КЕЛЕС ДАЛАСЫНДАҒЫ ТЕМІР ҚАҚПА ҚАЙ ЖЕРДЕ?

Еліміздің оңтүстігіне қатысты ортағасырлық әр түрлі деректерде «Темір қақпа» деп аталатын құпия мекен атауы кезігіп қалады. Бұл жердің «Темір қақпа» деп аталу себебі неде? Ол жер қайда орын тепкен? Қазір орны бар ма, бар болса қайдан табамыз? Осыншама сан сұраққа еліміздің бірнеше ғалымы жауап іздеп көргенімен, нақты жауабын таба алмаған.

tories/0der.jpg» border=»0″ />

Көрнекі сурет. Ерте орта ғасырлық қала қақпасы

Алдымен, жазба деректерге бір көз жүгіртіп өтсек. Х ғасырда өмір сүріп, арабша жазған парсы географы Ибн Хаукалдың «Китаб ал-масаллик уа-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы») атты еңбегінде Тәшкен оазисі туралы дерек айтылады. Дерек былай дейді: «Шаш пен Илак аймағына қатысты айтар болсақ, аймақтың ені екі күндік, ал ұзындығы үш күндік жол болады. Қорасан мен Мәуеренахрда алқалы мешіттердің көптігі және күш-қуаты мығым, қайсар тұрғындар тұрғызған егісті қыстақтардың ауқымдығы мен молдығы жағынан оған жетер ел жоқ. Аймақтың шекарасы бір жағында Хорезм (Арал) теңізіне құятын Шаш (Сырдария) өзеніне, екінші жағында Шаш пен Исфиджаб аралығындағы Калас деп аталатын жайылымдық даладағы Темір қақпаға дейінгі аумақты қамтиды» (сілтеме: www.vostlit.info/texts.rus9/Haukal/otruv2/). Бұл деректегі Шаштың қазіргі Тәшкен екені белгілі. Ал Илак – қазығұрттық өлкетанушы К.Аппазовтың айтуынша, Тәшкеннің оңтүстігі, Тойтөбе жағындағы ірі елді мекен. Енді қараңыз, жоғарыда айтылған деректен бізді қызықтырып отырған Темір қақпа дерегіне тоқталайық. Мәтіннен бізге керегі «Шаш аймағының шекарасы екінші жағында Шаш пен Исфиджаб аралығындағы Калас деп аталатын жайылым жерлердегі Темір қақпаға дейінгі аумақты қамтиды» деген тұсы. Мұндағы «Калас» деген жайылым жер қазіргі Келес өзені мен өзен суы басталатын табиғи ландшафт, жайлау. Қазығұрттық Кәрім аға «Темір қақпа қайда, оның қай жерінде?» деп осы аймақтан іздейді.

«Тарихта Темір қақпалар көп екен. Біз мына мәліметте айтылған ҮІІІ-Х ғасырдағы осы төңіректегі Темір қақпаларға тоқталайық. Сол ғасырларда Ұлы Жібек Жолы бойындағы керуендер сусыз шөлмен емес, көліктің, адамның көшіп-қонып жүруіне ыңғайлы тау баурайын жағалап, оңтүстікке жүріп отырып, Шыршықтан батысқа бұрылып, Шашқа жеткен. ҮІІ-ҮІІІ ғасырда соғдылар мен түркілер арасын бөліп тұратын қабырға (қорғаныс дуал) болып, сол қабырғаның Шашқа жақын тұсында Темір қақпа болғанын ғалымдар көптен бері айтуда. Бұл туралы араб, қытай саяхатшыларының деректерінде, Күлтегін мен Тоныкөктің тасқа қашалған жазбаларында, тіпті, «Қорқыт ата кітабында» да жазылған. Жазушы Қ.Тұрсынқұлов кезінде Қорқыттың айтқан қақпасы да, Тоныкөк пен Күлтегіннің айтқан Темір қақпасы да, қытай жиханкездерінің көрген Темір қақпасы да – Қақпақ деп, деректерді таразылауды оқырманға қалдырған. Тарихи деректердің көптігі және бір-біріне сәйкес келе бермеуі, «иә» деп айтуға қолбайлау болып тұрғандай» деп, іздегенін таппағанына кейістік танытады. Дегенмен, Келес өзені аңғарында 1992 жылы зерттеу жұмыстарын жүргізуші қазақ ғалымдары қатарында болған тарих ғылымының кандидаты, археолог Д.Талеевтің «Келес даласындағы Темір қақпа» деген ғылыми мақаласына сілтеме беріп, автордың Қаржантаудан Сырдарияға дейін салынған түркілер мен соғдылар арасындағы шекаралық қорғаныс дуалдар жөніндегі ойларына қанағаттанумен тоқтайды. К.Аппазовтың айтуынша, Д.Талеев мынандай түйінге келген: «Араб-парсы деректерінде Ұлы Жібек Жолының Исфиджабтан Шашқа қарай жүретін бағыты Шымкент – Ташкенттрассасы салынғанға дейін негізгі байланыс жолы болған. Халықтың жадында Сайрамнан басталып Қазығұрт тауы арқылы Алтынтөбеге келіп, әрі қарай Тұрбат асуы арқылы Қақпаққа жетіп, онан әрі Шыршыққа баратын бұл жолдың аты – «Тұрбат жолы» ретінде сақталған. Келес даласындағы орта ғасыр қалалары (Тесіктөбе, Төрткүлтөбе, Алтынтөбе, Қақпақ және т.б.) мен ірі елді мекендердің қирандылары осы жолды көрсетіп тұр. Бұл қалашықтардың ең оңтүстіктегісіне жақын орналасқан ауылға Қақпақ аты берілген. Бұл жерде 1992 жылы жүргізілген зерттеулер қалашықтың цитаделі мен шахристанының қалдығы 4 гектар аумақты алып жатқанын көрсетті. Қалашықты зерттеу барысында көтерілген материалдардан бұл қалашықтың ҮІІ-ХІІІ ғасырларда болғанын көреміз. Ерте замандардан бастау алатын Қақпақ топонимикасы да, Қақпақ сөзінің түбірі мен мағынасы да Қақпаға сәйкес келуі – біз іздеген Темір қақпаның осы маңда екенінен хабар береді. Жабғу қалашығының орны да осы жерлерде болуы керек. Біздің ойымызша, келешекте жүргізілетін зерттеулер осы мәселелерді анықтау мүмкіндігін беруі тиіс.» (Д. Талеев, «Железная ворота в Келесской долине»).

Д.Талеевтің бұл ойын жазушы Қ.Тұрсынқұлов та «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» кітабында қайталайды. Ол Батыс Түрік қағанатының негізін салушы Дизабұл (Истеми) қағанға қатысты аталып қалатын «Темір қақпа» дейтін жер атауын Келес өңіріндегі Қақпақ дейтін жер атауымен салыстырады. Алайда, ол кісі «Қақпақ» дейтін жер атауын тапқанымен, оның «Темірі» болмағасын нақты осы жер дей алмаған. Тарихшы Д.Талеев те Келес даласынан іздеп, шамалап қана тұжырымдап отыр.

«Күдіктен шындық туады» ұстанымымен Темір қақпаны Қақпақтан емес, басқа нұсқадан іздеп көрелік. Егер, Қақпақ ортағасырлық Темір қақпа болмаса, онда қайда болуы мүмкін? Қалай дегенде де «Темір қақпа» деп аталатын жер болғаны туралы жазба дерек бар. Ол нақты. Осы Келес өзенінің аңғарына жақын болып тұр.

Тоныкөк ескерткішіндегі деректе «Біз олардың соңынан қуып соғыса жүріп, Йенчу (Сырдария) өзенін кеше, Тинси ұлы жайлаған Мұңлықтың екі тауынан өтіп, Темір қақпаға дейін жеттік, сол жерде жаныштадық» («Biz jeme : süledimiz : anï ertimiz : Jenčü ügüzig : keče : Tinsi oγulï : yataγïma : Biŋlig eki taγïγ : ertü… Temir Qapïγqa : tegi : ertimiz : anta yanturtïmïz) дейді (сілтеме: http://bitig.org/?lang=r&mod=1&tid=1&oid=17&m=1). Мұндағы «Мұңлықтың екі тауы» деген тау екі өркешті Қазығұрт тауы ма, әлде, «Мұңлық-Зарлық» дастанындағы Шөгірлі немесе Дастарбасы шоқылары ма екен? Қайсысы болса да арғы жағынан Сыр жақын тұр. Егер солай болса, бұл дерек Ибн Хаукалдың айтқан дерегіне сәйкес келе ме? Сәйкеседі десек, Қазығұрт тауы, Келес өзені мен Сырдария, Дастарбасы мен Шөгірлі шоқыларын ойша қосқанда пайда болатын осы шеңбер ішінде бірнеше «Дарбаза» деп аталатын жер атауларын кездестіреміз. Дарбаза – қақпа, халықтың ауызекі пайдалануында бір-бірін алмастыратын сөздер. «Темір қақпаның» атауындағы «қақпасына» ұқсас жоғарыда аталған Қақпаққа бәсекелес болатын тағы бірнеше Дарбаза қосылды. Бірақ, оларда да «Темір» дейтін айқындауышы жоқ…

tories/0w.jpg» border=»0″ />

Дербісек. ХIХ ғасырда переселендер салған шіркеу

Дербісек «Дебр есік» пе, әлде, «Дровосек» пе?

Дербісек. Осылай аталатын Сарыағаш ауданында үлкен ауыл бар. Өзі Келес өзені бойында. Осы ауылдың атауы не мағына беретінін сұрайтындар көп. Әркім әрқилы жауап береді. Негізінен, ауыл атауының қалыптасуына қатысты 3 нұсқа аталады. Бірінші нұсқа былай дейді: ХІХ ғасырда осы ауылдың бір шетінде (ол кезде Кауфманское, одан кейін Киров аталған) тұратын орыстар ауылдың екінші шетіндегі (ескі аты Константиновка, одан кейін Тоболино аталған) немістердің ауылын кекесінмен, «Дровосек» («Отыншы») деп атапты. Оның себебі, өзенге жақын орналасқан немістердің ауылы өзен бойындағы тоғайдан ағаш кесіп, үлкен жолдың бойына апарып сатады екен. Содан жергілікті қазақтар бұл ауылды орыстың сөзін өздерінің ыңғайына қарай икемдеп, «Дербісек» деп атап кеткен дейді. Алайда, бұл нұсқа тек аңыз ғана болса керек. Өйткені, қазақтың орыс сөзін бұрып, өз мекенін солай атапты дегенге кім сенеді? Сырдария облысының вице-губернаторы болған тарихшы И.И.Гейердің Тәшкенде облыстық статистикалық комитеттің хатшысы болып тұрған кезінде жазып, 1893 жылы жарық көрген «По русским селениям Сыр-Дарьинской области» (Письма с дороги) дейтін еңбегінде орыс переселендері келгенге дейін де «Дербісек сайы» делінген жер атының дерегі бар. Еңбекте «Қышкөпірден, яғни, Черняев селосы тұрған төңіректен шыққан жол қыратты жерлер мен бірнеше сайды кесіп өтеді. Жолай, біресе мақта мен бидай егілген егістіктерді біресе ағын су жетпеуі салдарына қуарған дала көрінеді. «Дербісек» деп аталатын жолдағы ең соңғы сай Ақжар станциясынан үш-төрт верст қашықта орналасқан. Бұл сай кең ернеумен барып Келес өзеніне ұласады. Дербісек сайына Тәшкен қаласы жағынан шектесетін үлкен биік қатпарлы қыраттан бері қарай пошта жолын бойлай Ханым арық ағып шығады» дейді. Демек, Дербісек деген атау «Дровосектен» де алдын болған. Ауыл атауының қалыптасуына қатысты екінші нұсқада «дервиш», яғни, «дәруіш» деген түбір сөзден пайда болған деседі. Мұндай тұжырымға не себепті тоқталғаны түсініксіз. Мақұл, есте жоқ ескі заманда сопы-дәруіштердің пәлсәпәсі дүрілдеп тұрған дәуір болды, сол дәруіштерден әр рулы ел өздерінің пір-ишандарын сайлады делік. Бірақ дәл осы Дербісектің айналасында сопы-дәруіштердің діни рәсім өткізіп, зікір салған не 40 күн шілханаға қамалып отырыпты дейтін ескілік бір ғимарат немесе қоғамнан оқшауланатын үңгір жоқ. Бұл нұсқа көңілге қонымсыз секілді көрінеді. Үшінші нұсқа – сөз басынан қаузап келе жатқан құпияға толы «Темір қақпа» деген атау. Қазіргі Дербісек ауылына кіре берісте жол бойындағы ауыл аты жазылған тақтайшаны көрген сайын сол «Темір қақпа» дегенің осы Дербісектің айналасында емес пе екен?» деген ой мазалай береді. Оғыздық дыбыс өзгерістеріне ұшыраған «Дебр есік» сөздері қазіргі «Дербісек» атауына келіп те тұр емес пе?.. Ибн Хаукалдың айтатын Келес жағалауы да осында, Тоныкөктің Йенчу дейтін Сырдария өзені (мүмкін өзі саласы саналатын Келесті де Сырдан ажыратпай «Йенчу» деп жазған болса ше?) де алыс емес. Оның үстіне, И.И.Гейер айтатын 3-4 верст қашықтағы Ақжар ауылы мен Дербісек ауылы арасындағы Келес өзені жағалауында ҮІ-ҮІІІ ғасырларда өмір сүрген ерте ортағасырларға жататын қала орны жатыр («Свод памятников истории и культуры Казахстана», І том, 225-бет). Бұл қаланы Келестің сол жағалауында (өзеннің Тәшкен жақ беті) орналасуынан өз заманында шекаралық бекет болғанын аңғарамыз. Ірі сауда жолы мұнда соқпауы мүмкін емес. Қытайдан Иранға керуен тартқан кіреші саудагерлер Келес жағасына аялдап, осы қала маңында егін еккен отырықшы жұрт пен осы маңдағы бір шеті тау, бір шеті шөлге ұласатын алқаптың көшпелілерімен тұрақты сауда жасасу ықтималдығы сенім ұялатады. Расында да, бұл маң Ибн Хаукал суреттеген отырықшылар мен көшпелілердің ұштасатын шекарасына ұқсайды. Мүмкін, сол қаланы ескіде «Темір қақпа» деп атаған шығар? Араға нешеме ғасыр уақыт салып біріккен «Дебресік» сөзі аздап құбылып, ықпалдық дыбыс алмасуға ұшырап, «Дербісек» күйінде бүгінге жетуі де мүмкін. Археологтардың айуынша, бұл қала Түргеш не Қарлық қағанаты дәуірі тұсында өмір сүруін тоқтатқан. Қызығы да осында, Темір қақпа туралы жазба деректер де сол дәуірден кейін кездеспейді. Бір ғана жер-су атауы төркінінде қаншама терең тарих жатуы таңғаларлық нәрсе емес. Мамандар назары түсіп зерттелсе, біршама құпиялар сырын ашып қалар деген үміт қылаулайды.

Айтпақшы, осы Дербісекте ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына жататын тамаша сәулет ескерткіші бар. Жоғарыда аталған переселендер салған шіркеу. Сәулеттік құрылымы ерекше. Бірақ ескерткіштің бүгінгі хәлі өте мүшкіл. Қирап, құлағалы тұр. Егер, қайта қалпына келтіріп, құрылымдаса, жап-жақсы өлкетану музейі етуге таптырмайтын нысан. Тек соны қолға алатын кісі табылса…

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика