ҚИЯМЕТ ҚАЙЫМ: болжам мен болмыс арасы

 

tories/i.jpg» border=»0″ align=»left» />   Әлем бойынша айтылған сөзге ергіш, балгер болжамына сенгіш келетін халық ақыр заманға бір апта қалды деп жан сақтаудың қамына кірісіп кетті. Дүрліккендер қатарынан қазақстандық дүйім жұрт та қалыспауда. Сан рет болжаса да, болмай жүрген қиямет қайымның бұл жолғы «нұсқасы» қаншалықты шынайы?! Сан ғылымға сүйене отырып осы бағытта санаға салмақ салып көрдік.

Қорқынышты болжамдарға қатысты ғалымдар пікірі

Әлемдік ақпарат көздеріне көз жүгіртер болсақ, жер бетінің күл талқаны шығып, адамзат атаулының жойылатынына осыдан шамамен 5 мың жыл бұрын  өмір сүрген мая тайпасының жасаған күнтізбесі негіз болуда. Тастан жасалған тақтадағы таңбаларды топшылауда ғалымдар түрлі болжамдарға келген. Тайпаның б.д.д. 3114 жылы басталған жылсанау уақыты биылғы жылдың 21 желтоқсанында аяқталатынын біреулер күндегі магниттік белсенділік барынша артып, оның әсерінен жер күлге айналады десе, ендігілері жер қара тесікке жұтылып кететініне сенімді. Басқалары жермен үлкен астероид соқтығысатынын айтып сезімтал жұрттың зәре құтын қашырса, Свен Гронемейер есімді иероглиф саласының неміс маманы тақтадағы жарықшақ салдарынан бұл болжамдардың қате болуы мүмкіндігін айтады. Не болса да, көпшілік ең жағымсыз құбылысты күтуде. Ғарышты зерттеумен айналыстын мамандар бұл айтылғандардың біреуі де шындыққа жанаспайтынын алға тартып отыр. Мәселен,  американдық NASA ғарыш агенттігінің мамандары күндегі магниттік белсенділіктің артуы он бір жылда бір қайталанатын қалыпты құбылыс десе, «жерге қауіп төндіріп тұрған» астеройдтың мүлде жоқ екендігін жеткізіп, халықты сабырға шақыруда.

Ақыр заман жайлы ақпарат пайда табу амалы ма?

Сауда-саттық саласының сырына қанық мамандардың сөзіне жүгінер болсақ, мұндай ақпарат пайда табудың кезекті маркетингтік амалы ғана. Мәселен, қиямет қайым есікті қағып тұрғанына сенімі мол жұртшылық бар жиған-тергенінің арқасында қалған ғұмырын шалқып өткізуге кіріскен. Ал өмірімен қоштасқысы жоқ адамдар жансақтаудың жолында барын салуда. Есесіне казино, бағалы зат сататын дүкендер, туристік агенттіктер жақсы табысқа кенеліп жатқан көрінеді. Мысалы франциялық «La Depeche du Midi» басылымының дерегіне сүйенер болсақ, әлеуметтік желі арқылы  Франциядағы биіктігі 1,231 метрді құрайтын Бюгараш тауында ғана аман қалуға болатыны жайлы ақпарат таратылғаны сол-ақ екен, әлемнің түпкір-түпкірінен билет сатып алушылар саны көбейген. Ол жерде бір күн жайлы үйде түнеудің бағасы 1500 евроны құраса, ең арзаны 400 евроға шатырдың астында түнеп шығуға болады екен. Ал Украинада ақыр заманнан аман қалуды үйрететін арнайы курстар ашылған. Кейбір шет мемлекеттерде букмекерлік кеңселер ақыр заманның болар, болмасына байланысты ұтыс қабылдауды жыл басынан бастаса, іргедегі   ресейлік кәсіпкерлер бұған тек қыркүйекте кіріскен. Басқасы басқа, ал қазақстандықтардың бұған дайындығы бәрінен де ерекше болып шықты… Бірнеше рет таныстарымыздың аузынан майшам сатып алу жайлы әңгіме естіген соң, әдейілеп қаланың бірнеше сауда орнынан осы затты сұрастырып көрдік. Бір қызығы біздегі жұрт бар ақшасына сақтану қоймасын салып жатқан жоқ, әлемді кезіп жансақатуға жайлы орын да іздеп жатқан жоқ, бар болғаны сіреңкені қораптап, майшам мен шырақты уыстап алып жатыр. 

Қашанда Құдайын аузынан тастамаған халық екендігімізді ескерсек, мұндағы өзгелерді елең еткізген бұл ақпаратты, біздегілер «Құдай сақтайды» деп жайбарақат күйде қабылдауы ешкімді де таң қалдыра қоймас. Оған негіз де жоқ емес…

Құран үкімі

Осы орайда тақырыпқа тиек етіп отырған ақыр заманға қатысты Ислам дінінде не айтылғаны жөнінде біраз ізденіп, ең сенімді деген кітаптарды ақтарып көрдік. Қиямет қайым орнамас бұрын Алла тарапынан көптеген белгілер жіберіледі. Ол өзара кіші және үлкен белгілер болып бөлінеді. Барлық белгілерді бір мақалада қамту мүмкін емес, сондықтан негізгілеріне қысқаша тоқталуды жөн көрдік. Мәселен, Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуінің өзі ақырзаманның алғашқы белгісі екен. Себебі, Пайғамбарымыз: «Қиямет пен мен бірге жіберілдім», деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көрсеткені жайында деректер бар (Муслим, Фитән, 132; Тирмизи, Фитән, 39).

 «Қияметтің белгілерінің бірі дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, зина жасау етек алады, әйелдер көбейіп еркектер азаяды. Тіпті елу әйелдің бір ғана қараушысы болады», «Мен Аллаһтың Елшісімін деп, өзін пайғамбармын деп жариялайтын отызға жуық жалғаншы дажжалдар шығады» дегенді Бухари риуаят еткен. Сондай-ақ «Иса әділ үкімдар болып көктен түседі, крестті (христиандықты) жояды, доңызды өлтіреді (доңыз етін жеуге тыйым салады), ислам дінінен басқа нәрсеге тыйым салады» (Бұхари, Муслим, Әбу Дауд, Тирмизи, Ибн Әби Шәйбә) десе, ол кезде қоғамда орын алатын сипат жайында «Иса көктен түскенде барлық жерде тыныштық пен ынтымақ орнап, арыстан мен түйе, қасқыр мен қозы емін еркін жайылып, балалар жыландармен ойнайтын болады» деген Әбу Дауд риуаят еткен хадистен байқауға болады.

«Күн батыстан тумай тұрып қиямет болмайды. Ол кезде барлық адамдар иман келтіреді. Алайда имандары өздеріне пайда бармейді» деген Бұхаридың риуаят еткен хадисінің мәнін Құран кәрімдегі: «Раббыңның кейбір аяттары (белгілері) келген күні, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімінде бір қайыр істемеген адамның иманы ол күні пайда бермейді» деген Әнам сүресінің 158-інші Аяты толық ашып тұр. Алла тарапынан жіберілген ескертулерге құлақ аспай, дүниені қатты жақсы көріп, қалағанын жасау ғана қияметке әкеліп соқтыратынын да осы Құраннан білуге болады. Ал адамзатқа жіберілген ескерту – осы  белгілер. Сан ғасыр бұрын айтылып кеткен белгілердің барлығы   орын алмайынша қиямет болмайтыны да  хадисте айтылған.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде, «Ағраф» сүресінің 187 аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) олар, сенен Қияметтің қашан болатындығын сұрайды: «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін Ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (Қиямет) сендерге кенеттен-ақ келеді де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында оның білімі Аллаһтың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді» — деу арқылы заман ақырының мезгілін сәуегей, балшы, балгерлер тұрмақ Алла тарапынан жіберілген Елшінің өзі білмейтініне көз жеткізуге болады. Демек, Абай Құнанбаевша «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенді ұстанар болсақ, 21-желтоқсанға қатысты жасалған кезекті болжамнан не күте беруге болатыны айтпаса да түсінікті…

Гүлназ ҚАДЫР

коллаж автордікі

 «Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика