіттер шықты. Ал Алатау бөктерінен келген алматылықтар мен Сарыарқа төрінен табан тіреген нұр-сұлтандықтар үшінші орын үшін бақ сынасты. Бұл бәсекеде «Алматы» құрамасын бастап келген Жанарбек Әшімжанның мерейі үстем түсті.
Финал. «Жаңарған Түркістан» республикалық турнирінің алғашқы чемпионы футболдағы «лотереямен» анықталды. Бұл серияда «Сығанақ» командасының бағы жанып, чемпион атанды.
Марапат рәсімінде Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев жеңімпаз командаларды құттықтап, бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 150 мың теңге жүлде қорын табыстады. Ал оза шапқан ойыншылар Жандос Айтбайұлы («Үздік ойыншы»), Нұрсұлтан Құрман («Үздік шабуылшы»), Шоқан Маханов («Үздік қақпашы»), Рүстем Қанапиянов («Үздік қорғаушы») атанса, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Октябрь Жарылғапов атындағы сыйлыққа, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай Әбдісалан Нұрмаханов атындағы сыйлыққа және «Қазақ спорты» газетінің журналисі Бек Төлеу Бекзат Саттарханов атындағы жүлдеге ие болды.
Сонымен, достық пен ынтымақтастықты ту еткен турнир дәл осылай әріптестердің шат-шадыман күйінде өз мәресіне жетті.
Leave a Reply