tories/001bash.jpg» border=»0″ />
Қоғамда түрлі жағдайлар мен жайттар орын алып жатады. Әр маусымның өзіндік қиындығы болады. Мысалы, қыс аяқталып көктем шыға халықты су тасқыны зардаптарынан сақтандыру мен ескертулер жасалып жатады. Сондай-ақ, жаз мезгілдерінде шомылу маусымдары ашылмай жатып, суға кету қауіптерінен сақтану шаралары мен арнайы мамандандырылған топтардың тұрғындарға түсіндіру жұмыстары мен алдын алу шаралары жүргізіледі. Ұялы телефонымызда 112 қызметі белсенді жұмыс істейді. Соңы өкінішке алып келетін қадамдардан сақтандыру шаралары мен ескертулерді газеттен оқимыз, телеарналардан арнайы ескертпе роликтерін көріп жатамыз. Осындай ауқымды да, жауапкершілігі мол саланың түйінін тарқатып, мәселесін шешіп беретін мемлекеттік қызметшілер – төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлері екенін біріміз білсек, енді біріміз білмейтініміз де жасырын емес. Олар халықпен етене жұмыс жасап, көптеген қиындықтардан шығу , бір-біріне қажетті кезде көмектесу жолдарын түсіндіріп, халықты алдан ала хабардар етіп күндіз-түні тыным таппайды. Біз бұл жолы осынау қызығы мен қиындығы, жауапкершілігі мен қуанышты сәттері қатар жүретін ауыр саланың мамандарымен сұхбаттасып көруді жөн санадық. Мемлекеттік қызметші болып, қалың бұқарамен етене жұмыс жасайтын салада өз жұмысына берілген, сол саланың жауапкершілігін түсіне білген, елге жанашыр жандармен тілдестік.
Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасының жетекші маманы Наталья Юрийқызы Башлыкова.
Мемлекеттік қызметші болып 22 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан маманның ұлты бөлек болса да, мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше екенін көрдік. Оған дәлел біздің ортақ тіл табысып, тамаша сұхбаттаса алағандығымыз. Өзі өмір сүріп жатқан ортаны, елді құрметтейтіні, сонымен қатар қазақ елінің дәстүрін, тілін қадірлейтінін аңғардым. Мұндай тамаша қасиет кез-келген мемлекеттік қызметшінің бойынан табылса ғой деп тілектес болдым.
ҚЫЗМЕТ АШУ ШАҚЫРЫП, ЭМОЦИЯҒА БЕРІЛЕТІН ОРЫН ЕМЕС
– Наташа ханым, мемлекеттік қызметші болып 22 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатыр екенсіз. Өзіңіз еңбек етіп отырған саланың қызығы мен өзіңізге артар жауапкершілігімен бөліссеңіз.
– Мен бұл мекемеге 1995 жылдың наурыз айында жұмысқа тұрдым. Міне, содан бері жиырма екі жылға жуық уақыт өтіпті. Мемлекеттік қызметші болу ол – ең алдымен үлкен жауапкершілікті, сонымен қатар өз жұмысыңызға, мамандығыңызға деген адалдықты талап етеді. Елмен, қалың бұқарамен жұмыс жасау барысында сан түрлі мәселелермен бетпе-бет келіп жатасыз. Соның барлығында да өзіңіздің ең алдымен мемлекеттің бір өкілі екенін сезінуіңіз керек. Осы сезім арқылы кез-келген мәселенің түйінін тарқатып алуға болады. Бұл ашу шақырып, эмоцияға берілетін орын емес. Осыны естен шығармау керек. Бұл салада жауапкершілік өте жоғары. Әр қадамыңызға жауап бересіз, әр сөзіңіз жүйелі мемлекеттік қызметшіге тән шығуы тиіс. Үнемі халықпен жұмыс істейтіндіктен ең алдымен түсіністік пен сабырлы болуды талап етеді бұл жұмыс.
Алғаш жұмысқа келгенде барлығын біліп келдім немесе бірден біліп кеттім деп айта алмаймын. Кез-келген қызметте ең алдымен жауапкершілікпен қатар, өз ісіңді жақсы көруің керек, сонда бір нәтижеге жетесің. Мен бұл саланы өте жақсы көрдім,сондықтан да алғашқы кездегі қиындықтарды жеңуге тырыстым. Жеңе білдім десем де болады.
Біздің бөлім халыққа түрлі ақпарат беріп, кез-келген төтенше жағдайдан жол тауып шыға білуге сауаттандыру болып табылады. Бұл дегеніңіз, халықпен етене жақын араласып, үнемі бірге жүру. Ол үшін не керек? Сөзсіз дұрыс сөйлеу, дұрыс мінез қалыптастыру керек. Мемлекеттік қызметші болу ең алдымен үйрететіні көп үлкен мектеп дер едім.
– Осы мектептен не үйрендіңіз? Мемлекеттік қызметші бола жүріп көңіліңізге не тоқыдыңыз?
– Бұл мектеп маған көп нәрсе берді. Ең бірінші айтатыным, қалың бұқарамен қалай жұмыс істеуді үйрендім. Өз көңіл толқындарыңды тежей жүріп, мемлекеттік қызметші екеніңді ұмытпай, салқынқанды болуды үйрендім.Мұның бәрі өзіңді тәрбиелеу. Мемлекеттік қызметші болу ең алдымен қатал тәртіпке бағыну. Сондай-ақ, өз ісіңнің бақылауда екенін сезінуің керек.Соны үйрендім. Мемлекеттік қызметші болу ең алдымен тұрақтылық дер едім. Сонымен қатар атқарып жүрген жұмысым менің жан-жақты дамуыма жол ашты. Себебі, осында жүріп қазақ тілін оқып, арнайы курстан өтіп, сертификат алдым. Сонымен қоса бүгінде үш тілді меңгеру де басты назарда болғасын ағылшын тілі курсын да тамамдадық. Әрине, өте сауатты үйреніп кетпесек те, ауыз екі көп қолданылатын сөздерді, өз ойымызды жеткізе білуді үйрендік. Бұл үлкен еңбек, үлкен жетістік. Мемлекеттік қызметшінің бір жетістігі – жан-жақты өзіңді қалыптастыра отырып дами аласың. Заманмен бірге түлеп отырасың. Бүгінде елімізде бұл жағынан жағдай жасалған.
– Мемлекеттік тіл мен ресми тілді қатар білу қызығушылығыңыздан ба, әлде мемлекеттік қызметшіге қойылған қатаң талап па?
– Екеуі де деп айтуға толық негіз бар. Біз негізі құжаттардың барлығын дерлік қазақ тілінде дайындаймыз. Ал кейбір қызметтік хаттар, сауалдар орыс тілінде келсе, жауапты екі тілде береміз. Қазақ тілін үйреніп білуім өзім мекен етіп, өсіп-өнген елге деген құрметіммен қоса, қызметіме, яғни мемлекеттік қызметшінің білуі тиіс міндеттемесі.
«ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ» ДЕГЕН АТЫ АЙТЫП ТҰРҒАНДАЙ ЖОСПАРЛАНЫП ЖАСАЛМАЙДЫ
– Бәрі құрметтен туып отыр дейсіз ғой. Сіз анасыз, мемлекеттік қызметші деген жауапкершілікті алып жүру сізге қиындық тудырмайды ма?
– Иә, дұрыс айтасыз,біздің қызметіміздің басқа мемлекеттік қызметтерден өзіндік ерекшелігі бар, сол себепті де өте жоғары жауапкершілікті талап етеді. Әрине, ана болған соң барлығына үлгеруге тырысасың. «Төтенше жағдай» деген аты айтып тұрғандай жоспарланып жасалмайды. Аяқ астынан орын алады. Негізі, көпшілік біздің саланы тек құтқарушылар ретінде қабылдап, таниды. Шынтуайтына келгенде олай емес, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар емес пе? Сол сияқты тұтқиылдан келетін жағдайлардың да алдын алуға болады. Ол үшін халық сауатты болуы керек, осы тұрғыда. Біз маусымдық орын алатын жағдайларды болдырмауға тырысып, алдын ала ескерту мен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл халықты ақпараттандырып отыру болып саналады. Көктемде нөсер жаңбыр, жазда суда шомылу, өрт болдырмау мен алдын алу, қыс айларында түрлі тоғандарға бармау, барған күннің өзінде қауіпсіздік шараларына мұқият назар аудару, жас балалармен түрлі өзен-су, тоғандарға шомылуға бару барысында сақталатын басты ережелер, осының барлығын қала тұрғындарына жеткізу,үйрету керек. Көпшіліктің аты көпшілік. Түрлі жағдайлар болады. Осындай жағдайларда адамдар бір-біріне қалай көмектесуге болады, ең алдымен қандай айла-амалдар жасау керек, міне, осының барлығын барынша түсіндіріп, ескертіп отыруға тырысамыз. Мұндай ақпараттандырулар түрлі жайттардың алдын алып, болмауына өз септігін тигізеді. Себебі, төтенше жағдайларды жойғаннан гөрі, бақытсыздықтың алдын алған оңайырақ. Алдын алу шаралары ауқымды түрде насихатталып отырады.
– Түсіндіру шаралары қандай мекемелерде көбірек ұйымдастырылады?
– Мектепте оқушылармен жұмыс жасаймыз, мектепке дейінгі білім беру орталықтарымен де тығыз байланыстамыз. Үнемі оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатады. Одан бөлек халық көп жиналатын орындарда жүріп жатады.
МЕН ӨЗ ЖҰМЫСЫМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН
– Еңбек жолыңыздың көп бөлігі мемлекеттік қызметте өткені белгілі. Осыдан он жыл бұрынғы мемлекеттік қызметкермен бүгінгі мемлекеттік қызметшіні салыстыруға бола ма?
– Біз қадамын тәй-тәй басқан жас мемлекетпіз. Сондықтан кез-келген салада түрлі өзгерістер мен сан түрлі реформалар жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік қызмет саласында да тура сондай. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызметкерлер мен осыдан он жыл бұрынғы қызметкерді салыстыру дұрыс емес. Себебі, ол кезде талап басқаша болды. Және кез-келген сол кездегі мемлекеттік қызметші сол талапқа сәйкес жұмыс жасады, өзін-өзі дамытты. Ал, бүгінгі талап мүлдем басқаша.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлердің жеке қасиеттерін дамытуға баса назар аударылып отыр. Бұған дәлел жоғарыда атап айтқан қазақ тілін үйренуге, өзге шет тілін үйренуге жағдайдың жасалғаны. Сонымен бірге бүгінгі таңда ашықтық пен жариялылық бар. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік қызметшінің дамуы, алға жылжуы. Қызметті он жыл бұрынғымен әсте салыстыруға да келмейді. Біз алға жылжып, дамып, өсіп-өркендеп келе жатқан елміз. Сондықтан тек мемлекеттік қызметшілер емес, барлық сала мамандары заман талабына сәйкес дамып, өсіп келеді десем артық айтқаным емес. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, бәрі солай өзгеруі керек, қоғам өзгеруі керек. Бүгінгі заман бәсекелестік заманы.
– Енді бірер жылда осы салада, осы мекемеде қызмет еткеніңізге ширек ғасыр болады екен. Мемлекеттік қызметтен қажып шаршадым, басқа жұмысқа кетемін дегендей ойлар келмей ме?
– Жоқ. Біз халықпен тығыз жұмыс жасаймыз.Халықтан аларымыз да, үйренеріміз де көп. Бұл бірсыдырғы, біртекті жұмыс емес. Бір күнің екінші күнге ұқсамайды. Және үлкен ұқыптылықты, талап етеді.Сол үшін де үнемі ізденісте жүресің. Ал, ізденісте жүрген адам қажымайды.Қайта білмекке деген қызығушылығың арта түседі. Сол себепті де, мүмкіндігінше үнемі кәсіби шеберлігімді шыңдауға тырысып жүремін. Тағы қайталап айтамын кез келген мамандықта ең алдымен өз жұмысыңды жақсы көру керексің, сонда ғана бір нәтиже шығады. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Сондықтан қажып шаршамауға барымды саламын. Мемлекеттік қызметшіге артылар жауапкершіліктің жоғары екенін білемін, мүмкіндігінше сәйкес болуға тырысамын.
– Үлкен рахмет.
Н. БАЗАРБАЙ.
Leave a Reply